• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Оқиға 08 Қараша, 2024

Ақжан Әл-Машаниге арналған халықаралық конференция өтті

146 рет
көрсетілді

Бүгін Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен Әдістемелік орталық пен Ақжан Әл-Машани атындағы 92 мектеп-лицейі, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының бірлесіп ұйымдастыруымен ғалым Ақжан Әл-Машаниге арналған «Рухани мұра және қазіргі ғылым» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ғылыми шарада Қазақстандағы тұңғыш фарабитанушы Ақжан Әл-Машаниге арналған мұражай салтанатты түрде ашылды.

Оған ҚР Парламенті Сенаты мен Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Омарұлы Сүлейменов, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров, Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени істері жөніндегі кеңесшісі Әли Акбар Талеби Матин арнайы шақырылып, ғұлама ғалымның өмір арнасынан сыр шертетін тағылымға толы ғұмырын насихаттап, құнды естеліктермен бөлісті.

«Ақжан Әл-Машанидің еңбектерін әлі де насихаттауымыз қажет. Алдағы жылы ғалымның 120 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Оны кең ауқымда ұйымдастырып, жас ғалымдарды тәрбиелеуге ықпал етуіміз қажет», деді қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Бекділдаұлы.

Іс-шараға Ақжан Жақсыбекұлының ұрпақтары қатысып, құнды ақпараттармен бөлісті. Екі бөлімнен тұратын жиында «Машанитану» оқуларын жыл сайын өткізуді рәсімге айналдыру, Ақжан Әл-Машанидың қаламынан туындаған 23 қолжазбаны жаңа теориялық-методологиялық тұрғыда зерттеп, ғылыми еңбектер дайындау, Ақжан Әл-Машани атындағы  №92 мектеп-лицейінің үздік оқушыларына «Тұңғыш фарабитанушы-ғалым Ақжан әл-Машани» атындағы шәкіртақыны тағайындау, мектеп бағдарламасына 5 – 11 сыныптарға арналған «Машанитану» таңдау пәнін енгізу сияқты ұсыныстар айтылды.

Айта кетейік, алғаш рет ғалымның аты берілген №92 мектеп-лицейінде жас ғалымдар көбейіп келе жатқаны көпшілікті тәнті етті.