• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Оқиға 13 Қараша, 2024

Ұзынкөл тұрғыны кек қайтару мақсатында полицейді өлтірген

79 рет
көрсетілді

Қостанай облысының прокурорлары полицейге қатысты жасалған қылмыстың мән-жайын анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ведомство мәліметінше, Ұзынкөл ауданының тұрғыны демалыста жүрген ауылдасын – полиция қызметкерін тонау және өлтіру ісі бойынша айыпталған.

Алайда сотта заттай дәлелдерді зерттеу кезінде мемлекеттік айыптаушы алдын ала жоспарланған, айрықша қатігездікпен және жәбірленушінің кәсіби қызметіне кек қайтару мақсатында жасалған кісі өлтіру әрекетін растайтын айғақтарды тапқан.

«Сот отырысында мемлекеттік айыптаушының өтініші бойынша сотталған адам 2021 жылы ұрлық және полиция қызметкерінің өміріне қастандық жасау бойынша сотталған бұрынғы қылмыстық іс материалдарының көшірмелері зерттелді. Бұл материалдарды сотталушы үкім шығарылғаннан кейін өзімен бірге сақтап келген. Атап айтқанда, зерттеу барысында әрбір құжаттағы лауазымды тұлғалардың аты-жөндері тұсында сотталушының қолжазба түрінде жазбалар қалдырғаны анықталды. Тергеуші мен сарапшының аты-жөндерінің тұсына «пышақтаймын» деген жазбалар жазылған. Жәбірленуші, Ұзынкөл ауданы полиция бөлімінің криминалисінің есімі дөңгелекпен қоршалып, «пышақтаймын» деген сөздер жазылған (орфография мен пунктуация сақталған)», делінген хабарламада.

Сотта сотталушы бұл жазбаларды пенитенциарлық мекемеде болғанда полиция қызметкерлеріне ренжігендіктен жасағанын түсіндірген.

«Қылмыстың ерекше себебі, қатігездігі, алдыңғы жазасын өтегеннен кейін тиісті қорытынды жасамауы, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы, басқа тұлғаларға зиян келтіруге деген тұрақты ниетінің болуы және заңға бағынушылық мінез-құлқының қалыптаспауы ескеріліп, мемлекеттік айыптаушы оны қоғам үшін қауіпті деп санап, оны өмір бойына оқшаулауды қажет деп тапты», деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Сот талқылауында прокурор сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынған.