• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Тұлға 20 Қараша, 2024

Баспасөзден қол үзбеген

80 рет
көрсетілді

Қазақ әдебиетінің классигі, сан қырлы талант иесі Бейімбет Майлиннің шығармашылық қызметінің журналистік қырына тоқталуды жөн көрдік. Ол бар саналы ғұмырын баспасөзге арнады. Бұл саладағы алғашқы қадамын болашақ жазушы Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде оқып жүргенде-ақ «Садақ» атты қолжазба журнал шығаруға атсалысқаны көзіқарақты оқырманға мәлім. Бейімбет оның әрі редакторы, әрі тұрақты авторы ретінде танылды.

Әйгілі «Шұғаның белгісі» по­весінің алғашқы нұсқасы осы журналда жарияланды. Қазақ жазушысының ізі қалған оқу орнында ескерткіш тақта орнатылғанын мақтан еткен өнер иесі Қапан Бадыров: «Мен Биағаны алғаш рет 1922–1923 жылдары Орынбор қаласында кездестірдім. Жүзі жылы, кішіпейіл, кісіге өте жақын, жақсы адам болатын... 1972 жылы гастрольмен Уфа қаласына бардық. Музейлерінде, тарихи жерлерінде болдық. Сонда ер­теде Бейімбет оқыған медресе ғимараты­на ескерткіш етіп мемориал тақта қойып­ты. Қандай қуаныш! Башқұрт халқы­на ризалығымды жазушылары арқылы айтып, шаттық көңіл білдір­дік», деп еске алады. Қаламгерлік қыры мед­ре­седегі қолжазба журналдан бастау алған Б.Майлин баспасөзден қол үзбеген.

1922 жылы С.Сейфуллиннің шақы­руымен Б.Майлин Орынборға келіп, баспасөз қызметіне қызу кіріседі. Ол Қостанайда басылып шығатын «Ауыл» газеті мен Орынбордағы «Еңбекші қазақ» газетінде кезекпен қызмет атқарады. Нақтылап айтсақ, Бейімбет 1923 жыл­дың 14 шілдесінен бастап Қостанайдың «Ауыл» газетінде қызмет етеді. Жауапты хатшы, көп ұзамай редактордың орынбасары болып тағайындалады. Бұл газетте 1925 жылдың наурызына дейін еңбек етті. Көптеген новелласы, сықақ әңгімесі, «Раушан коммунист» хикаяты осы газет беттерінде жарияланады. Демек «Ауыл» газетін Бейімбеттің сан алуан жанрда қалам тербеп, жазушылық шеберлігін шыңдаған мектебі деуге болады. Зерттеушілердің пайымдауын­ша, тек 1924 жылы ғана Бейімбеттің жетпіс­ке жуық шығармасы жарық көрді.

Ол «Еңбекші қазақ» газетінің есігін екі рет ашты. Бейімбеттің бұл газеттегі қызметі 1922–1923 және 1925–1928 жылдарды қамтиды. Деректерге сүйенсек, 1925–1928 жылдары «Еңбекші қазақта» Бейімбеттің 60-қа жуық өлеңі, 80-нен астам оқшау сөздері, фельетон, әңгіме­лері, 160-қа жуық мақаласы жарияланды. Бейімбеттің бір ерекшелігі, бас­пасөзден еш уақытта қол үзбеген. Өмі­рінің соңғы жылдары (1934–1937) «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты редак­­торы болды. Бейімбеттанушылардың анық­тауынша, Майлиннен мұрағат қал­ма­ған, оның барлық еңбегі 1912–1937 жыл­дардағы мерзімді басылым бет­терінде жарияланған.

Тұрақты түрде өнімді жазатын осы­нау әріптесі туралы С.Мұқанов: «Жұ­мысының көптігі мен өнімділігі жағы­­­нан Бейімбетке теңесетін қазақ жазу­­шы­­сы, әсіресе қазақ журналисі аз бо­ла­тын. Көр­кем әдебиет майданын­да ширек ғасыр бойына еңбек еткен Бейімбет ­қала­мы­­­нан туған шығармалар ұлан-байтақ. Сол кезде Қазақстанда шығатын «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі», «Лениншіл жас» басылымдарының бәрінде де өлең, әңгімелерін, оқшауларын үздіксіз жа­рия­лайтын ол мерзімді баспасөз ісіне мейлінше кәнігерленіп алған кісі», деп еске алады. Кейін өлеңдері «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналында жарияла­нып тұрады. Троицк қаласында «Айқапта» қызметте жүрген С.Торайғыровпен, М.Се­ралинмен танысады.

