• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Саясат 20 Қараша, 2024

Сенат төрағасы Жапония елшісімен кездесті

77 рет
көрсетілді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Джун Ямадамен кездесті. Кездесу елшінің Қазақ­стан­дағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты ұйымдастырылды.

Палата спикері дипломатқа екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға және Астана мен Токио арасындағы саяси-экономикалық байланысты арттыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Сұхбат кезінде экология, энергетика, ауыл шаруашылығы, ғылым, жоғары білім және әділет саласындағы өзара тығыз қарым-қатынас орнағаны сөз болды.

Сонымен қатар М.Әшімбаев Жапония Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі маңызды серіктесі екенін атап өтті. Осыған байланыс­ты ол екі елдің парламентаралық қа­ты­настарын одан әрі жандандыру қажет­тігіне назар аударды.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Жапония арасын­дағы ынтымақтастықты нығайтуға баса мән беріп келеді. Бүгінде «Орталық Азия+Жапония» форматы нәтижелі жұмыс істеп келе жатыр. Осы орайда біз Жапонияның Орталық Азия елдерімен Достық парламенттік лигасының құрылуын қолдаймыз. Елдеріміз арасындағы транзиттік-көлік­­тік, энергетикалық, су және басқа да сала­лардағы ынтымақтастықты ілгері­лету ұзақмерзімді өзара тиімді серіктес­тікке ықпал етеді», деді М.Әшімбаев.

Сенат төрағасы осыған дейін Қазақ­стан мен Жапония арасында түрлі салада, атап айтқанда, сумен жаб­дықтау және медициналық инфрақұ­рылымды жақсар­ту бағытында екіжақты ынты­мақ­тас­тықтың бірлескен жобалары мен бағдарламалары табысты іске асы­рыл­ғанын да айтты. Бұл ретте Жапо­ния­­ның зерттеу орталықтарында қазақ­стандық ғалым­дардың ғылыми тағылымда­мала­ры ұйымдас­тырылғанын атап өткен жөн.

Өз кезегінде елші Қазақстан тарапы­на белсенді өзара іс-қимыл үшін алғы­сын білдіріп, елімізде жүргізіліп жат­қан қоғамдық-саяси өзгерістерді жоғары баға­лады. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдірді.