• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Фотогалерея 21 Қараша, 2024

Фото нысанда – тұмса табиғат

28 рет
көрсетілді

Тереңіне қанша бойласаң да, тылсымы мен құдіретін түгел ашпаған таби­ғат­тың байлығы мен құбылыстарынан асқан не ғаламат бар? Алыс-алыс ел­дерді, адам аяғы тимеген нулы жерлерді айтпағанның өзінде, туған өлкеміздің өзі тұнған қазына, небір кереметке толы екенін кім жоққа шығара алмақ.

Сонымен Алматыда «Қазақ­станның тұмса табиғаты» веб-сайтының тұсаукесер рәсімі өтіп, сайт таныстырылымы аясында аттас фотокөрме қатар ашылып, жұртшылық назарына жоба дерекқорына кірген жан-жануарлардың тамаша суреттері ұсынылды. Осы арада жаңа жобаның бірнеше жақсы қыры бар екеніне тоқтала кету керек, егер тек фотоөнердің отызға жуық жанры болса, бұл осы бағыттың дамуына серпін берері сөзсіз. Бір жағынан жаңа сайт ғылымға деген қызығушылықты арт­тыруға септесіп, биоалуандықты сақтаудың маңыздылығына қоғам назарын аударатыны даусыз.

Бір емес, үш бірдей жоғары оқу орнының фотоөнерді меңгеріп жүрген студенттерінің қызығушылығын оят­қан ілкімді жобаны «Шеврон» ком­пания­сының демеушілігімен «EcoFor­ming» эко­логия және білім беру қоры­мен бірге Қа­­зақстан Зоология институты мен «National Geographic Qazaqstan» журна­лы­ның қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Жоба авторларының айтуынша, жаңа сайт интернет-пайдаланушыларға еліміздің жан-жануарлар әлемін ке­ңінен насихаттауды, аң мен құстардың бірегейлігін көрсетуді мақсат еткен. Соған орай, әрбір тіршілік иесінің түр-сипаты мен ерекшеліктерін таны­татын жоғары сапалы портреттік фото­түсірілімдер жасалған. Фотогалерея жо­ба­ны дамыту барысында тың деректер­мен, жаңа фотосуреттермен толыға бермек.

Бір жағынан «Қазақстанның тұмса табиғаты» веб-сайты студенттер мен оқушылар үшін ғана емес, байтақ елі­міздің фаунасын зерттеушілерге де көр­некті әрі бағалы дерекқор ретін­де қызмет атқарады. Бояуы қанық плат­форманың бірегейлігі сонда – мұнда тұмса табиғаттағы жан-жануарлар дүние­­сін танып-білгісі келетін зерттеу­шілер мен әуесқойларға аңдар мен құс­тардың портреттік һәм табиғи орта­дағы жоғары сапалы фотосуреттері ұсы­нылмақ.

Тамаша жобаның тұсаукесер рә­сімінде «Шеврон» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бойынша кеңесшісі Лейла Айтмұханова мен жобалық команда өкілі Қанат Абашов жұмыстардың қалай жүріп жатқаны туралы қызықты баяндады.

Осы жобадағы ең қиын да қызықты жұмысты атқарған фотографтар – «National Geographic Qazaqstan» жур­на­лының шеф-фотографы Ерболат Шадра­хов пен тұмса табиғат фотографы Владислав Якушкинге сөз берілгенде, көзмергендер еліміздің зообақтары мен ұлттық қорықтардағы қызықты сәттерді ерекше әсермен әңгімеледі.

 

АЛМАТЫ