Елімізде кең таралған әрі үрдістен түспейтін «қала күнін тойлау» деген мәдени іс-шара бар. 20 өңірдің барлығы да өз қаласының туған күнін атаусыз қалдырмайды.
Мәселен, биыл Талдықорған қаласының қала болғанына 80 жыл толыпты. Қала әкімдігінің сайтында 9 қыркүйекте жарияланған ақпаратқа көз салсақ, Өңірлік коммуникациялар қызметінде қала күнін тойлау мәселесіне арналған брифинг өткен. Онда Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков қала күнін тойлау бір айға жалғасып, қыркүйектің 28-іне дейін атап өтілетінін айтады. «Мен Талдықорғандықпын» ұранымен өткізілетін іс-шара қала тұрғындарының есінде қалатындай өтетініне сенімдіміз. Айта кетейік, «Жастар» саябағының бас сахнасында «Қалаға сыйлық» атты 80 жұптың вальсі, қазақ эстрада жұлдыздары «Kalifarniya», «Say Mo», «Umberto» келіп өнер көрсетіп, соңы мерекелік от шашумен аяқталмақ», деп мәлімдеген шенеунік. Әкімдік қызметкері бұл іс-шараның бюджетін жарияламаса да, жобалап сезіп отырмыз.
Ал енді өзіміз куә болған Ұлыбританияның дәл осы Талдықорған қаласы секілді Ланкастер қаласының туған күні қалай атап өтілгенін айтайық.
1193 жылы 12 маусымда Ланкастер қаласы ірге көтеріп, жарғыға қол қойылған. Осы жылдың 12 маусымында қала орталығында қала күніне орай 1 сағатқа жетер-жетпес уақытқа созылған іс-шара өтті. Қалалық мұражай алдында Жарғы түпнұсқасын және қала тарихын екі кісі оқып берді. Сол заман уақытына сай киінген. Орталықта шаруаларымен жүрген халық жинала қойып, екеуінің сөзін мұқият тыңдап, қол шапалақтады. Сөз соңын біріншісі «Love Lancaster», екіншісі «God Save the King» (Жаратқан басшымызды сақтай гөр) деп аяқтады. Тұрғындар тарихқа, қалаға құрмет танытты. Фотоға түсіп, тарасты. 800 жылдан аса тарихы бар Ланкастер қаласының туған күні осылай өтті. Қала күнін атап өтуге қыруар ақша шашып дүрліккен жоқ. Бірақ Корольға және туған қаласына деген сүйіспеншілік ерекше. Кішкене ғана іс-шарада қандай мәдениет пен құрмет жатыр.
Ағылшындардың неге бай екенін енді түсінгендейміз. Қаланың тарихына, жалпы тарихқа деген құрметі зор. Тарихи ғимараттарды, тау-тасты көздің қарашығындай қорғайды. Құлайын деп тұрған ескі үйді жөндеп әлек. Бір кірпіші құласа, оны қайта қалайды. Бірнеше ғасыр бұрынғы бекіністері сол қалпында тұр. Үкімет тарихқа ақша аямайды. Болмаса, жергілікті халық асарлатып, ақша жинайды. Қайырымдылық іс-шараларын жиі өткізеді. Бәрі өздері үшін. Тарихы терең елге турист те көп келеді. Мәселен, Стоунхендж (Stonehenge) деген тарихи жері бар. Лондоннан 130 шақырымдай жерде орналасқан. Турист көп барады. Тарихын тартымды етіп жазған. Барғың кеп тұрады. Бірақ тастан басқа ештеңе жоқ. Барғандар «Осы ма Стоунхенджі» деп жатады. Қысқасы, жарнамасы керемет, сервисі сапалы. Туризм енді бұл – басқа мәселе.
Нағыз мәдениеттің үлгісін көрсететін, қалыптастыратын бұқаралық іс-шара «Қала күні» бізде той тойлап, думандатқан форматта өтеді. Әншілерді шақыру, от шашу, «Қаланың құрметті азаматын» таңдап, марапаттау. Отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізіп, думандатып жүргеніміз. Оның бізге берері аз, әрине. Би билеп, ән шырқап жүргенімізде сол қаланың тарихынан хабардар болып, құндылығын сақтауға да құлықты емеспіз. Өйткені ойын-сауық құрудан қол босамай, миымыз да ақпарат қабылдағысы келмей тұрады.
Сауық-сайранмен думандатып өткен іс-шаралар мәдениет қалыптастырудың ортасы емес екені белгілі. Бұқаралық іс-шаралар мәдени сипатта өткізілуі керек. Халық тойды онсыз да өздері өткізеді. Қала күнін бір ай тойлаудың маңызы қандай екенін әкімдік саралап, дамыған елдерден үлгі алса, қаржы халықтың өзге мұқтажына жұмсалар еді.