• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Оқиға 20 Қараша, 2024

Шардарада білім бөлімінің лауазымды тұлғалары ақша жымқырды деген күдікке ілінді

70 рет
көрсетілді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы жүйелі жемқорлық фактілерінің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Жымқыру тәуекелдерін барынша азайту мақсатында барлық өңірлерде бірыңғай бухгалтерлік есеп жүйесі енгізілді. Бұл жоғары жалақы мен «жоқ жандарды» есептей отырып, алаяқтықты уақтылы тоқтатуға, жалған деректердің енгізілуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазір әкімдіктер ай сайын білім беру ұйымдарының бухгалтерлік есеп жүйелерін қазынашылық есептерімен автоматты түрде салыстырып отырады. Кез келген сәйкессіздіктер екі рет тексеріледі.Сонымен қатар, Ішкі мемлекеттік аудит комитеті және оның аумақтық департаменттері биылғы жылдың тамыз айынан бастап жалақыны негізсіз аудару тұрғысынан төлемдерді камералдық бақылауды жүзеге асырады.

«Барлық күдікті операциялар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, білім басқармасына және аударым жасаған ұйымның өзіне талдау жасау үшін түседі. Бұл барлық күдікті операцияларды бақылауға және құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. 2023 жылдың басынан бастап осы салада барлығы 297 қылмыстық іс жүргізілді. Қылмыс жасауда 406 адам әшкереленіп, оның ішінде 196 адам түрлі жазалау шараларына сотталды», делінген хабарламада.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Түркістан облысы бойынша департаменті Шардара ауданы білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтаған.

«12 қатысушыдан тұратын тұрақты ұйымдасқан топ, оның ішінде бөлім басшылары мен олардың бағынысты бухгалтерлері білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақыны заңсыз аудару жолымен 2020-2023 жылдар кезеңінде бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктенеді. Қылмыстық әрекеттермен мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде залал келтірілді. Қабылданған шаралармен жалпы сомасы 639,8 млн теңгеге залал өтелді және мүлікке тыйым салынды», делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеудің аяқталуы туралы есеппен прокуратураға жіберілді.