• RUB:
    4.97
  • USD:
    493.85
  • EUR:
    519.04
Басты сайтқа өту
Әлем Бүгін, 09:28

Аустралия үкіметіндегі жаңа лауазым

24 рет
көрсетілді

Аустралия үкіметі құлдыққа қарсы арнайы комиссарды тағайындады. Ел тарихындағы аталған лауазымға Walk Free халықаралық құқық қорғау ұйымының басшысы Крис Эванс ие болды. Бұл туралы елдің бас прокуроры Марк Дрейфус хабарлады.

Бас прокурордың баспасөз қызметі таратқан мәлімдемесінде Аустралияның құлдыққа қарсы комиссары осы жылдың 2 желтоқсанында қызметіне кіріседі. Оның өкілеттік мерзімі – 5 жыл.

«Комиссар қызметі қазіргі құлдық қанаудың барлық түрін қамтиды. Оның ішінде адам саудасы, мәжбүрлі неке, еріксіз еңбекке мәжбүрлеу, заңсыз адам жалдау бар. Құлдыққа қарсы комиссар Аустралия үкіметінің мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу, құлдық құрбандарына қолдау көрсету жөніндегі жұмысын басқарады әрі үйлестіреді», деп мәлімдеді М.Дрейфус.

Ел билігі жаңа комиссар мен оның кеңсесін қамтамасыз етуге 8 млн Аустралия долларын (5,3 млн доллар) бөлгенін айтты.

«Walk Free» ұйымының жаһандық құлдық индексіне сүйенсек, қазір Аустралияда 41 мың адам құлдық құрсауында жүр. Мәселен, қыркүйек айында Жаңа Оңтүстік Уэльстің құлдыққа қарсы комиссары, доктор Джеймс Кокейн жариялаған есебінде Аустралияның ең көп қоныстанған штатында 16 400 адам құлдықта өмір сүріп жатқанын айтады. Бұған Жаңа Оңтүстік Уэльстің парламенті жауап беріп, осы мәселеге қатысты тексеріс бастаған.

«Уақытша еңбек мигранттарына, әсіресе, Жаңа Оңтүстік Уэльстің ауылдық жерлеріндегі ауыл шаруашылығы, бау-бақша және ет өңдеу салаларындағы жалақысы төмен жұмысшыларға жалақысы уақытында төленбейді. Олар қарыз құл­дығы, алдап адам жалдау, мәжбүрлі еңбекке тар­тылып, сексуалдық құлдық, адам саудасы қаупі­не ұшыраған», деп көрсетті Д.Кокейн.

Осының салдарынан мыңдаған жұмысшы жұмыс орындарын тастап, қаша бастаған. Алайда олар­дың визасы мен Аустралияда болу құқығы нақ­ты жұмыс берушіге байланысты болғандықтан, олар­дың құқықтарын қорғау қиынға соғып тұр. Құжат­сыз жүрген мигранттардың саны артқан, олар тұр­ғылық­ты жер таба алмай, медициналық сақтан­дыру­дан қағылып, заңды жұмысқа да орналаса алмай жүр.

«The Guardian» мәліметіне сәскес, жүзде­ген жұмысшы қазір Жаңа Оңтүстік Уэльстің Riverina қаласындағы лагерьлерге қоныстанған, оларға қолдау көрсететін қауымдастық топтары көмектесуге тырысып жатыр. Алайда тұруға қажетті шатырлар жетіспей, азық-түлікпен қамтамасыз ету де қиындық туғызған.

Жалпы, еңбек мигранттарының құқығын қорғауда мемлекетаралық келісімдер маңызды рөл атқарады. Ал егер адам заңсыз жолмен өзге елге барып ақша тауып, құлдыққа тап болса, одан шығу оңайға соқпайды. Мысалы, Тайланд, Мьянма, Лаос елдерінің арасындағы «алтын үшбұрыш» деп аталатын қауіпті аймақтарда 100-ге жуық отандасымыз жоғалып кеткені БАҚ-да жарияланған еді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, кейінгі екі жылда қылмыстық топтардан 28 ел азаматы құтқарылған. Сондықтан шетелге жұмысқа барам деушілерге Қазақстан бірнеше елмен үкіметаралық келісімдерге қол қойғанын еске саламыз. Осы жылдың мамырында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон саясатының 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында бірқатар елмен екіжақты келіссөздер жүргізіп, Түркия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания, Корея, Израиль, Германия, Латвия және Жаңа Зеландиямен үкіметаралық келісімдерге қол қойды. Мұнда ең­бек мигранттарының келуі, елде болуы мен кету тәр­тібі, еңбек жағдайлары, жалақы, өтемақылар төлеу тәртібі реттеліп, көрсетілген. 

Соңғы жаңалықтар