2024 жылдың 7 қарашасында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облыстық прокуратурасының үйлестіруімен, сондай-ақ полиция органдарының қатысуымен Алматыда, Алматы және Ұлытау облыстарында діни-экстремистік әрекеттерді ұйымдастырды деген күдікпен 5 азаматты ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұдан бөлек, тыйым салынған ұйымның әрекетіне қатысу бойынша 17 адамға «шығуға болмайтындығы туралы қол қою» түрінде бұлтартпау шарасы қолданылған.
«Фигуранттардың тұрғылықты жерлерін тінту барысында діни әдебиеттер мен басқа да заттай дәлелдемелер алынды. Аталған адамдардың төртеуі бұрын экстремистік қылмыстар жасағаны үшін істі болған, ал тоғызына тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысуға жол берілмейтіні туралы ресми ескертулер берілген», деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Қылмыстық кодекстің 405-бабы 1 және 2-бөліктері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.