• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 09 Қараша, 2024

Әуежай реформасы Алматыдан басталады

151 рет
көрсетілді

2028 жылдан бастап елімізден Еуропаға қатынайтын әуе компанияларына экологиялық таза әуе отынын пайдалану міндеттелді. Алматыда өткен «Green Airports» аймақтық семинарына қатысқан Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, 2028 жылдан бастап Еуропалық Одақ осы экологиялық таза әуе отынын пайдаланатын әуе компанияларын ғана қабылдайды. Мамандардың айтуынша, Еуроодақ елдерімен арадағы әуежолы интеграциясын дамыту үшін ұшақтарымызға экологиялық таза отын құймасқа амалымыз қалмайды.

Таза отын өндірісіне ҚМГ жауапты

Талғат Ластаевтың айтуынша, «ҚазМұнайГаз» Jet A-1 халықаралық санатын­дағы SAF экологиялық таза авиациялық отынын өндіруді бастады. Ком­­пания халықаралық банктермен бірі­гіп осы бағытта жұмыстарды қолға алған. Демек дайындық жұмыстары біздің елде де басталып кетті. Қазір әлемде SAF отынына сұраныстың өсуі байқалып отыр.

«Біздің әуе кеңістігі транзиттік ұшулар үшін, оның ішінде картадағы алаңсыз жерлерді айналып өтуге тырысатын әуе компаниялары үшін тартымды. 2021 жылдан бастап транзиттік ұшу саны екі еседен астам өсті. Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзиттік жолдар да біздің әуе кеңістігі арқылы өтеді. Еуропалық одақ бірнеше жыл бойы тасымалдау үшін міндетті шарт ретінде экол­о­гиялық таза авиациялық отынды қолдану қажет деп мәлімдеді. 2028 жылдан бастап жолаушыларды тасымалдау кезінде біздің лайнерлерге құйылуға тиіс экологиялық таза авиациялық отынның (SAF) белгілі бір үлесін ұстану қажет. Оның өндірісін дайындаумен қазір «ҚазМұнайГаз-Аэро» айналысады. Біз A1JR1 стандартына көшеміз», дейді Т.Ластаев.

Т.Ластаев тамыз айының соңында Астанадағы брифингте «Самұрық-Қазына» мен «Sovico Group» өкілдері арасындағы келіссөз үдерісі кесте бойынша жүріп жатқанын, оған сәйкес мәмі­лені қыркүйекте жабу жос­пар­ланғанын мәлімдеген бола­­тын. Ал бұл жолы аталған мәмі­ленің жыл аяғына қалды­рылғаны белгілі болды.

Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) қоршаған орта жөніндегі өңірлік маманы Бландин Фериердің айтуын­ша, бүкіл әлемдегі компания­лардың экологиялық таза авиао­тынды пайдалану үлесін 55%-ға жеткізу үшін шамамен 3,2 млрд доллар керек. Сонымен қатар экологиялық таза авиаотын өндірісін қолдау және персоналды оқыту үшін түрлі тетік пен құралдарды зерделеу де маңызды. Бұдан басқа, ұйым осы салада серіктестер іздеу үшін арнайы онлайн-платформа әзірлеп жатыр. Оны 2025 жылы іске қосу жоспарланып отыр.

 

Әуежайды жаңарту жұмысына 100 млн доллар бөледі

Семинар жұмысына қатысқан Алматы әуежайының президенті Гокер Косе әуе гаванының ішкі құрылысы, терминалдардың жұмысы туралы айтып берді. Оның сөзінше, күні бүгінге дейінгі айтылған сын өткен күндердің еншісінде қалмақ. Себебі жаңа терминал кесімді мерзімнен 22 ай бұрын пайдалануға берілді. Пандемияға дейін Алматы әуежайында жолаушылар ағыны жылына 6 млн-ды құраған.

«Қазір біз 11,5 млн дең­гейін­деміз. Жаңа терминал ашылғанға дейін өткізу қабілеті небәрі 3 млн болатын. Әуежайдың инфра­құрылымы өте ескі. Жақын арада терминалдардың да, әуежайдың да барлық аспектісін жақсартуға мүмкіндік беретін үлкен инвестициялар құйылады. 2025 жылдың соңына қарай ішкі рейстерге арналған ескі терминал толық жөнделеді. Инвестициялар сол жақ ұшу жолағын қайта жөндеуге бағытталады, біз дренаж жүйесін өзгертеміз, қолданыстағы перронды қайта жөндейміз. Ұшу-көтерілу жолағының барлығы қайта жөндеуден өтеді», деп атап өтті Косе.

Гокер Косе айтқандай, ал­дағы 4 жылда Алматы әуежайы ауқым­ды жаңғыртудан өтеді. Жаңартуға шамамен 100 млн доллар салу жоспарланып отыр. Бірақ инвес­тиция мұны­мен бітпейді. Себебі заманауи әуежайға инвестиция тұрақты түрде қажет.

