• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Сұхбат 21 Қараша, 2024

Уақыпты дамытатын уақыт келді

643 рет
көрсетілді

Бірнеше жыл бұрын елімізде Президент жарлығымен «Уақып» корпоративтік-қайырымдылық қоры құрылды. Қазір аталған қор Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанында жұмысын жүргізіп жатыр. Жалпы, «Уақып» дегеніміз не? Оның елге қандай пайдасы бар? Біз қор басшысының кеңесшісі, ұзақ жылдан бері осы тақырыпты зерттеп жүрген исламтанушы Қуат ҚАБДОЛДАНЫ әңгімеге тартқан едік.

– Қуат аға, ең алдымен «уа­қып» сөзіне түсініктеме бер­сеңіз?

– Дінімізде «уақып» деп бел­гілі бір мал-мүлікті көп мәр­те қайырымдылық жолында пайдалануды айтады. Мысалы, халыққа үй, көпір салып беру, ағаш отырғызу, бау-бақша егу, құдық қазып беру, т.б. Бұл – үзілмейтін садақа. Ол мүлікті мешіттер мен медреселер, жекелеген адамдар, оның ішінде пақыр-міскіндер, жетім-жесір­лер, басқа да мұқтаж жандар пайдаланады. Уақыптың үш түрі бар. Олар – діни уақып, қайы­рымдылық уақыбы және арнайы немесе ұрпаққа арналған уақып.

Діни уақып деп қаражатты, мал-мүлікті құлшылық мақсат­тарына арнап жұмсауды айтады. Мысалы, қазір елімізде дәулетті адамдар мешіт салып, құлшылық орындарына көмек беріп жатыр. Бұл – таза діни уақып.

Қайырымдылық уақыбы (Батыс­та «pһіlаntrоріс» деп айта­ды) дегеніміз – жыл­жы­май­тын мүлік пен қаражатты әртүр­лі қайырымдылық істеріне (ден­саулық сақтау, мәдени іс-шара­лар, оқу, қоғамдық, қауіпсіздік салалары) арнау. Бұған, жоға­рыда айтқандай, халыққа үй, көпір, басқа да орындар салып беру секілді қайырымдылық ісі жатады.

Арнайы немесе ұрпаққа арналған уақып деп пайғамбар­ сахабалары ойлап тапқан уақып түрін айтамыз. Олар уа­қыпты әуелі өз ұрпағына, со­сын қайырымдылықтың жал­пы түріне арнаған еді. Мыса­лы, бір адамның дүкені болса, оны ұрпақтарына қалдырып: «Осыдан түскен табысты екі­ге бөліңдер. Жартысын қайырым­дылыққа жұмсап, жартысын өзде­рің пайдаланыңдар», дейді. Яғни бұл жерде ұрпағының да жағдайына қарайласу, сонымен қатар уақыпты жалғастыру ниеті жатыр.

– Исламдағы уақыптың тарихы қай кезден басталады?

– Уақып – пайғамбар сүннеті. Алла елшісі (с.ғ.с.) өзіне сыйға берілген «Фәдәк» дейтін бау-бақ­шасын уақып ретінде халық­қ­а пайдалануға қалдырған. Ха­дисте мына оқиға айтылады: «Омар ибн Хаттаб (р.а.) Хайбар соғысында бір жерді иемденген еді. Бір күні осы жер хақында кеңесу үшін пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың елшісі, мен Хайбар соғысында бір жерді меншігіме алдым және ондай байлыққа бұған дейін ие болмадым. Бұл жерге қатысты маған қандай әмір бересіз?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер қаласаң, ол жерді уақып қыл да, одан түскен пайданы садақа қылып отыр», дейді». Ислам тарихшылары бұны «ең алғашқы уақып» деген.

Одан бөлек, хазреті Осман­ның (р.а.) яхудиден сатып алған құдығы қазіргі күнге дейін Мәдина қаласында пайда­ланы­лып келеді. Ол жерде хали­фаның құрма бағы да бар. Одан түскен қаражат сол заманнан бері пайғамбар мешітінің қажеттілігіне жұмсалып жатыр.

– Сіз бір сөзіңізде қазақ жерінде де уақып ретінде қал­ды­рылған жер көп болға­нын айтып едіңіз...

