• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Мәдениет 19 Қараша, 2024

Алматыда «Қазақстанның тұмса табиғаты» сайтының тұсауы кесілді

64 рет
көрсетілді

Алматыда «Қазақстанның тұмса табиғаты» уеб-сайтының тұсаукесер рәсімі өтіп, сайт таныстырылымы аясында аттас фотокөрме қатар ашылып, жұртшылық назарына жоба дерекқорына кірген жан-жануарлардың тамаша фотосуреттері ұсынылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бір емес, үш бірдей жоғары оқу орнының фотоөнерді меңгеріп жүрген студенттерінің қызығушылығын оятқан ілкімді жоба «Шеврон» компаниясының демеушілігімен «EcoForming» экология және білім беру қорымен бірге Қазақстан Зоология институты мен «National Geographic Qazaqstan» журналының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Жоба авторларының айтуынша, жаңа сайт интернет-пайдаланушыларға Қазақстанның жан-жануарлар әлемін кеңінен насихаттауды, аң мен құстардың бірегейлігін көрсетуді мақсат еткен. Соған орай, әрбір тіршілік иесінің түр-сипаты мен ерекшеліктерін танытатын жоғары сапалы портреттік фототүсірілімдер жасалған. Фотогалерея жобаны дамыту барысында тың деректермен, жаңа фотосуреттермен толыға бермек.           

Бір жағынан «Қазақстанның тұмса табиғаты» уеб-сайты студенттер мен оқушылар үшін ғана емес, байтақ еліміздің фаунасын зерттеушілеріне де көрнекті әрі бағалы дерекқор ретінде қызмет атқарады. Бояуы қанық платформаның бірегейлігі сонда – мұнда тұмса табиғаттағы жан-жануарлар дүниесін танып-білгісі келетін зерттеушілер мен әуесқойларға аңдар мен құстардың портреттік һәм табиғи ортадағы жоғары сапалы фотосуреттері ұсынылмақ.

Тамаша жобаның тұсаукесер рәсімінде «Шеврон» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бойынша кеңесшісі Лейла Айтмұханова мен жобалық команда өкілі Қанат Абашов жұмыстардың қалай жүріп жатқаны жайында қызықты баяндады.

Осы жобадағы ең қиын да қызықты жұмысты атқарған фотографтар – «National Geographic Qazaqstan» журналының шеф-фотографы Ерболат Шадрахов пен тұмса табиғат фотографы Владислав Якушкинге сөз берілгенде, көзмергендер еліміздің зообақтары мен ұлттық қорықтардағы қызықты сәттерді ерекше әсермен әңгімеледі.