• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 12 Қараша, 2024

Олжас Бектенов: Ауылды дамыту - Үкіметтің басым міндеттерінің бірі

51 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде ауыл тұрғындарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын жақсарту, АӨК дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру, сондай-ақ тұрғындарға сапалы білім беру қызметтерін ұсыну үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сырдария ауданы Бесарық ауылында Премьер-министр «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асырудың және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің табысты мысалдарымен танысты. «Абай Дәулет» ЖШС құрған өндірістік алаңда 318,2 млн теңгеге ауыл тұрғындарының 13 бизнес-бастамасы іске асырылуда. Жартылай фабрикаттар, пластикалық ыдыстар, ағаштан жасалған бұйымдар, тоқыма, кондитерлік өнімдер, сабын және басқа да өнімдер өндіретін цехтар ашылды. Олжас Бектенов ауыл тұрғындары шығаратын өнімдер желісімен танысты.

Оң тәжірибені кеңінен тарату үшін облыстың әр ауданында кемінде 3-4 ауылда осындай бизнес-инкубаторлар ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл өңдеу өнеркәсібін, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және басқа да келешегі бар салаларда 610 жұмыс орнын ашқан 575 жоба іске асырылды. 

«Kaz Fries» зауытында Премьер-министрге АӨК өнімдерін терең өңдеу саласындағы әлеуетті ашу шаралары таныстырылды. Кәсіпорынның қуаты сағатына 150 килоға дейін қуырылған картоп таяқшаларын өндіруге жетеді, дайын өнім мұздатылып, ішкі нарықта сатылады. «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев өсімдік, құс, мал шаруашылықтарымен және құрылыс өнімдерін шығарумен айналысатын көпсалалы компанияның өндірістік қуатын одан әрі кеңейту жоспарлары туралы хабардар етті.

Серіктестік ауылдың дамуына үлкен үлес қосып келе жатқанын атап өткен жөн. 2018 жылдан бері компания бұл мақсаттарға 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Қаражат 360 орындық мектеп, 120 орындық балабақша және дәрігерлік амбулатория сияқты әлеуметтік нысандарды абаттандыруға, көгалдандыруға, жөндеуге бағытталған. Демеушілік қолдау есебінен осы жылы 150 адамға арналған Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Мұнда Президенттің бастамасымен жастарды отаншылдық, адамгершілік рухында тәрбиелеуге бағытталған «Адал адам» тұжырымдамасы іске асырылуда. Балалар үйірмелері ашылып, музыкалық шығармашылық ұжым құрылды. Сонымен қатар «Адал адам» мәдени орталығында подкаст-студия орнатылған, онда тікелей эфирде ауыл бизнесін дамытудың өзекті мәселелері талқыланады, көрермендерге жергілікті цехтарда өндірілген өнімдер таныстырылады.

Премьер-министр бизнестің ауылдық жерлердегі тұрмыс сапасын жақсартуға қосқан үлесі маңызды екенін атап өтті.

«Ауылды дамыту, нәтижелі жұмыспен қамтуды ынталандыру, сапалы әлеуметтік инфрақұрылым құру – Үкіметтің басым міндеттерінің бірі. Осы бағытта біз кәсіпкерлердің барлық бастамасын қолдаймыз. Егер Қазақстандағы әрбір ауылда осы жерде бизнес ашатындар тарапынан жауапты қолдауға ие болса, халықтың тұрмыс сапасы да анағұрлым серпінді түрде жақсарады», деп атап өткен Олжас Бектенов Бесарық ауылын дамыту тәжірибесін одан әрі кеңейту қажеттігіне тоқталды.

Қызылордада Премьер-министр бүгінде 200 жұмыс орны ашылған «Жан Арай» ЖШС агроөнеркәсіп кешенінің өндірістік орындарын аралады. Кәсіпорын күріш, құрама жем өндірумен, жемістер мен көкөністерді өңдеу және сақтаумен айналысады. Мұнда қуаты тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіруге жететін және тәулігіне 150 тонна күріш өңдей алатын екі зауыт жұмыс істейді. Сонымен қатар сыйымдылығы 4 мың тонна болатын көкөніс қоймасы бар, бұл маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кешен өнімдері Қазақстанда сатылады және Түркия, Ирак, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Беларусь және басқа да алыс-жақын шетелдерге экспортталады.

Олжас Бектенов облыс орталығында балаларды қосымша біліммен қамтуды арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралармен танысты. Жеке инвестиция есебінен салынған жаңа Оқушылар сарайы биыл қазан айында пайдалануға берілді. Жобаның құны – 2,4 млрд теңгені құрайды. 350 адамға дейін сыятын әлеуметтік нысан әртүрлі жастағы оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал ететін, гидропоника, робототехника, өнеркәсіптік дизайн, телестудия сынды басқа да жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Мұнда Премьер-министрге Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде Қызылорда облысында кәсіптік-техникалық білім беру және кадрлар даярлау жүйесін трансформациялау бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы ақпарат берілді. Өңірде 28 колледж жұмыс істейді, онда бүгінде 20 мыңнан астам студент білім алып жатыр, оның 5 мыңға жуығы жұмысшы мамандықтары бойынша оқиды.

 2024-2025 оқу жылында облыстың барлық аудандарында 7 оқу-өндірістік комбинаты ашылды. Қысқамерзімді кәсіптік оқыту курстары 300-ге жуық адамды қамтыды. Алғашқы комбинат 2022 жылы қалалық мектеп-лицей базасында ашылған. Аспаз, тігінші, графикалық дизайнер және басқа да сұранысқа ие мамандықтар бойынша 164 маман бітірді. Алдағы уақытта тәжірибені кеңейту жоспарланып отыр.