Отандық сарапшылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаттағы биылғы қадамдары ел дамуына серпіліс беретін келісімдерге негіз болғанын айтады, деп жазады Egemen.kz.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Республикасына мемлекеттік сапармен барған еді. Президент осы сапарына айрықша мән беретінін, сондай-ақ бұл Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа белесі екенін атап өткен.
Сарапшы Айбар Олжаевтың пікірінше, бір аптаның ішінде екі бірдей мемлекеттік сапарға бару - ел тарихында сирек кездесетін қадам.
«Президент он күннің ішінде екі мемлекеттік сапар жасап, бір саммитке қатысты. Арасында Астанада бірнеше бизнес кездесу өткізіп үлгерді. 29 қазаннан басталған 10 күндік марафон Қазақстанға шамамен 3 миллиард доллар дивиденд алып келетін болады», деп жазды ол.
Сондай-ақ сарапшы өткен айдың соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде Моңғолияға тұңғыш рет мемлекеттік сапармен барғанын атап өтті.
«Қазақстан алдағы уақытта Моңғолияда вакцина өндірісін ашпақ. Бұл - еліміздің ветеринарлық вирусология саласындағы үлкен жеңісі. Сонымен бірге Моңғолияның қазба байлықтарына есік ашылды. Біздің көздеп отырғанымыз боксит еді. Енді отандық инвесторларға Моңғолияда жұмыс істеу жеңілдемек», деді А.Олжаев.