• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Басылым Бүгін, 07:45

Шеркеш сұлтандары туралы баян

27 рет
көрсетілді

Тарих – болашақ іргесі, рухтың қозғаушы күші. Тарыдай шашылған Түркі тарихы түгенделіп, соңғы жылдары әлемнің әр тұсынан жаңа деректер табылып жатыр. Осылайша, өшкеніміз жанып, жалған өрнектерден арылып, өз-өзімізді тануға жол ашылып келеді.

Елордада шығыстанушы, мәм­лүктер тарихын зерт­теу­­ші, арабтанушы Қай­рат Сәки­дің «Шеркеш Мәмлүк сұл­тан­дары» кіта­бының таныстырылымы өтті. Тұ­саукесерге зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, оқырмандар қатысты.

Іс-шарада сөз алған филология ғы­лымдарының докторы, профессор Әділ Ахмет ғалым еңбегі жөнінде пікір білдірді.

– Жалпы, бұл жинақ еліміздің өр­кениетіне қосылған үлкен үлес деп айтқым келеді. Осы тұсаукесерге келмес бұрын Қайрат Сәкидің көптеген сұхбатын, пікірін шолып, қарап шығып, риза болдым. Қайраттың ғылымға қосқан ең үлкен үлесінің бірі – Бейбарыс есімін Байбарыс етіп анықтап, дәлел­деуі. Бұл кітап әр қазақтың мақ­тан тұтар шығармасы десек, артық айтқаным емес. Қайреке, сіз үлкен шаруа бітірдіңіз, еліңізге үлкен жақсылық жасап отырсыз. Мұның бәрі патриоттық намысты оятатын атаулы еңбек, – деді ғалым.

Кітапта ортағасырлық жазба мұ­раларды талдай отырып, шеркеш мәм­лүктердің шыққан тегін, олар­дың басқа ұлыстармен этностық, лингвистикалық, этно­графиялық байланысын анықтаған. Тарихи шығармада орта ғасырда 267 жыл өмір сүрген Түркі мемлекетінде Бай­барыс сұлтан негізін қалаған қып­шақ мәмлүктерін ауыстырған шер­кеш сұлтандары турасында сыр шер­тіп, арғы тарихымызды баян етеді.

Шарада жинақ авторы Қайрат Сәки өзінің тарихқа келу жолы турасында баяндады.

– Мен әу басында араб тілі маманы болдым. Ал тарихты жазуға келу жолыма келсек, Иорданияда оқып, Иракта үш жыл аудармашы болып қызмет еттім. Ирактағы араб сөз­дігінде түркі сөздері өте көп. Міне, осылайша санам оянып, Мысыр елінің кітапханаларын ақтару арқылы түркілік тарих турасында құнды мәліметтерге кезіктім. Осының бәрі тарихқа деген қызығушылығымды оятты, мақалалар жаза бастадым. Ал бүгінгі шеркештер тарихын жазу барысында әлемнің бірталай елін аралап шықтық, – деді ғалым.

Мұнан соң іс-шара сұрақ-жауап түріне ауысып, мәмлүктер, шеркештер тарихы бойынша ғалымға әртүрлі сауал қойылып, жауабында маңызды пікірлер өрбіді. Оның ішінде Мысырдағы Түркі мемлекетін (1250-1517) 1382 жылдан 1517 жылға дейін басқарған шеркеш сұл­тандарының билікке келу тарихы, атақты тұлғалары, мемлекет басқару мен мәдениет салаларында қалдырған ізі, сақталған мұралары жөніндегі зерттеу турасындағы мәліметтер қам­тылды. Жинақтың негізгі мазмұны да – ортағасырлық жазба мұраны талдау арқылы шеркеш мәмлүктердің шыққан тегін, олардың басқа халықтар мен ұлыстарға этностық, лингвистикалық, этнографиялық байланысын анықтауға арналған.

Айта кетейік, ғалым өткен жылы сұлтан Байбарыстың 800 жылдығына орай «Сұлтан Байбарыс» кітабын оқыр­манға ұсынған еді. Биыл «Жа­лайырлар тарихы» атты жинақты толық­тырып басып шығармақ.