• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Ең қысқа әңгіме 16 Қараша, 2024

«Бар екен ғой, бар екен жақсы адамдар»

126 рет
көрсетілді

Өзім куә болған осы бір оқиға туралы кімге айтпадым десеңізші. Талайлармен әңгімеде тақырып ауаны жол көлік оқиғасы немесе қайырымдылық бағытына ойысса мен жұмбақтап отырған сол бір көрініс есіме түсе кетеді.

Андыздаған таксидің бірі алдыма келіп кілт тоқтады. Керіліп-созы­лып жүруді бәсекелестік жағ­дай көтермейді. Олай етсе басқасы нә­пақасын заматта бүркітше «іліп» әкетеді.

«Опель вектра». Ескі. Сыртқы көрінісі ұсқынсыздау. Қожайын көлігін тақымдап келеді. Такси тізгіншісінің ақ аралас қалың шашы майланып кетіпті, өңі түтігіңкі, оң жақ бетіне қара май, бәлкім күйе жұққан. Астындағы арбасын ықтиярына көндірем деп арпалысып жүріп жұқтырса керек. Екі қолы күс, тырнақтары қара майға «қанып» алған. Көзі жалтақ. Бастапқыда жол ақысына саудаласқан сәтте-ақ кездескен клиен­ттен айырылмау, не берсе де көндігетін жігіт екенін, шамасы, қажеттіліктен ақша қуалап, ақы­рында жалтақ, көнбіс жанға айнал­ғанын бағамдауға болады.

Жүргізуші алдында баяу кетіп бара жатқан машиналардың иелерін аямай тілдеп, жолдың ол жақ, бұл жағына шығып, талайдан озып келеді. 

– Ағасы, тым асығыссыз ғой, абайлаңқырап жүрсеңізші, – де­дім.

– Асықпасқа лажым жоқ, сені жеткізіп салып, тағы бір жолаушы алу керек. Бүгін кешке дейін қа­лайда жиырма мың теңге табуға тиіспін, Құдай бұйыртса, – деді.

– Оһ-о, жоспарыңыз «майлы» екен. Жүрегіңізді айнытып жүрмесін, – дедім әзілдегенсіп.

– Құдамыз баласын үйлен­діріп, бүгін той жасап жатыр. Шақырған. Бармасам болмайды. Өзі байшыкеш, кісімсіп қалған жан. Тойына кем дегенде жиырма мың теңге алып баруым керек. Әйтпесе, ұят... – деді асығыс сөйлеп, – Е-е-е, інім, тау қозғалса да қозғалмайтын сабырлы, сал­мақты жігіт едік, мына ойсыз, тойшыл заман дедектетіп, жел қуған қаңбақтай етті ғой. Құдайға шүкір, ағайын, дос-жаран, құда-жекжат, таныс-біліс көп, аман болсын. Осы көптің тойы да көп, шақырады, шақырмаса ренжисің. Бармасқа тағы болмайды, ағайын, дос-жаранмен араласпай отыра алмайсың. Мұның барлығына құр қол бару қазақ үшін ұят, содан міне, осылай дедектеп жүргенің ақшаның ізіне түсіп, – деді.

Көлік аздау жүретін бір көшеге түстік. Ағызып келеді. Діттеген жерімізге жақындап қалғанбыз. Енді бір-екі бұрылыс. Кенет қарсы бетте келе жатқан «Ленд Крузер 100-дің» жолын кесе, бұрылып үл­геремін деді ме, есебі дұрыс бол­мады. Өз жолымен келе жат­қан «Ленд Крузер 100-бен» дәл қиылыста «сүзісті» де қалды. Абы­рой болғанда екі көліктегілер де аманбыз. Екі жүргізуші де теже­гіштерін басып үлгерген. Көлік­тер әжептәуір екпінмен соқтығысты.

