Атырау облысында спорт саласында 900 миллион теңгеден астам қаржы бұзушылықтары анықталған. Сондай-ақ 30 жаттықтырушы жалған дипломмен жұмыс істеген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиевтің айтуынша, дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілген.
«Сараптама қорытындысы бойынша 900 миллион теңгеден астам қаржы бұзушылықтары анықталып, бір қылмыстық іс қозғалды. 4 миллион теңге бюджетке қайтарылды. Жалған дипломмен жұмысқа орналасқан 30 жаттықтырушы қызметінен босатылды. Жеке тұлғаға негізсіз берілген Мұз сарайының ғимараты коммуналдық меншікке қайтарылды. Сондай-ақ сенімгерлік басқару шарттарына сәйкес міндеттемелері орындалмаған басқа спорт нысандарын коммуналдық меншікке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді Ерұлан Серікқалиев.
Сонымен қатар медициналық мекеме басшылары мен бас есепшілер жалақыларын жасанды түрде көтерген.
«Денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау барысында медициналық мекеме басшыларының еңбекақы төлеу қаражатын оқу ақысын төлеуге пайдалану жағдайлары анықталды. Мысалы,№5 емхана директоры «Есіл» университетінде оқуға 2,1 миллион теңге, Геолог ауылындағы емхана директоры 2,6 миллион теңге, Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры 3,2 миллион теңге, Мақат аудандық ауруханасының директоры – 2,6 млн теңге, №3 емхана директоры – 2 млн теңге. Бұл қаражаттың барлығы бюджетке қайтарылды», деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.