– Иә, қазақ топырағындағы уақып жер мен олардың құжат­тары негізінен қожалардың, ишандардың қолында еді. Кеңес өкіметі «Бүкіл жер – ша­руаларға, зауыт-фабрикалар – жұмысшыларға» деген ұранмен байлардың, қожа-молдалардың бәрін итжеккенге айдап, көзін жойғаннан кейін, қараусыз қалған сол уақып жердің бәрін мемлекет иелігіне қайтарып алды. Бұл – бұлтартпас тарихи шындық.

Біздің топырақта уақып­қа берілген жерлердің болға­нының бірден-бір дәлелі – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Әмір Темір 1397–1405 жылдары Ясауиға арнаған мешіт-медресесін тұрғызып қана қоймай, артына «уақыпнама» қалдырғаны жөнінде деректер бар.

Кеңес өкіметі кезінде сол мавзолейдің алдындағы ағаштар шығып тұрған жерін жөндеп жатқанда Әмір Темірдің 3 мың күміс ақшасы мен хаты табылған. Онда: «Осы хатты тапқан адам кесененің аяқталмай қалған жерін аяқтасын», деп жазылған екен. Ол уақыпнама жайында М.Е.Массонның «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» атты еңбегінен оқып танысуға болады.

Мешіттің жанында моншасы, қонақүйі, бау-бақша егілген алқабы бар еді. Дүйсенбі, бей­сенбі күндері тайқазанға «халим» дейтін тамақ пісіріліп, таратылатын. Одан «кедейдің бір тойғаны – бір қуанғаны» дегендей, жоқ-жітік тамақтанған. Мешітте үздіксіз Құран оқып отыратын имамы, уақыпқа жауапты адам (мүтәууәли) да болған. Яғни бұл кесене мешіт қана емес, жанында өз шаруашылығы бар үлкен кешен болғанын тарихи деректер растайды. Ол сырттан көмекке мұқтаж емес, өз-өзін материалдық жағынан қамтамасыз етіп қана қоймай, халыққа да қайырымдылық ісін жасап отырған кешен еді.

ХІХ-ХХ ғасырларда қазақ зия­лылары отаршылдыққа қарсы тұрудың бірден-бір жолы – халықтың ұлттық, саяси сауатын арттыру деп біліп, уақыптың оқу-ағарту саласын дамытты деп сенімді айта аламыз. Меценат қазақ байларының қолдауымен ұлттың үнжариясы болған «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы» газеттері, «Айқап», «Абай» журналдары жарық көрді. Бұл да уақыптың бір түріне жатады. Олардың қатарында семейлік Қаражан Үкібаев, шыңғыстаулық Медеу Оразбаев, Ике Әділов, Қарқаралы өңірінен Хасен Ақаев, ағайынды Бекметевтер, Ыбырай Ақпаев, жетісулық Маман бай­дың балалары, торғайлық Мұс­тафа Оразаев, қобдалық Иса Көпжасаров, Сырым батырдың шөбересі Салық Омаров, Маң­ғыстау өңіріне аты шыққан бай Тобанияз Әлниязовтарды ерекше атап өтуіміз керек.

– «Уақып» қоры қазір қандай жұмыспен шұғылданады?

– Бұған дейін бірнеше жыл «Уақып» қорына Ардақ Оразбаев есімді азамат басшылық етті. Ол кезде елімізде қайырымдылық мекемелері мен студенттерге арналған жатақханалар ашылып, халыққа көмек беру, игі сауапты істерді ұйымдастыруға атсалысты. Жуырда қорға Азамат Әбдікерімұлы есімді бауырымыз басшы болып келді. Еліміздің әр облысында қордың өкілдері жұмыс істейді. Олардың да қолға алып, бастап жатқан игі бастамалары бар. Қордың негізгі мақсаты – ауыл имамдарына жалақы беру, діни ағарту іс-шараларын жетілдіру секілді бағыттарға үздіксіз қаржылай көмек жасау. Мешіт имамдарына мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейді. Сондықтан осы олқылықты қор арқылы толтыру қолға алынған. Сонымен қатар «Уақып» қоры әлеуметтік әл-ахуалды арттыратын жоба­лар­ды да қаржыландыру, діни ағартушылық бағытында жаңа­ша жобаларды жүргізу қыз­меттеріне басымдық бермек.

