Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич алдағы уақытта екіжақты сауда-саттық көлемін ұлғайтуға және жеткізілетін тауар түрлерін кеңейтуге ниетті екенін растады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президенттердің айтуынша, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қорғаныс өнеркәсібі кешені, цифрландыру, телекоммуникация және аэроғарыш салаларындағы бірлескен ірі жобаларды ілгерілету үшін қажетті ресурс пен мүмкіндік бар.
Сондай-ақ көлік инфрақұрылымын әртараптандыру және өзара байланысты дамыту, атап айтқанда, Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейстерін ашу маңызды екені айтылды.
Мемлекеттер басшылары білім, ғылым, денсаулық сақтау, туризм, жасанды интеллектіні енгізу бағыттарындағы өзара іс-қимылды жолға қою мәселесін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич сапар аясында қол қойылған екіжақты құжаттар қазақ-серб ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге жан-жақты ықпал ететініне сенім білдірді.