Мемлекеттен денсаулық сақтау саласына қаражат аз бөлінбейді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі сол қаржының көлемі еселенді. Небір емі күрделі ауруларға жоғары технологиялық операция жасалды. Медициналық ұйымдар құрал-жабдықтармен толығып жатыр. Әйтсе де, салада ел күткен ілгерілеу байқалмайтындай. Себебі МӘМС-ке жарнасын аударып отырған тұрғындар емханаға барса, кезек көп, қызмет сапасы көңілден шықпайды. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Жолдауды еске салып, аталған саладағы бірнеше кемшілікті атаған еді.
Соның ішінде ақпараттың бірыңғай дерекқорын құру, бөлінген қаражаттың тиімділігін арттыру өзекті болып тұр. Президенттің цифрландыруға соның ішінде медициналық көмек сапасын арттыруға қатысты Жолдауда жүктеген тапсырмаларын газетімізде бұрынырақта жазған едік. Бұл жолы Денсаулық сақтау министрлігінің Жолдаудан кейін іске асыра бастаған жоба-жоспарларына кеңірек тоқталғанды жөн көрдік.
Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігінің өзінде 17 мемлекеттік ақпараттық жүйе бар екен. Бұдан өзге 20-дан астам жекеменшік ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұр. Министрлік мамандары мұны уақытында өз кезеңінің талаптарына сай әзірленген жүйелер деп түсіндірді. Сол кезде Денсаулық сақтау саласындағы саясат пен талаптарға сай келіпті. Денсаулық сақтау вице-министрінің сөзінше, қазір азаматтардың медицинаға қатысты талаптары өзгерген. Басы ашық сұрақ көп. Саланың дамуына қолбайлау болып отырған кемшіліктер бар. Соның бірқатары ақпараттық жүйелердің бірізділенбеуінен туындап отыр. Сосын медициналық ұйымға баруға апталап, айлап кезек күтетін сәттер болады. Медицина мамандарының артық жүктемесі көп. Медициналық үдерістерде ашықтық сақтала бермейді. Азаматтар кейбір дербес деректерге қол жеткізе алмайды. Заңсыз көрсетіліп жатқан мемлекеттік мединалық қызметтерге мықтап тұсау қойылмай тұр. Денсаулық саласының статистикасы мен жоспарлауда қиындықтар бар. Қуантарлығы дейміз бе, бұл мәселелерден Денсаулық сақтау министрлігі хабардар. Хабардар болғанда да Жолдаудан кейін саланың дамуына тұсау болған кемшіліктерді реттеуге кіріскен сыңайлы. Мұның жай-жапсарын жуырда вице-министр Ербол Оспанов баспасөз мәслихатында айтып берген еді.
– Министрлік қолға алған бірінші жобаның өзінде 6 бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші, денсаулық сақтау саласының қолданыстағы ақпараттық жүйелері модернизацияланады, жаңартылады. Екінші, жалпы медициналық ақпараттық жүйелерді жетілдіру міндеті тұр. Үшінші, медициналық деректерді бір дерекқорға жинау қажет. Өйткені қазір ақпараттың қолжетімсіздігіне байланысты азаматтар денсаулық жағдайы жөніндегі қағаздарын қолма-қол тасып жүр. Төртінші, медициналық ұйымдарға көрсетілген қызметтің ақысын уақтылы төлеу мәселесі бар. Бесінші, интеграциялау. Интеграциялауға қатысты мәселелерді әлеуметтік желіден естіп, біліп отырған боларсыздар. Содан соң денсаулық сақтау саласының бірыңғай порталын енгізу қажет. Өйткені қолданыста порталдардың түрі көп. Тұрғындар қайда барып, неге жүгінерін, салаға қатысты сұрақтарға қайдан жауап аларын білмейді, – дейді Е.Оспанов.
Байыптасақ, цифрландыруға қатысты шаруалар бірді-екілі ақпараттық жүйені интеграциялаумен бітпейді. Мысалы, елде қанша медициналық ұйым жұмыс істейді, олар медициналық көмектің қандай түрін көрсетеді, тағы сол сияқты ақпараттар қолжетімді емес. Медициналық ұйымдардан бөлек, Денсаулық сақтау жүйесі кадрларының реестрі қажет. Салада қанша маман еңбек етеді, олардың сертификаты бар ма, еңбек өтілі қандай деген сұрақтар да қолжетімді болуға тиіс. Сол секілді медициналық қызметкердің науқастарды қабылдайтын бірыңғай графигіне қатысты мәселелер туындап отыр. Тұрғындардан осыған байланысты арыз-шағымдар көп түсетіні біз айтпасақ та белгілі. Өзі тіркелген медициналық ұйымға, дәрігерге жазыла алмай жүрген пациенттер көп. Өйткені дәрігердің күнтізбесі толық. Жұмысы қауырт. Екі-үш апта былай тұрсын, кезегін ай күтуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі осы кезекті бақылауға, жұмысты ширатуға цифрландырудың шарапаты тиетінін айтып отыр.
