• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 13 Қараша, 2024

Министрлік спортты дамыту мәселелері бойынша заң жобасын әзірледі

38 рет
көрсетілді

Туризм және спорт министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Қазіргі уақытта еліміздегі жергілікті, өңірлік және республикалық спорт федерациялары жеке субъектілер ретінде әрекет етеді және бір-біріне бағынбайды. Бұл жағдай спортты дамытудағы тәуелсіз саясат жүргізуге, мүдделер қақтығысына және жауапкершіліктің бұлыңғырлығына әкеп соғуда, нәтижесінде спорттың дамуы баяулап отыр. 

Ұсынылып отырған жаңа модель жергілікті федерациялардың аккредиттелген республикалық (немесе өңірлік) спорт федерацияларына бағынышты болуын көздейді. Бұл өзгеріс спортты дамыту саласындағы басқаруды орталықтандыруды, тиімділікті арттыруды және жауапкершілікті айқындауды мақсат етеді. 

«Бұл заң жобасы спорт саласындағы басқару жүйесін ретке келтіріп, еліміздегі спортты дамытуға жаңа серпін береді деп сенеміз. Біз әртүрлі деңгейдегі федерациялардың үйлесімді жұмыс істеуі үшін жағдай жасауға тырысамыз», деп атап өтті Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Құжат қабылданған жағдайда, спорт федерациялары арасындағы өзара қарым-қатынастарды реттейтін жүйе құрылып, спортты дамытуға бағытталған тиімді саясатты қалыптастыруға мүмкіндік береді.