• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 19 Қараша, 2024

Өндіріс орындары өңірдің өркендеуіне жол ашады

42 рет
көрсетілді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қостанай облысы мәсли­хаты­ның депутаттарымен және жергі­лікті жұртшылықпен кездес­ті. Кездесулерде Мемлекет басшы­сы берген тапсырмалардың облыс­та іске асырылу барысы талқыланды.

Палата спикері машина жасауды дамытудың заңнамалық негіздері тақырыбына арналған дөңгелек үстел жиынына қатысты, сондай-ақ өңірдегі шойын құю, автомобиль зауыттары мен басқа да ірі кәсіпорындардың ұжым­дарымен кездесті.

М.Әшімбаев дөңгелек үстелге қатысушыларға ілтипат білдіре келіп, Мемлекет басшысы елімізде сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін маңызды міндеттер жүктегенін атап өтті. Осы орайда өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде жоғары шекті және қосылған құны жоғары сектор ретінде машина жасау саласы ерекше рөл атқарады. Сондық­тан отырыс барысында машина жасау ісіндегі өзекті проблемалар көтерілді. Олардың қатарында қолжетімді әрі ұзақмерзімді қаржыландырудың болмауы, шикізаттың қымбаттығы, импорт­қа тәуелділік, өндіріске жаңа техноло­гияларды енгізу сияқты мәселелер бар. Аталған түйткілдерді оң шешу үшін алдымен барлық мүдделі тараптың күш-жігерін ортақ іске жұмылдыру қажет.

«Қолжетімді әрі ұзақмерзімді қар­жыландырудың жеткіліксіз болуы машина жасау саласының дамуын тежейді және оның әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік бермейді. Бұл жабдық жаңғыртуға, жаңа технология­ларды енгізуге және шығарылатын өнім желісін кеңейтуге инвестиция салу үшін маңызды. Тағы бір мәселе – алюминий, мырыш, мыс, қорғасын сияқты жеткізілетін шикізаттың қымбат және шектеулі болуы. Олардың тізімін кеңейту керек. Сондай-ақ бірқатар компания импорттық жабдықтар мен техника сатып алуды жөн көреді. Бұл елден капиталдың кетуіне әкеліп соғады және өздерінің өндірістік қуатының дамуын тежейді. Осы мәселелерді шешу үшін біз заңдарға толықтырулар енгізу мәселесін қарастырамыз. Бұл істе отандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сатып алу жүйесін жетілдіру және отандық тауарларды ішкі нарықта белсенді ілгерілету де маңызды шара екенін атап өткен жөн», деді М.Әшімбаев.

Ол мәслихат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен кездесу барысында Қостанай облысының өнеркәсіптік әлеуетіне назар аударып, Сенат депутаттары заңнамалық деңгейде қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Атап айтқанда, іс-шарада өнеркәсіптік, индустриялық өндірісті ұлғайтуға және аграрлық секторды дамытуға арналған жобаларды қолдау мәселесі кеңінен сөз болды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын дамытудың маңызды екенін айтты. Қостанай облысы айтарлықтай өнеркәсіптік әлеуетке ие. Оның ішінде тау-кен және машина жасау салалары ерекше рөл атқарады. Өңірде көптеген маңызды индустриялық жоба табыс­ты жүзеге асырылып жатыр. Қостанай облы­сының шаруалары елдің азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге және дәнді дақыл­дардың жоғары өнімді­лі­гіне қол жет­кізуге елеулі үлес қосып келе­ді. Алдағы уа­қытта Парламент Сенаты тарапы­нан об­лыс­тың одан әрі дамуына қолдау көрсетуді жалғастыра береміз», деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар кездесуде Мемлекет басшысы Мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында айтқан бастамаларды тиімді іске асыру үшін барлық деңгейдегі депутаттардың өзара іс-қимылын нығайту маңызды екеніне баса назар аударылды. М.Әшімбаев әріптестерін Парламенттің заңнамалық жұмысына белсенді қатысуға және өңірлердің белгілі бір мәселелерін шешу үшін тұжырымдамалық ұсыныстар әзірлеуге шақырды. Сондай-ақ ол ағым­дағы сессияда депутаттық корпус Бюджет, Салық, Құрылыс, Су кодекстерімен, Банктер туралы жаңа заңмен және Цифр­лық кодекспен жұмыс істейтінін айтты.

«Мәслихаттар заңнамалық нормаларды, атап айтқанда, салық заңнамасын талқылауға әрі әзірлеуге барынша белсенді қатысуы қажет. Бұл ретте салық саясаты әлеуметтік проблемаларды шешудің және экономикалық өсуді ынталандырудың тиімді тетігі болуға тиіс. Біздің міндетіміз – агросектор саласындағы шаруалардың мүдделерін ескеретін, әрі қарай дамуына ықпал ететін және олардың азық-түлік қауіп­сіздігіне қосқан үлесін қолдайтын теңг­ерімді салық заңнамасын құру. Сондай-ақ Президент атап өткендей, мәсли­хаттар өңірлердегі маңызды міндеттерді тиімді іске асыра алатын қоғамдық саясаткерлердің жаңа толқынын қалыптастыру орталығына айналуға тиіс. Сондықтан азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, өңірлердің проблемаларын шешуге ықпал ете отырып, белсенді жұмыс істейміз», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар сапар аясында Сенат төрағасы KІА автомобиль­дерін шыға­ра­тын зауыт құрылысының бары­с­ы­мен танысты. Бұған қоса «KamLitKZ» ЖШС темір құю зауытына, «СарыарқаАвтоПром» және Agromash кәсіпорын­дарына арнайы барды.

Сенаторлар балаларға арналған «Iqostanay» SMART-орталығының шәкірт­тері­мен де кездесті. Онда қазіргі таңда 2 мыңға жуық оқушы қосым­ша білім алып келеді. Орталықта 24 үйірме жұмыс істейді және заманауи техноло­гиялық құралдармен жабдықталған киберспорт, инженерия, авиамодельдеу кабинеттері, химия және физика зертханалары, жаңартылатын энергия көздеріне арналған зертхана, акт, оқу, хореография залдары бар.