«Жайлы мектептің» сапасы салынбай жатып сыр берді. Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Кеңқияқ ауылында құрылысы жүріп жатқан 600 орындық білім ұясының қабырғасында жарықтар пайда болған. Бұл жағдайды жергілікті тұрғындар видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап, шағымдарын жеткізген. Осыған қатысты «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов болған істің мән-жайын баяндап, тиісті шаралардың қолға алынғанын мәлімдеді.
Қазіргі кезде Кеңқияқ елді мекеніндегі құрылыс жұмыстары «Samruk-Kazyna Construction» жұмыс комиссиясы жүргізген тексерістен кейін уақытша тоқтатылған. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша мектептің іргетас конструкцияларында жарықтар пайда болған, тірек қабырғалар мен арақабырғаларда сызаттар байқалған. Сонымен қатар бетон монолитті белбеулер мен тірек табандарында құрылыс стандарттарына сәйкес келмейтін кемшіліктер анықталған.
Мәулен Айманбетовтің айтуынша, мердігер компания бетон беріктігін қамтамасыз етуге қажетті шараларды қабылдамаған, ал техникалық қадағалау, қызметкерлері олқылықтарды уақтылы хабарламаған. Бұған қоса, мәселенің туындауына еліміздің батыс өңірлерінде құрылыс компаниялары мен білікті мамандар тапшылығы да әсер еткен көрінеді. Кеңқияқтағы мектептің техникалық қадағалауын жүзеге асыру үшін ұйымдастырылған конкурстарға ешбір компания қатыспағандықтан, бұл міндет «Самұрық-Қазына Девелопмент» ЖШС-ға жүктелген.
«Қазақстанның батыс өңірлерінде құрылыс компаниялары мен білікті мамандардың тапшылығы бар екенін атап өткім келеді. Кеңқияқ ауылындағы мектептің техникалық қадағалауын жүргізу үшін конкурстық процедуралар 2023 жылдың 3 қыркүйегінде және 17 қазанында ұйымдастырылды. Алайда өтініш білдіріп, қатысқан компаниялар болмады. Сондықтан биылғы 15 сәуірде техникалық қадағалаушы ретінде ерекше тәртіппен «Самұрық-Қазына Девелопмент» ЖШС бекітілді», дейді М.Айманбетов.
Техникалық қадағалаудың алдын ала қорытындысына сәйкес, олқылықтар ыстық ауа райында құйылған бетонға жүрдім-бардым қарағандықтан туындаған. Өндірістік жұмыс журналындағы жазбаларға сәйкес, бетон конструкциясын құю барысында ауа температурасы +33°С құраған. Сондай-ақ бетон қоспасы құрылыс алаңындағы кармикс қондырғыларында дайындалған, ал бұл әдіс қоспаның беріктігіне кері әсер еткен.
Жоғарыда аталған фактілерді ескере отырып, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының тапсырмасына сәйкес анықталған ақаулар бойынша егжей-тегжей тексеріс жұмыстарын жүргізетін арнайы тәуелсіз сарапшылар комиссиясы құрылды. Комиссия нысанның техникалық жағдайын анықтап, келесі қадамдар бойынша өз ұсыныстарын беруге тиіс. Әзірге комиссия бас мердігерге бетонның монолитті белбеуінің беріктігін анықтау мақсатында қосымша зертханалық сынақтарды ұйымдастырып, аккредиттелген тәуелсіз зертхананың құрылыс нысанының техникалық зерттеуі бойынша қорытындысын ұсынуды жүктеген. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда зертханалық сынақтар жүргізіліп жатыр. Тексеріс қорытындысы бойынша тірек элементтерін күшейтіп, ақауларды біржақты ету бойынша шаралар кешені әзірленеді. Шаруаны атқаруға астаналық тәжірибелі компания таңдалып алынған. Мамандар тексеріс аяқталысымен іске кіріседі.
Мәулен Айманбетов бұл комиссияның негізгі міндеті тек Кеңқияқтағы мектепті ғана емес, жалпы ұлттық жоба аясында салынып жатқан барлық нысанның сапасын бақылау екенін ерекше атап өтті.
«Мен арнайы тәуелсіз сарапшылар комиссиясын құруды тапсырдым. Олар анықталған ақаулар бойынша мұқият зерттеулер жүргізеді. «Самұрық-Қазына Девелопмент» компаниясының көшпелі комиссиясы жұмысын бастады. Олар ғимараттың қазіргі техникалық жағдайын анықтап, әрі қарайғы әрекеттер туралы ұсыныстар береді. Сонымен қатар бұл іске қосымша тағы 2 тәуелсіз зертхананы, соның ішінде Қазақ көпсалалы қайта құру және даму институтын тартуды тапсырдым. Олардың қорытындысы ақауларды жою бойынша нақты шешім қабылдауға негіз болады», дейді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы.
Жоғарыда атап өткеніміздей Кеңқияқ ауылындағы құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылды. Құрылыс нысанының инженерлік-техникалық құрамы толығымен ауыстырылып, жоба жетекшілері қызметінен шеттетілді. Бұған қоса, мердігер компанияға ақауларды жою міндеті жүктеліп, құрылысқа жауапты тараптар әрекеттерінің заңдылығына тексеріс жүргізіліп жатыр. Мәулен Айманбетовтің айтуынша, жұмыс актілеріне қол қойылмағандықтан және төлем жүргізілмегендіктен, қаражатты жымқыру фактілері тіркелмеген.
Айта кетейік, ЕРС-шартына сәйкес бас мердігер нысанның құрылыс конструкцияларына 5 жыл, ал техникалық жабдықталуына 3 жыл кепілдік береді. Мұндай жағдай қайталанбауы мақсатында консорциум құрамындағы мердігер ұйым «Antarium Group» ЖШС салып жатқан басқа да нысандар қосымша тексерістен өтетін болды. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, «Antarium Group» ЖШС дирекцияның конкурс құжаттамасына қойылатын қатаң талаптарға сай келіп, байқаудан өткен. Компанияның қажетті лицензиялары, құрылыс саласындағы тәжірибесі бар, білікті мамандары, арнайы техникалары, бәрі бар әрі жауапкершілікке де тартылмаған, салықты да уақтылы төлейді. Бірақ «Жайлы мектеп» жобасын жөнді тапсыра алмай отыр.
Кеңқияқтағы мектеп құрылысының сапасы бойынша туындаған мәселе жалпы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы құрылыс сапасын бақылаудың әлсіздігін көрсетіп отыр. Мәулен Айманбетовтің айтуынша, «Samruk-Kazyna Construction» барлық құрылыс қатысушысының жауапкершілігін күшейтуге дайын. Компания ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында анықталған кез келген кемшіліктерді жедел жоюға уәде берді.