Еуразия аумағында ғұн дәуіріне тиесілі 14 кешен бар. Осылардың 10-ы Моңғолия жерінде. Атап айтар болсақ, «Ноин Ула», «Гол мод», «Гол мод – 2», «Дуурлиг нарс», «Бор бұлақ», «Бэлх сайы», «Тақылтты шұңқыры», «Оба қара», «Қиялғынты», «Ямаан уса» деп аталады.
Жоғарыдағы оншақты кешен аумағынан 15 мыңға жуық әртүрлі (қоныс, қорған, оба, қорым, көмбе, қабір, т.б.) ескерткіштер анықталса, осылардың 2000-ы ақсүйектер немесе көсем-бекзадалар қорымы есебінде екен. Ақ сүйектер қорымының ерекшелігі – басқаларына қарағанда шағын һәм көлемі шаршы пішіндес, кіреберісінде қақпашасы бар. Сыртынан қарағанда сопақ ромбик пошымды төбешік сияқты көрінеді. Қорымның көлденең радиусы 10 метрден 60 метрге дейінгі аумақты қамтиды.
Бұндай кешендер ішіндегі ең атақтысы – Ноин Ула. Мұнда 100-ден астам қорған-оба бар. Алғаш рет аталған кешенді осыдан жүз жыл бұрын (1924) орыс оқымыстысы П.К.Козлов қазған болатын. Міне, бір ғасыр болды, әлі зерттеліп біткен жоқ. Ескертетін дүние, әлемдегі ғұн қорғандарының барлығы дерлік тоналған. Алғашқы тонау тіпті өте ерте сянбилер заманында басталған дейді археолог мамандар.
Осындағы кешендерге жүргізілген қазба жұмыстары барысында бұл жерден ғұн мұрасынан басқа, Ром, Мысыр, Персия, Хан империясына тиесілі жәдігерлер де қоса табылуда. Соның бірі – 2010 жылы моңғол даласындағы «Гол мод – 2» ғұн қорғанының 30-қорымынан б.з. І ғасырында Рим империясының ақсүйектері қолданған әйнек ыдыс табылды.
Қазіргі таңда дәл осы жәдігер (Римнің әйнек кесесі) әлем музейлерінде, атап айтсақ: Эрмитажда, Германияның Бонн музейінде, АҚШ-тағы Нью-Йорк музейінде, Италияның Ром музейінде, т.б. жерлерде барлығы отыз шақтысы ғана сақталған екен. Демек, бұл жәдігер – осыдан екі мың жыл бұрын Орталық Азияда билік құрған ғұндар Еуропадағы римдіктермен қарым-қатынаста болғанына дәлел. Бұл нені білдіреді. Ғұндар өз заманында күллі еуразиялық кеңістікке сауда-саттық, тауар алмасу, сондай-ақ, дипломатиялық қатынас орнатты деген сөз. Тіпті қолөнері дамыған шет мемлекеттер ғұндардың тапсырысымен әртүрлі бұйымдар жасап беретін болған.