• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Жастар 15 Қараша, 2024

Жастар өз ісін ашуға талпынады

51 рет
көрсетілді

Елімізде келесі жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Мемлекет басшысы осы бастаманың аясында кәсіптік білім беру саласына реформа жасау қажет екенін айтты. Мұндай қадам экономиканың өсімін қамтамасыз етуге әрі инвестициялық тартымдылықты арттыруға сеп болады. Осы орайда ел жастары арасында жеке кәсіпке қызығушылық артып келеді. Ұлттық статистика бюросы республикадағы жеке кәсіпкерлердің 49%-ы 35-ке дейінгі азаматтар екенін хабарлады. Қазіргі тұрақсыз нарықтағы кедергілерге қарамастан, осындай жас отандастарымыздың өз орнын тапқаны қуантады.

Бүгінде отандық нарықта кәрі де, жас та сүйсіне жейтін ұлттық тағамды биз­нес көзіне айналдырған кәсіпкерл­ер бар­шылық. Осы бағыттағы идеясын сәтті іске асырған кәсіпкердің бірі – Қуаныш Данияр. 29 жастағы кейіпкеріміз құрт, ірімшік, сары май сатумен жыл­дық айналымын 2 млрд теңгеге жет­кіз­ген. Тіпті серіктестері құртты бір күнде 100-200 кило шамасында сатып жатыр.

– 9 жылдағы тәжірибемде байқаға­ным, құртқа деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Өйткені тұтынушы көп. Бізде құрт өнімінің 45-ке жуық түрі бар. Осы қарқыннан қалмай әрекет етсек, жылдық айналымды 10 млрд теңгеге жеткізуіміз мүмкін. Қазір кәсіптің онлайн немесе оффлайн форматының қай-қайсысынан да жақсы табыс табасыз. Сондықтан ауылда да, қалада да бұл бизнеспен кедергісіз айналысуға бола­ды. Оның үстіне кәсіпке салынатын қара­жат та маңызды емес. Мәселен, 50 мың теңгеге 38 кило құрт алып, үстіне 700 теңге қосып сатсаңыз, бір күнде 26 мың теңге пайда көресіз, – дейді кәсіпкер Қ.Данияр.

Деректерге сүйенсек, отызында орда бұзуға талаптанған Қуаныш сияқты жастар үшін сұранысқа ие қызмет көрсету саласы – көтерме және бөлшек сауда, автомобильдерді жөндеу қыз­меті. Ауыл, орман және балық шаруашылығы да жас отандастарымыз арасында танымал.

Бүгінгі жас кәсіпкерлер 10 жыл­­дан кейінгі ел экономикасын, даму бейнесін айқындайтынын ескерсек, бұл сала мемлекеттік органдар тарапынан ерекше назар аударуды талап етеді. Өйткені отандастарымыздың бизнесті құруда үлкен қиындықтарға жиі ұрынып жататыны бел­гілі. Сарапшылар бұл проб­­лемаларды жастардың қар­жы­­лық не мақсатты саладағы білі­­мінің жеткіліксіздігімен бай­ла­ныстырады. Яғни несие бо­йын­ша жоғары пайыздық мөл­шер­лемелер мен салықтар, бас­тап­қы капиталдың болмауы, тә­жі­­­рибенің аздығы әсер етіп тұр.

– Кез келген бизнесті бастау үшін ең алдымен саланы жіті зерделеп алған жөн. Кәсібіңіздің нарыққа қаншалықты қажет екеніне нақты жауап бере алса­ңыз ғана әрекет ету маңызды. Сондай-ақ қаржылық қолдау жағын жан-жақты қарастыру керек. Мәселен, қайтарымсыз гранттар үшін инновациялық немесе әлеуметтік маңызы бар жобалар өте тиімді, – дейді бизнес-тренер Наталья Мишукова.

Жастар кәсіпте қателік жібер­­мес үшін алдыңғы буынға қарай­лап, ақыл-кеңес алуға ынталы-ақ. Бірақ кейбіреулері он ойланып, тоғыз толғанып, уақытты өткізіп жүріп қалады. Сосын «әй, қайдам, ондай іспен айналысу оңай емес, ол үшін анау-мынау керек» немесе «тексеріс көп, жоғарыда қолпаштайтын көкем болса» дегенге саяды. Ақыры жүрексініп, қолды бір-ақ сілтейді.