«10 жыл бұрын «жасыл әуежайлар» туралы ешкім естімеген еді. Ал қазір біз бұл тақырыпты Алматыда талқылап жатырмыз. Ертең қауіпсіздіктің жаңа стандарттары пайда болуы мүмкін. Сондықтан кез келген өзгеріске дайын болу керек», деді Гокер Косе.

Әуежай директорының айтуынша, терминалдардан тыс кеңістіктерге, тұрақ, қоғамдық тамақтану, ангарларға назар аударылып жатыр. Бірақ Алматыға келіп-кететін жолаушылардың да, ұшақтардың да саны өскен сайын жаңа терминалдарды салу қажеттігі туындайды.

Айтпақшы, инвестор Алматы әуежайында бомбадан қорғанатын пана салу мәселесіне де қатысты пікір білдірді.

«Алматы әуежайындағы аумағы 1 000 шаршы метр болатын бомбадан қорғанатын пана ескі терминалда қалды. Соңғы 30-40 жылда бір тиын да қаржы салынбағандықтан әбден тозған. Оны жаңғырту, қажет болса жаңа терминалда да жаңасын салу жос­парда бар. Ішкі рейстер үшін ғана пайдаланылатын ескі терминалда багажды өңдеу жүйесі, телескопиялық траптар, желдету, өрт сөндіру жүйесі, ақыл­ды инфрақұрылым да жаңар­тылатыды. Сәулет тұрғы­сынан эстетиканы қосқымыз келеді. Бұл жұмыс бірнеше айға созылуы мүмкін, бірақ келесі жылдың қыркүйегі мен қазанына қарай тәмамдалады», дейді Гокер Косе.

Косе 2025 жылдың басында Алматы әуежайының шеберлік жоспары дайын болып, алдағы 30 жылға арналған даму стратегиясы анықталатынын айтты.

Семинар барысында әуежай иесі әлем елдері мен Қазақ­стан­ның өңірлеріндегі басқа әуежай­ларды сатып алу мәселесіне де тоқталды.

«Әрине, жаңа әуежайлар сатып алуға мүдделіміз. Бірақ бұл мәселені шешу біздің құзіретімізбен шектелмейді. Мәселе әуежай орналасқан елдердің саясатына байланысты. Мысалы, кей елдерде әуежай­лар жекешелендірілмейді. Ал әуежайға қосымша инвестиция тұрақты түрде қажет. Осы мәселеге байланысты келі­сім­шарттар жүргізіп жатқан жоқпыз. Дегенмен мүмкіндік туып жатса, мұндай келіссөз­ден қаш­паймыз. Қазақстанның кейбір әуежайлары бойынша алдын ала келісімдер бар. Бірақ оның қандай облыста екені ком­мерциялық құпия», деді.

Айта кетейік, порфолиосында Үндістандағы Гоа әуежайы, Грузиядағы Тбилиси мен Батуми әуежайы бар «TAV Airports Holdings» 2020 жылдан бастап Алматы әуе айлағын өз еншісіне алған болатын.

 

Алым артады

Жыл басынан бері Еуропа әуежайларының халықаралық кеңесі («Aci Europe») елімізде әуе жолдары үшін әуежай алымдарын арттыру идеясын айтып жүр.

«Еуропа әуежайларының халықаралық кеңесі Қазақстан үкіметімен авиаиндустрияны реттеу бойынша жұмыс істеуге басымдық береді. Қолданыстағы реттеу шеңбері әуежайларға өз жаңғыртуын қаржыландыруға мүмкіндік бермейді. Қазақстан­дағы әуежай төлемдері Орталық Азия республикаларымен, ЕО елдерімен салыстырғанда төмен. Әуежайлардың төмен алымы – қазақстандық авиацияның негізгі проблемаларының бірі. Осыған байланысты әуежайларды жаңғырту, сондай-ақ олардың қаржылық жағдайын жақсарту қиын.«Әуежайды пайдалану құ­қығы үшін әуе желілері төлей­тін алымның төмендігі шы­ғын­ды жаппайды. Әуежайлар қар­жылық тұрғыдан тұрақты болуы үшін алымдарды арттыру маңызды. Бұдан басқа, жоғары алымдар әуежайларға анағұр­­лым егжей-тегжейлі ұзақмерзім­ді жос­парлаумен айналысуға жол ашады. Әуежайлар цифрлан­дыру бойынша қосымша жобаларды жүзеге асырып, тұрақты дамуға назар аударуға тиіс», дейді «Aci Europe» бас директоры Оливье Янковец.

Сондай-ақ Янковец әр әуе­жай өз қажеттілігіне сәйкес алым мөлшерін қарастыруға тиіс екеніне де назар аударды. Мыса­лы, цифрландыруға инвес­ти­ция, көміртегі ізінің төмендеуі және өткізу қабілетінің ұлғаюы тарифтердің ұлғаюына себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар ол әуе билетінің бағасы қысқа мерзімде өсуі мүмкін екенін де қаперге салды.

 

АЛМАТЫ