Жуырда Шымкентке Тәжікстан Республикасының денсаулық сақтау саласының өкілдері арнайы іссапармен келіп кетті. Шетелдік қонақтар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерімен бірге қаладағы медицина мекемелері мен мектептердегі егу қабинеттерінің жұмыстарымен танысып, адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакциналау бойынша тәжірибе алмасты.
«Бірінші кезекте қазақ елінің қонақжай, дарқан мінезіне, екіншіден бүгінгі алған білім мен тәжірибе үшін алғыс айтамын. Иммундау күнтізбесіндегі жаңа вакциналарды қолдану халық арасында көптеген сұрақ туғызатыны рас. Осы орайда біз Қазақстанға әріптестерімізден тәжірибе үйренуге, сөйтіп, аталған вакциналауды өз елімізде қолдану үшін келдік. Қазақстан ТМД мемлекеттері ішінде медицина саласы ең дамыған ел болып саналады. Көптеген күрделі ауруды емдеу үшін бұрын шетелге шықсақ, қазір кейбір дерт түрлерін Қазақстанда да емдеуге болатынына көзіміз жетіп жүр. Соның ішінде қатерлі ісікпен күресуде Қазақстаннан үйренер нәрсе көп. Әсіресе Шымкент қаласы соңғы жылдары медицинада алға қарай қарышты қадам жасады. Үлкен мегаполистің бұл саладағы табыстары бізді де қуантып отыр. Тәжікстан Республикасы 2025 жылдан бастап адам папиллома вирусына қарсы вакцина салуды бастайды. Осыған байланысты қазірден бастап дайындық жасап жатырмыз», деді Тәжікстандағы иммунопрофилактика орталығының бас директоры Файзали Барот.
Шымкент қаласында адам папиллома вирусына қарсы екпе егу жұмыстары әлі тоқтаған жоқ. Жоспар бойынша екпе алуға тиіс жасөспірім қыздардың 50 пайыздан астамына вакцина салынды. Бұл көрсеткішпен Шымкент республикада алдыңғы қатарда келеді. Бүгінге дейін вакцина алғандар қатарында жанама әсерге тап болғандар кездеспеді.
Айта кету керек, тәжікстандық медицина мамандарының қатысуымен өткен тәжірибе алмасу іс-шарасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі, сондай-ақ қалалық Денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған. Халықаралық деңгейдегі бұл кездесу мегаполистен бөлек, Түркістан облысында да жалғасын тапты.
Қазан айынан бері елімізде жатыр мойны обырының негізгі себебі болып саналатын адам папиллома вирусына қарсы қыздарды жаппай вакциналау жұмысы жүріп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір республика көлемінде 57 мыңнан аса қыз бала АПВ-ға қарсы вакцина алған. Соның ішінде Шымкентте 5,3 мың қыз бала екпе қабылдаған. Министрлік бір айлық бұл статистиканы жоғары көрсеткіш ретінде бағалап отыр. Дегенмен мамандардың айтуынша, елімізде жатыр мойны обырынан болатын қайғылы оқиғаларды азайту үшін әлі де ауыл-аймақтарда насихат жұмыстарын жалғастыра түсу керек. Осы ретте, министрлік өкілдері мектептер мен денсаулық сақтау мекемелерінде түсіндірме жұмысын тұрақты жүргізуге кеңес беріп отыр. Соның аясында шаһардағы №52 мектеп-лицейінде жоғарыда аталған тәжікстандық мамандардың қатысуымен арнайы жиын өтті.
Жалпы, АПВ шырышты қабықтар мен теріні зақымдайтын вирустардың ең көп тараған топтарының біріне жатады. Бұл вирус шынында да адам үшін өте қауіпті, өйткені ол ағзаға тез таралып, жасушалардың қатерлі ісігінің қоздырғышына айналады және қатерлі ісіктің пайда болуы бастапқы кезде білінбейді. Соның салдарынан ағзадағы ауру тудырған өзгерістер көп жағдайда симптомсыз жүреді. Өз кезегінде жатыр мойны обыры онкологиялық ауру болып саналады. Статистика көрсеткендей жыл сайын әйелдердің 7,5 пайызы осы адам папиллома вирусынан қатерлі ісікке шалдығып, көз жұмады. Айта кететін жайт, адам папиллома вирусына қарсы вакцина алу үшін ең әуелі ата-ананың келісімі қажет. Сондықтан білім беру ұйымдарында өтетін осы тақырыптағы жиындардың басым көпшілігіне ата-аналар арнайы шақырылады. Бұдан бөлек, АПВ-ға қарсы екпені ата-аналардың қалауымен қыз балалар өздері тіркелген емханалар арқылы да ала алады.