Келесі кезекте медициналық ұйымдардың базасында жұмыс істейтін 7 жекеменшік ақпараттық жүйені жетілдіру міндеті тұр. Әуелі олардың функцияларын оңтайландырып, қолмен енгізетін ақпараттарды цифрландыру, интеграциялау қажет. Себебі бүгінде дәрігерлер екі-үш, кейде төрт ақпараттық жүйеде шұқшиып, жұмыс істеуге мәжбүр. Мұның барлығы интеграцияның жоқтығынан туындаған кедергілер. Әдетте дәрігер бір пациентті қарауға 10-13 минут жұмсаса, қаптаған ақпараттық жүйелерде отырып 20-30 минут уақытын жоғалтады. Мұнда да цифрландырудың нәтижесінде жұмысты ілгерілетуге болады. Министрлік бұл бағыттағы шаруаларды да биыл бастап, келер жылы біржақты етуге ниетті.
Өздеріңіз білетіндей, қазір медицинада анықтамалардың, құжаттардың түрі көп. Министрлік соны да цифрлық форматқа ауыстыруға мүдделі. Осы күнге дейін кейбір пациенттер анықтама алуға емханаға кезекке тұруға мәжбүр болып келді. Сосын, қағаз жүзінде алған құжатты тиісті мекемелерге, яғни жұмыс берушіге жеткізуге тиіс болдық. Медициналық кітапша толтыруды талап ететіндер тағы бар. Енді келер жылы бұл құжаттар да онлайн форматқа ауысса, жыл сайын медициналық анықтама алу үшін қағаздардың басын қосып, әуре-сарсаңға түспейміз.
– Министрлік қолға алған жобалардың ауқымдысы – барлық медициналық деректі жинайтын бірыңғай базаны құрумен байланысты. Ауқымды жобаның алғашқы қадамдары қыркүйектен басталды. Жалпы, бұл жоба аясында медициналық деректерді 100 пайыз жинайтын эталондық база құрылады. Өйткені қазір өкінішке қарай, мемлекеттің қаржыландыруы арқылы жұмыс істеп жатқан медициналық ұйымдардың ақпаратын жарым-жартылай болсын жисақ, жекеменшік медициналық ұйымдардағы немесе азаматтардың өз қалтасынан төлеген медициналық қызметтер жекеменшік ақпараттық жүйелерде қалып кетіп отыр. Енді соның барлығын бірыңғай эталондық базаға жинайтын кез келді. Пациенттердің деректері пациенттердің соңынан жүру қағидаты бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені келешекте әрбір азамат қандай медициналық мекемеге жүгінсе, сол мекемеде жеке медициналық деректерін қолжетімді ету міндеті көзделген. Осы бірыңғай базаны іске қосу арқылы жалпы медициналық статистиканы қалыптастыру үдерісін цифрландыруды, медицина саласын жоспарлауды жаңа сапалы деңгейге көтеру жоспарланып отыр. Мұның барлығы сайып келгенде пациенттердің игілігіне жасалып жатқан жұмыстар, – дейді Е.Оспанов.
Қолданыстағы барлық ақпараттық жүйелерді интерациялаудың маңызын жоғарыда айттық. Министрлік бірінші кезекте қолда бар 17 мемлекеттік ақпараттық жүйені интеграциялауды көздеп отыр. Яғни осыған дейін басталып қойған жұмысты соңына дейін жеткізеді. Жалпы, алты негізгі бағыттағы жобалардың басым көпшілігі келер жылы іске асады деп көзделген. Нәтижесінде, медициналық қызметтің қолжетімділігі артады. Медициналық ұйымдарда кезек реттеледі. Мамандардың жүктемесі азаяды. Заңсыз көрсетіліп жатқан медициналық қызметтерге шектеу қойылады. Объективті статистика қалыптасады.
Осы көл-көсір жұмыстардың алғашқы нәтижелері туралы аз-кем айтсақ артық болмас. Бүгінде IT-саласының қызметкерлері медицина мамандарымен кездесіп, ақпараттық жүйелердегі кемшіліктерді талқылаған. Дәрігерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдаған. Сол кемшіліктердің реттеудің нәтижесінде дәрігерлер жұмыстың 20-30 пайызға жеңілдегенін айтады. Бірақ министрлік мұнымен тоқтамай, жұмысты тағы ширата түсуге бекініп отыр. Нақтыласақ, олар жұмыс жүктемесін 2 есе жеңілдетуді жоспарлапты. Қорыта келе, түйгеніміз, медицинада цифрландыру арқылы реттеледі деп күтіп отырған міндет көп. Әрине, мұнымен саладағы барлық мәселе бірден шешіледі, кезек азаяды, сапа жоғарылайды деп айтудан аулақпыз. Көпшіліктің медициналық ұйымға қаралуға бұрын апталап, айлап күтетін кезегі 4-5 күнде келсе, мұның өзі тәуір нәтиже болғалы тұр.