Биағаңның қаламгерлік қабілетінің жан-жақтылығы, өнімді еңбектенетіні туралы Ғ.Мүсірепов: «Өмір тіршілігінен біржола қоштасқанша қолынан қаламы түспеген, әдебиеттің қай саласын болса да биікке көтере білген», дейді. Әкесі туралы қызы Гүлсім Майлинаның естелігі­нен алынған мына бір үзікте тақырыпты нақтылай түседі: «Әкем мейірімді, кішіпейіл, еңбекқор жан болатын. Оның қолынан қаламы түскен сәті тым сирек еді. Тіпті рабфакта оқып жүрген маған үй тапсырмасын орындауға көмектесе отырып та, өзі жаза беретін...». Бұл турасында Бейімбеттің өз жазғаны да бар: «Қолымнан қаламым түскенше жаза беремін. Жаңа өмір туралы және оны орнатып, өркендетіп жатқан адамдар туралы жазамын. Менің жазғаным халқыма аз да болса пайда келтіретін болса, жан салып жазатын боламын».

Бейімбеттің журналистік қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарап, қашанда ұқыптылық пен мұқияттылық танытатынын онымен қызметтес болған ақын Жақан Сыздықов былайша еске алады: «Сол кезде «Жаршы», «Әдебиет майданы», «Әйел теңдігі» журналдары баспа жанынан шығатын. Журналдарға басылатын материалдардың үлкен-кішісі Биағаның редакциялауынсыз теруге жіберілмейтін. Мен өзім күні бүгінге дейін ондай ұқыпты, жанашыр редакторды кездестіргем жоқ. Жақсы бір шығарма оқыса, жаны жадырап сала беретін».

Жазу ісіне төселгеніне қарамастан, Бейімбет қашанда көп оқып, тынымсыз ізденеді. Ол татар, Шығыс әдебиетін өте жақсы білетін. Батыс әдебиетінің озық үлгі­лерін өзі оқып-үйрене жүріп, өзге­лерге де үлгі ететін. Көп оқып, ты­ным­сыз іздену қажеттігін кейінгі жас­тарға ескертіп отыратын. Айталық, қа­лам­герлікке бет бұрған Мәриям Ха­кім­жановаға Биаға былайша ақыл-ке­ңес береді: «Күнделікті газет-журнал­дарды көп оқы. Оларда болған өлең-әңгімелер­ді босқа жібермей оқы. Неғұрлым көп оқысаң, соғұрлым ойыңды тереңдетіп, тіліңді ұштайтын нағыз мектеп – солар». Сондай-ақ жазу ісіне асқан жауап­кершілікпен қарап, әр сөзге мұқият болу қажеттігін «білем екен деп сөз біткенді құ­йылтып, құйғыта беру шығарманың шы­райын енгізбейді, шырқын бұзады. Судың да сұрауы бар» деген сөздерімен білдіреді. Б.Майлиннің шарапаты тиген әнші Елубай Өмірзақов былайша ағынан жарылады: «Бейімбет екеуміз Ақтөбе ауылынанбыз.1921 жылы Қостанай­дағы милициялар даярлайтын алты айлық курсқа жібертті. Кейін Орынборда ашыл­ған қазақтың халық ағартушылар инс­титутына түсуіме жағдай жасады. Бе­йімбеттің мені елде бастаған үйірмеден үлкен сахнаға дейін сүйреген өлшеусіз көмегін айтып жеткізе алмаймын. 1936 жылы Москваға онкүндікке бардым. Партия мен үкімет қызметімді бағалап, омырауыма орден тақты. Соған қуанған Бейімбет пен Ғабит, Күлжамал, Құсни маған арнап той жасады. Өнер есігін ашып, оның төріне шығарып, мені адам еткен Бейімбет. «Жақсы­мен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа» деген осы».