– Жоспарсыз адам – қаңбақ тәрізді. Қаңбақты сай­дан-сайға жел айдайтыны се­кілді мақсатсыз адамды өмір­лік жағдайлар ойға-қырға жете­лейді. Адамдардың бір күні менед­жер, ертесіне мұғалім, одан арғы жылы журналист болып жүре­тіні содан. Бір істен қандай да бір нәтиже көремін десеңіз, шын шебер болғыңыз келсе, бір жұ­мысқа орта есеппен 7-10 жыл ша­масында уақытыңызды ар­найсыз. Бұл – ғалымдардың пікірі, – дейді кәсіпкер Аманжол Рысмендиев.

Жаһанда 18 бен 30 жас аралы­ғындағы 300 миллионға жуық жас жұмыссыз жүр. Әлемдегі жетекші кәсіпкерлікті зерттеу ұйымының мәліметіне сәйкес, оның 20%-ға жуығы ғана өз ісін бастау мүмкіндігіне ие. Әртүрлі себеппен тек 5%-ы ғана тәуекел ететін көрінеді. Демек жастарға шағын және орта бизнестің заңды­лықтары мен жолын үйрету әлі де өзекті мәселе. Осы орайда түр­лі науқандар, конкурстар өткізу, білім беру мекемелерінде ақпа­рат­тық базалар құру қа­жеттілігі туындайды.

Елімізде де дәстүрлі оқу орындарында тек қажетті эко­номикалық білім оқытылады. Бірақ табысты кәсіпкерлік қыз­мет үшін қажетті мотивация мен мінез-құлық дағдылары қалып­тас­пай­ды. Шағын және орта бизнес­те мемлекеттік қол­дауды жүзеге асы­ратын ұйымдар туралы жас­тар­ды ақпа­рат­тандыру тұсы да кем­шін. Тіпті мұндай сауалдамалар жүр­гізілмейді. Салдарынан оларды мемлекеттік қолдау шара­ла­ры анау айтқандай нәтиже бер­­мейді. Сәйкесінше, жоғарыда атал­­ған әкімшілік, құқықтық және қар­­жы­­лық кедергілер сақталып отыр.

– Жастарды кәсіпкерлік қыз­­­метке ынталандыратын қо­лайл­ы орта құру – мемлекеттік және өңірлік деңгейдегі түрлі бағ­­­дарламалардың еншісінде. Мем­ле­кет тарапынан кәсіпкерлер үшін заңдар мен реттеушілік та­лап­тарды жеңілдетіп, бюрократияны азайтқан дұрыс. Тіркеу рәсімдерін жеңілдетіп, лицензия алу үдерісін жылдамдату, салық салу жүйесін оңтайландыру биз­нестегілерге жұмыс істеу барысында айтарлықтай көмек­теседі. Банк несиелерін алу шарттарын жеңілдетіп, шағын және орта бизнеске арналған арнайы гранттар мен субсидияларды кө­бей­туді ойластыру қажет. Маңыз­дысы – елде кәсіпкер­лік мәде­ниетті нығайтып, қоғам­да кә­сіп­пен айналысуға деген пози­тивті көзқарасты қа­лып­тас­тырған абзал, – дейді Н.Мишукова.

Одан қалды әлеуметтік желі­де «бір күнде 1 млн табысқа шы­ға­­рамын», «бір айда млрд пайда та­­басың» деген уәде беріп, ауди­то­рия жинайтын білімі таяз са­рап­­шылар мен мамандарды да мем­­лекет бақылауға алуы қажет. Бұл да жеке кәсіпке қызыққан жас­­­­тың «нишасын» тауып, бизнес­те орнығуына кедергі болып тұр.

Әсте, кәсіпкерлер әлеуметтік желі де сатудың әдіс-тәсілін мең­герсе, құба-құп. Өйткені шағын және орта бизнеске мақсатты тұтынушы табуда «TikTok» ай­тар­лықтай үлес қо­сып келеді. «Oxford Economics» дерек­теріне зер салсақ, «TikTok-тағы» шағын және орта бизнес қыз­меті былтыр Еуропаның бес елі – Германия, Франция, Ита­лия, Нидерланд және Бель­гия­ның жалпы ішкі өніміне 4,8 млрд еуро пайда әкеліп, 50 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуына септігін тигізген.

Жалпы, жастар саясаты тұжы­­рым­дамасының басты басым­дығы – 35-ке дейінгі отандастарымызды жұмысқа орналастыру. Құжатқа сәйкес, республика бойынша осындай жастардың үлесін 3,5%-ға дейін төмендету міндеті қойылған. Сондықтан жас­тар кәсіпкерлігінің ықпа­лын күшейту және оның мүм­кін­дік­терін кеңейту оқуға түспеген не өздігінен жұмысқа орналасуға ниеттенбеген NEET санатындағы 380 мыңнан аса азаматқа пайдалы болары анық.