Елімізде нормативтік-құқықтық актілерге гендерлік сараптама жүргізілмек. Осыған орай екі күндік тренинг өткізіліп, мемлекеттік органдар мен басқа да мүдделі ұйымдардың заң қызметкерлері құжаттарға гендерлік сараптама жүргізу дағдыларын үйренді.
Оқытуды Қазақстандағы БҰҰ-Әйелдер құрылымы Мәдениет және ақпарат министрлігі және Қазақстан қоғамдық даму институтымен бірлесіп, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастырды. Қатысушылар халықаралық құқық стандарттары, гендерлік теңдік, гендерлік мейнстриминг және нормативтік құжаттарда қолдануға арналған терминологияны талдады. Тренингті гендерлік талдау саласының сарапшысы, нормативтік актілерге арналған гендерлік сараптама әдістемелерінің авторы, Хельсинки университетінің профессоры Марианна Муравьева жүргізді.
– Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі – елімізде ғана емес, жалпы бүкіл әлемде аса маңызды тақырыптардың бірі. Біз бұл мәселені тек құқықтық тұрғыдан емес, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық, мәдени аспекті ретінде де қарастыруымыз қажет. Жалпы елімізде әйелдердің құқықтарын қорғау мен біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету бағытында Мемлекет басшысының саяси шешімімен бірқатар маңызды қадам жасалып жатыр. Мәселен, осы жылы қабылданған әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін сақтау туралы заң, гендерлік саясат жүргізуге бағытталған жаңа бірқатар реформа осыған дәлел бола алады. Әйелдердің саясатқа араласуы – тек гендерлік теңдік мәселесін емес, елдің болашағын анықтайтын маңызды факторлардың бірі. Бұған көптеген зерттеу негіз бола алады. Сондықтан саясатқа келетін әйелдердің біліктілігін арттыру қажет, – деді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.