Астанада «Менің Қазақстаным» атты Шәмші Қалдаяқов әндерінің халықаралық фестивалі өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Фестивальдің мақсаты – мәдениетаралық және конфессияаралық ынтымақтастықты нығайту, түрлі елдерден келген қатысушылар арасында тәжірибе алмасу мен ынтымақтастық үшін қолайлы орта қалыптастыру. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы ұйымдастырады.
Фестиваль қатысушыларының қатарында Әзербайжан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ильхам Назаров, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Айзирек Момунова, Алишер Навои атындағы мемлекеттік академиялық Үлкен опера және балет театрының солисі Носир Юсупов, Әзербайжан мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Аташ Гараев, сондай-ақ Т. Шевченко атындағы Украина ұлттық опера және балет театрының солисі Ксения Бахритдинова-Кравчук және Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрының жетекші солисі Тайыр Тәжі бар. Көрермен тек жеке орындаулар ғана емес, Қазақконцерттің «Astana Musical» мемлекеттік театры, «G-band», «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі және Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрімен бірге ұтымды коллаборацияларды тамашалай алады.
Концертте Мәдениет саласының үздігі, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының дирижері Мұхтар Қалдаяқов дирижерлік етеді.
Ән кеші 15 қараша, сағат 19:00-де Роза Бағланова атындағы «Қазақконцертте» өтеді.