Алматы қаласында «JusanVibe» арт-кеңістігінде Ұлттық банк теңге банкноттары мен коллекциялық, инвестициялық монеталар көрмесін өткізді. Келушілер барлық сериялы банкнот үлгілерімен танысты.
Ұлттық банктың бас дизайнері Санжар Нұрқасымовтың айтуынша, теңге қазақ тарихындағы алғашқы ақша емес. Отырар мен Исфиджабта монета сарайлары жұмыс істеген. Х ғасырдан бастап айналымға енген алтын монеталар саудада салмағына қарай пайдаланылыпты. ХIV ғасырдан бастап Әмір Темір монеталары айналымға енді.
«Ұлттық валютамыздың алғашқы банкноттары өзінің тарихи миссиясын орындады. Дизайн жасау барысында тұлғалардың шынайы бейнесін табу қиынға соққан. Әл-Фарабидің бейнесін салған кезде КСРО Ғылым академиясының стандартына басымдық берілді. Әбілқайыр xанның суреті ағылшын саяxатшысы Аткинсонның жұмыстарынан табылса, Абылайxанның бейнесі орыс тарихындағы дереккөздер бойынша дайындалды. Сүйінбай тұлғасы қазақ сурет өнерінің негізін қалаушы Әбілxан Қастеевтен келді», дейді Санжар Нұрқасымов.
Жыл аяғында 2 000 теңге айналымға берілмек. Келесі банкноттар 2025, 2026 жылдары басылып шығады. Банкнотта жануарлар мен ою-өрнектер бейнеленген. Сондай-ақ қорғандардан табылған артефактілер бейнеленген. «Банкноттарды шығарарда тарихшылармен ақылдастық. Бір топ дизайнер атсалысты», деді «Сақ стилі» жобасының бас дизайнері Санжар Нұрқасымов.
Алматы коллекционерлер қоғамының вице-президенті, сарапшы Валерий Китиков әлемдік тәжірибеде жалған ақша жасаудың алдын алу үшін банкноттардың дизайны әрбір 7-8 жыл сайын өзгеріп отыратынын айтты.
«Елімізде банкноттардың соңғы сериясы 2012 жылы шығарылған. Халықаралық банкноттар қоғамы (IBNS) жыл сайын «Әлемнің ең әдемі банкноты» дейтін байқау өткізеді. Біздің банкноттар бұл байқаудың үш рет жеңімпазы атанды: номиналы 10 мың теңгелік естелік банкнот 2011 жылдың үздік банкноты, номиналы 5 мың теңгелік банкнот 2012 жылдың үздік банкноты, номиналы 1 000 теңгелік естелік банкнот 2013 жылдың үздік банкноты деп танылды. Комиссия жеңімпаздарды таңдау кезінде көптеген факторды ескереді: қорғау элементтері, дизайн, қағаз сапасы және басқа да сипаттамаларға басымдық беріледі», деді Валерий Китиков.
Ұлттық банк банкноттармен шектелмей, инвестициялық және коллекциялық монеталарды да шығарады. Инвестициялық монеталар, аты айтып тұрғандай бағалы металдардан, алтын мен күмістен соғылады. Жыл өткен сайын инвестициялық монета бағасы металл құнының айырмасына қарай өсе беруі мүмкін. Қазір «Көшпелілер алтыны», «Қазақстанның петроглифтері», «Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары», «Қазақстанның мешіттері мен соборлары», «Ұлы қолбасшылар», «Қазақстанның Қызыл кітабы», «Қазақстанның флорасы мен фаунасы», «Спорт», «Космос», «Шығыс күнтізбесі», «Қазақстан халықтарының ертегілері», «Сыйлық монетасы» серияларымен шығарылған монеталар бар. Бұлардың барлығы шектеулі таралыммен жасалады. Олар коллекциялық құнына қарай тек ел аумағында сатуға арналған.
Көрменің екінші аймағында ең танымал сериялардың коллекциялық монеталары, сондай-ақ алтын, күміс және қымбат бағалы емес металдардан жасалған бірегей тұжырымдамасы мен дизайны бар монеталар ұсынылған.
«Коллекциялық монеталардың сырты арнайы орағыштармен қапталады. Себебі қолдан қолға өткенде материалға зақым келмеуі керек. Естелік монетаға мемлекеттік және ағылшын тілінде жазу жазылады. Монетаның бағасы екі құрамдас бөліктен тұрады: Алғашқысы – бағалы металдардың құны монетаның бағасына әсер ететін негізгі құрамдас бөлік: орта есеппен алтын монеталардың 85%-ы, күміс монеталардың 52%-ға дейінгі бағасы бағалы металдың бағасына байланысты қалыптасады. Ал монетаны дайындап, орауға кететін шығындар алтын монета бағасының 15%, күміс монета бағасының 48%-ы болады. Бұл монеталар коллекциялауға және нумизматикалық нарықты дамытуға арналған. Коллекциялық монеталар серияларға бөлінген әрі мерейтойлық, атаулы күндерге, сондай-ақ тарихи оқиғаларға арналған», дейді Ұлттық банк мұражайының меңгерушісі Гаухар Смағұлова.
Коллекциялық монеталар 1995 жылдан бастап шыға бастады. Жыл сайын 15-тен 20-ға дейін монеталар дайындалады, олардың барлығы Теңге сарайында шығарылады. Бұдан басқа, түрлі елдер қатысатын нумизматикалық конкурстар тұрақты түрде өткізіледі.
«Біз де осы байқауларда өзіміздің жаңалықтарымызды көрсетеміз, олар халықаралық аренада бірнеше рет жүлделі орындарға да ие болды» дейді спикер.
АЛМАТЫ