Қатты қорқып қалдым, жүр­гізуші жігіт менен бетер. Рульге жабысып алған. Есімді тез жиып, құтыдағы суымнан бетіне бүркіп жібердім. Тұмсығы зақымданған «Ленд Крузер 100-ден» көзін айырмай: «Мынаны жөндеп беру – тақырға отыру ғой», деді. Ол кезде көлікті сақтандыру қазіргідей емес, дұрыс жолға қойылмаған. Дәлірегі, көпшілікте полиция тексергенде көрсетіп құтылу үшін жасала салған жалған сақтандыру қағазы болатын. Сондықтан жол-көлік оқиғасына кім кінәлі, шығын – мойнында.

«Опель вектраның» оң жақ тұмсығы ішіне кіріп кеткен. Ан­тифриз, бәлкім әлдебір жағармай төгіліп жатыр. Жүруге жарамсыз. «Ленд Крузер» де әжептәуір за­қымданған.

«Ленд Крузердің» жүргізушісі қабағы түксиген жас жігіт екен. Такси тізгіндеушіге дүрсе қоя берді. «Көзіңе қарамайсың ба, жын қуды ма? – деп әкіреңдей сөйледі, – не істедің мына машинаны? Бәрін қалпына келтіріп бересің». Таксишінің басы салбырап кеткен, айтарға уәжі жоқ, кінәлі ол «кешір, бауырым, кешір, жөндеп беремін» деп күмілжіп тұр.

«Ленд Крузердің» иесі үдей түсті: «Қане, құжаттарыңды әкел, полиция шақырамын». Поли­цейлер өздері-ақ жетіп кел­ді. Сол сәтте «Ленд Крузердің» арт­қы есігінен сықия киінген, егде тартқан, еңселі, етжеңді бір кісі түсті. Қабағы ашық, өңі аппақ. Үлкен лауазым иесі немесе қалта­лы азамат. Іске араласса жағдай қиындай түсетіні анық. Бірақ іс басқаша өрбіді. Әлгі кісі полицейлерге қарап: «Сендер өз жолдарыңмен кете беріңдер, бізде шағым жоқ, – деді де баласы не інісіне бұрылып, – сен ашуланба, одан да машинаны алып кетуге әрекет қыл». Полицейлер өз жөн­дерімен кетті. Жиналып қалған адамдар да сиреп қалған.

Содан әлгі маңғаз кісі такси тізгіншіге жақын келуіне ишарат жасады. Жетіп барған оған: «Қалқам, таксист болып нәпақа тауып жүрген жансың ба?», деді. «Иә», деді жанұшырған жігіт. Үлкен кісі сәл кідіріп: «Ма­шинаң қатты бүлінді-ау, ә. Абайлап жүрсеңші, қалқам, – деп төс қалтасына қолын салды да бір бума ақша ұсынды, – мына ақшаға көлігіңді жөндеп ал». Таксиші не жыларын, не күлерін, ақ­шаны не аларын, не алмасын біл­мей сас­қалақтап қал­ды. «Беріп тұр­ғанда ал, саған бұл ақша керек» деді.

Әкіреңдей сөйлеген жас жігіт: «Біздің батя бүгін жомарттық танытты. Сенің жолың болды, аман бол», деді де қалды.

Мына көрініс мені тебірентіп жіберді. Ал такси жүргізушінің көңіл күйін айтып жату артық. Сөй­леуге аузы икемге келмеді, қыстыға жылап жіберді.

Талай жол-көлік оқиғасына куә болдық. Кінәліні жазғыру, жағасынан алу, балағаттау, көлігін жөндеттіру әдеттегі жағдай. Ал мына көрініс өмірде өте сирек кездесетін жайт. Ерекше қайы­рымдылық, қамқорлық.

«Бар екен ғой, бар екен жақ­­сы адамдар! Жақсы жоқ деп айт­паңдар, бəтшағарлар!» (Мұқағали) деп мен өз жолыммен кеттім.