Елімізде «Уақып» қорымен бірге жұмыс істеуге ынталанып, оның қызметіне атсалысып жатқан қайырымды азаматтар көп. Меценат, кәсіпкер азаматтар жерлерін, ғимараттарын қоя бастаса, кейбіреуі кәсібінің бір бөлігін «Уақып» қорына ай сайын аударып тұруға келі­сім жасап, қор тарапынан «уақып­нама» құжатын алып жатыр. Қордың ең негізгі мақсаты – қаражат, жер, ғимараттарды әрі қарай үздіксіз садақаға, яғни классикалық уақып негізіндегі қорға айналдыру. Айта кетсек, осы классикалық ислами уақып қорларынан Батыс елдері ертеден бастап үлгі алып, қазіргі күні оларда «эндаумент қорлары» деген атпен жұмыс істеп жатыр.

– Ал өзге мұсылман елде­рінде уақып ісі қаншалықты қолға алынған?

– Уақып ісі мемлекеттік дең­гейде дамыған елдердің бірі – Түркия. Дін саласы туралы айтатын болсақ, мешіт имамдарына толықтай жалақы беріледі. Түркия дін істері министрлігі қаражатының 30 пайызын мемлекет бөлсе, қалған 70 пайызы уақыптан түседі.

Түркияда уақыпты мемле­кеттік және жекеменшік сектордан кейінгі «үшінші сектор» деп атайды. Оған қарайтын зауыттар, сауда орталықтары жұмыс істейді. Егер уақып орталықтары шаруашылықпен айналысса, белгілі бір жеңілдік беріледі. Өйткені ол біреудің жеке мүлкі емес, қоғамға ортақ мақсатта жұмыс істеп жатқаны белгілі.

Ал Пәкістанда мынадай уақып түрі бар. Қоғамдық тамақ­тану орындарындағы ас беру, қонақасы секілді жиындардан кейін арнайы уақып ұйымының адамдары келіп, желінбей қалған таза тағамдарды ыдыстарға салып, жетім-жесірлерге таратып шығады. Бұл бір жа­ғы­нан қайырымдылық көмек болса, екінші жағынан ысырапшыл­дықтың алдын алады.

– Елімізде көп адам уақып­тың не екенін біле бермейді. Оны халыққа түсіндіру үшін не істеу керек?

– Уақып – бізде әлі де терең­нен қозғалмай жатқан үлкен тақырып. Бұрын халқымыз «халалдың» да не екенін білмей­тін еді, қазір бұл – бәріне белгілі дүние. Сол сияқты уа­қыптың қандай маңызды қайырымдылық түрі екенін отандастарымыз түсінетін күнге де жетеміз.

Қазіргі күні елімізде «Нұр-Мүбарак» университеті мен мешіттердің бәрі де уақып ретінде салынып, жұмыс істеп жатыр. Діни басқарма қолға алып, халықтың көмегімен мұқтаж жандарға үй беріп келе жатқан «Ел үлесі – пәтерге» жобасы, өзім құрылуына атса­лысқан «Харекет» қоры да – уақыптың шынайы көрінісі.

Мен көп жылдан бері уақып тақырыбын теориялық тұрғыда зерттеумен қатар, тәжірибелік жағынан да іске асырумен айналысып келемін. Алматыда бір топ азамат «Тарбағатай» имандылық-қайырымдылық қорын ашқанбыз. Бұл қор көп ауылда мешіттердің салынуына, шығыстағы елді мекендерді су басқанда әлеуметтік көмек көрсе­ту іс-шараларына мұрын­дық болды. Бірнеше жыл бұ­рын «Қазақстан» деп атала­тын ауылда мешіт салуға атсалыс­тық. Алматыдағы «Бекет ата» мешітінде арнайы уақып қорын аштық. Қайырымдылық акция­ларына қатысып, мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізуге атсалысып тұрамыз. Уақып негізі бойынша қайырымдылық қорлар ашып жатқан кәсіпкер­лерге қолдан келгенше бағыт-бағдар береміз. Атам қазақ «Сұңқар жемін шашып жейді...» демекші, қолында барын елмен бөлісіп, садақаның ең сауапты жолына арнағысы келетін осындай азаматтарымыз көп болса, ел ішінде мұқтаждар мен жоқ-жітік азаяр ма деген үміт мол. Сол күнге жеткізсін!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»