Электронды еңбек биржасындағы ақпаратқа көз жүгіртсек, қазан айында жұмыс берушілер 123,7 мың бос жұмыс орнын ұсынған. Сондай-ақ 106 мың жұмыс іздеуші өзінің түйіндемесін орналастырыпты. Осы деректерді алдыңғы аймен салыстырғанда іздеу, жалдау белсенділігі төмендегені байқалады. Нақтырақ айтсақ, бос жұмыс орындарының саны 9%-ға (13 мың), түйіндеме 13%-ға (16,5 мың) азайған.
Мұның себебін мамандар білім беру саласындағы сұраныс пен ұсыныстың төмендеуімен түсіндіреді. Бұл оқу орындарында түлектерге диплом табыстау маусымының аяқталуына байланысты болуы мүмкін. Қыркүйек айында, жылыту маусымына көшу кезеңі қарсаңында жылу, қазандық жабдықтарына қызмет көрсететін жұмысшыға сұраныс артқан еді. Мысалы, өткен айда қазандық операторлары, машинистері, қазандықтағы басқа да жұмысшылардың бос орындары көбейген. Мұндай мамандарға сұраныс, әсіресе Батыс Қазақстан (2,9 мың бос жұмыс орны), Ақтөбе (1,3 мың), Жамбыл (974) облыстарында қатты байқалған. Бұдан өзге, мал шаруашылығынан хабары бар жұмысшыларға да сұраныс көбейген. Мұны мал шаруашылығындағы қысқы маусымға дайындық кезеңінің басталғанымен байланыстыруға болады.
Өңірлер бөлінісінде жұмысшыларды Қарағанды облысы, Алматы қаласы, Батыс Қазақстан облысы, Астана қаласының жұмыс берушілері көп іздеген. Бұл ретте қазан айында бос жұмыс орындарының жалпы саны Алматы (-44%), Жетісу (-37%), Астана қаласында (-34%) азайғанын айта кеткен жөн.
Сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі кей аумақтарда өзекті болып қала береді. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында 5,5 мың бос орынға 2,5 мың түйіндеме, Солтүстік Қазақстан облысында 4,1 мың бос орынға 2 мың түйіндеме, Павлодар облысында 6,5 мың бос орынға 3,4 мың түйіндеме тіркелген. Ал Шымкент қаласында, Қызылорда, Түркістан облыстарында түйіндемелер бос орындар санынан тиісінше 54%, 48%, 47%-ға артық орналастырылған.
Қазан айында жоғары жалақы бас құрылысшыларға (орта есеппен 679 мың теңге), бас техникалық мамандарға (шамамен 565 мың теңге), ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инженерлерге (шамамен 554 мың теңге) ұсынылған. Осы ретте инвестициялық жобалар жөніндегі директор (орта есеппен 2 млн теңгеден бастап), өндірісті басқарудың автоматтандырылған жүйесі бөлімінің бастығы (шамамен 1,8 млн теңге), комбайнер (1,2 млн теңге) лауазымында жұмыс істейтіндер ең жоғары жалақы сұраған.
Жалпы, өткен айда электронды еңбек биржасында еңбек белсенділігі төмендеген. Бұл әсіресе білім беру саласында қатты байқалған. Сонымен қатар қысқы маусымның басталуы жылу өндірісі жүйесінің жұмысшыларына сұраныстың әлі де болса азаймауына себеп болып отыр.