• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Қараша, 2024

Ислам даму банкі Қазақстанның су саласына инвестиция салады

81 рет
көрсетілді

Тараптар Бакуде өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында (COP29) тиісті келісімге қол қойды. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бұл Ислам даму банкінің тарихындағы қаржыландырған ең көлемді жобасы екенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Одан бөлек Ислам даму банкі (ИДБ) Қазақстанның су саласын дамытуға $3,5 млн көлемінде өтеусіз грант бөлді.

Сондай-ақ ИДБ Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген «Климат өзгерісіне төзімді су ресурстарын дамыту» жобасын іске асыруға қатысады. Бұған дейін тараптар Жобаның бірінші кезеңі бойынша келіссөздер хаттамасына қол қойған еді.

Қаржыландырылатын жобаның бірінші кезеңі Астана су қоймасын толықтыру жөніндегі жобаны қоса алғанда, 4 жаңа су қоймасын салуды және жұмыс істеп тұрған 4 су қоймасын реконструкциялауды, 115 каналды реконструкциялауды және күрделі жөндеуді қарастырады. Құрылыс жұмыстары Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында және Астана қаласында жүргізіледі.

Бұдан басқа, жоба ИДБ мен Министрлік арасындағы Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Су және өзен бассейндерінің мәселелерін зерделеудегі техникалық ынтымақтастықты, сондай-ақ су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы үшін ерте ден қою жүйелерін енгізуді бағалауды көздейді.

Оның ішінде «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын техникалық жарақтандыру және су ресурстарын басқаруды жетілдіру үшін автоматтандыру орталығын салу жоспарланып отыр.

«Мемлекет басшысы су саласына инвестиция тартудың маңыздылығын бірнеше рет атап көрсетті. Біздің алдымызда су инфрақұрылымын жаңғырту және болып жатқан климаттық өзгерістерге бейімдеу міндеті тұр. Ислам даму банкі сияқты беделді институттың қаржыландыруы елімізге деген жоғары сенімді, жүргізіліп жатқан инвестициялық саясат пен әлеуметтік-экономикалық реформаларды куәландырады»,деді Нұрлан Байбазаров.