Майлиннің журналистік қызметі оның қаламгерлік талантының жан-жақ­ты ашылуына зор ықпал етті: ол ақын, прозаик, драматург ретінде танылды. Айталық, талантты қаламгердің түрлі тақы­рыптағы өлеңдерімен, лирикалық және сатиралық жырларымен қатар, «Бай­дың қызы», «Рәзия қыз», «Зәйкүл», «Маржан», «Қашқан келіншек» сынды он төрт дастаны, «Шұғаның белгісімен» қатар, қазақ әйелінің тағдырын тол­ғай­тын екі шығармасы «Раушан-ком­­мунист», «Берен», тағы басқа туын­дылары дүние­ге келген. Май­лин драматургиясын­дағы іргелі туын­ды «Майдан» екенін атап өткен жөн. Ғ.Мүсіреповпен бірле­сіп «Аман­гелді» пьесасын жазған. Әріптес­тік қа­рым-қатынаста жақын араласқан олар бір-бірін жақсы таныған.

Б.Майлиннің жазушылық қабілеті әңгіме жанрында айқындалды. Оның шығармашылығының негізгі мазмұ­ны – Қазақстандағы жаңа ауыл шын­дығы. Жазушы шығармаларының тілі – қара­пайым еңбек адамдарының тілі, сон­дықтан да оның шығармаларын көпшілік түсініп оқиды. Қазақ әңгімесінің үздік үлгісін көрсеткен Б.Майлин туралы М.Әуезов: «Қазақ әңгімелерінің аса көр­кем үлгілері Бейімбет Майлиннің мұра­сынан табылатын», деп баға берген. Заң­ғар жазушының шәкірті Зейнолла Қаб­долов: «Саңлақ суреткер өлшеулі ғана твор­честволық ғұмырында өлшеусіз еңбек­сүйгіштігі арқылы жазушылық, жазу, жақсы жазу, жақсы жаза алсаң, қалам құрғатпай жазу екенін тынымсыз да мігірсіз іс-әрекетімен қолма-қол дәлелдеп кетті». Орыс әдебиетінде әңгіме жанрының өркендеуіне А.Чехов үлкен үлес қосса, Б.Майлин қазақ әңгімесінің қас шебері атанады. Замандастарының бірі оны «Қазақтың Чеховы» дегенде, Бейімбет: «Чеховтың ауылы алыс қой» деп, қарапайымдылық танытқан көрінеді. Бейімбеттің қарапайымды­лы­ғы турасында Ғабең: «Газет-журнал беттерінде қым-қиғаш айтыстар болып жатқан күндерде ол бір жазушы туралы жаман сөз айтқан емес... Бейім­бет жиналыстарда, прези­диумда отырмайды. Талай жиналыста әшейін топтың бір шетінде отыра беретін еді. Ол керемет қарапайым, еңбекқор адам еді», деп жазады. Оның тазалығына, қақ-соқпен жұмысы жоқтығын таныған Мүсіреповтің «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» деп айтуы сондықтан.

Жазушы, журналист Б.Майлин аударма ісіне де елеулі үлес қосты. Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін, қазақ ақындарын өзге жұртқа танытуды көздегенін мына бір сөздері айғақтаса керек: «Егер біз фольклорымыз бен Абайымызды орыс тілін­де жеткізе алсақ, бүкілодақтық көркем мәде­ниетімізді байытқан болар едік». 1932 жылы П.Быковтың «Романовтар­дың соңғы күндері», В.Бонч-Бруевич­тің «Жолдас Ленинге жасалған қастан­дық» еңбек­терін қазақшалады. Көркем шығар­малармен қатар, халық үшін аса қа­жетті оқулықтар, «Шала сауатты­лар үшін оқу кітабы», «Жаңаша оқы, жаз» кітап­тарымен қатар, өзге авторлар­мен бір­лесіп «Әдебиеттану оқу құралы», «Сауат үшін», «Сауаттандырғыш» ­ат­ты оқу құралдарын жазуға қатысты. Бейім­бет «Қазақтың Шапайы туралы фильм жасаймын» деп, Ғ.Мүсірепов­пен бірге Амангелді туралы фильм жасауға қатысты.

Б.Майлиннің журналистік қызметі осылайша оның шығармашылық қабі­летінің жан-жақты ашылып, қалып­та­суына зор ықпал етті.

 

Биалаш СҮЙІНКИНА,

Білім саласының үздігі

 

Қостанай