• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Байқау 20 Қараша, 2024

Имамдар сайысқа түсті

56 рет
көрсетілді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласындағы өкілдігі «Ulttyq sport fest» спартакиадасын өткізді. Жарыс шартына сәйкес мегаполистің бес ауданында орналасқан мешіт қызметкерлері бес команда құрып жарысты. Спорттық сайысқа жеті түрлі ойын кірді. Атап айтқанда, кір тасын көтеру, асық ату, ләңгі тебу, арқан тартыс, садақ ату, қол күрес пен футбол.

Аталған спорттық іс-шарада Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Нұр­матұлы спортпен шұғылдану пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) сүннеті екенін айта келе, дін мен дәстүрді жалғаған спартакиадаға демеушілік көрсеткен ізгі жандарға жамағат атынан алғысын білдірді.

Ал дінтанушы, қаланың наиб-имамы Мұхамеджан Естеміров тоғызқұмалақ, арқан тартыс, асық ату, ләңгі тебу, шекем тас ойны, кір тасын көтеру, көкпар, бәйге, садақ ату, қол күрес спорты ерте заманнан келе жатқан халқымыздың ұлттық мұрасы екенін, аталған спорт түрін ұмыт қалдырмай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыру бәріміз үшін парыз санайтынын айтты.

Спартакиадаға ұлттық спорт түрінен елімізге белгілі сайыпқырандар Абылай Мақсұт, Мақсат Әбдікерімов пен Мирас Қарабаевтар төрелік жасады. Жарыс қорытындысында І орынды «Қаратау» командасы алып, сыйлыққа жылқы малы тартылды. ІІ орын «Әл-Фараби» тобының қанжығасында кетті. Ол командаға марапат ретінде ірі қара мал сыйға берілді. ІІІ орын иеленген «Тұран» құрамасы қошқарды місе тұтты. Ал ынталандыру сыйлығына ие болған «Абай» мен «Еңбекші» командалары семіз тоқтымен марапатталды. Айта кету керек, бұл командалардың бәрі де – шаһардағы бес ауданның атынан сайысқа шыққан топтар. Ең бастысы, дін саласының қызметкерлері спорттық іс-шара арқылы көпшілікке, әсіресе жастарға үлкен үлгі-өнеге көрсетті.

Жуырда ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бас­тамасымен діни басқармада «Дін мен дәстүр» деп аталатын жаңа бөлім ашылған болатын. Аталған бөлім идеясының нәтижесінде, сонымен бірге діни басқарма қолға алған «Ізгі қоғам» жобасы аясында осы «Ulttyq sport fest» спартакиадасы ұйымдастырылып отыр. Бұл саламатты өмір салтын насихаттау ғана емес, Астана қаласында өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының аймақтағы кішігірім жалғасы іспетті.

 

ШЫМКЕНТ