• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кино 21 Қараша, 2024

XVII «Еуразия» кинофестиваліне шетелдік сарапшылар қазылық етеді

32 рет
көрсетілді

Алматыда өтетін XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне шетелдік сарапшылар тартылған. Биыл қазылар алқасының 70%-ын Түркия, Қытай, Франция, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Швеция, Марокко сияқты елдерден келген шетелдік сарапшылар толықтырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл фестивальдің халықаралық деңгейде мойындалғанын және оған деген қызығушылықтың артқанын білдіреді.

Еске салайық, мәдени іс-шара 24-30 қараша аралығында Алматы қаласында өтеді. Кино әлемінің үздік мамандары – режиссерлер, актерлер, сценаристер мен көрермендер бір алаңда тоғысады. Олар өзара пікір алмасып, заманауи киноның дамуындағы жаңа әдістерді талқылап, өз тәжірибесін бөлісе алады.

Фестивальдің негізгі байқаулары да ерекше назарға алынған. Халықаралық байқауға әлем кинематографиясының аңызы, Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағы» иегері Нури Бильге Джейлан төрағалық етелі. Қазылар алқасының құрамына сондай-ақ Рано Шодиева, Нада Ажари Гиллон, қазақстандық режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов және қырғыз режиссері Артықпай Сүйіндіков бар. Ал Орталық Азия және түркі әлемі елдері байқауында бақ сынасатын туындылардың  ең үздігін басқа топ анықтайды. Қазылар алқасының төрағасы - Ли Баохуа. Оның шығармашылығы негізінен мәдени мұра тақырыбына арналған және киносүйер қауымның көңілінен шығады. Қытайлық режиссермен бірге фильмдерді марокколық Абделила Эль Джаухари, ресейлік Алексей Тельнов және отандық продюсер Жанна Қуанышева бағалайды. 

Одан бөлек фестивальге Азия елдерінің кинематографиясына ерекше көзқарас ұсынатын NETPAC қазылар алқасы қатысады. Олардың қатарында Нина Кочеляева, Гүлбара Толомушова және Андре Рафаэль Иванов бар. 

Айта кетейік, кинофестивальдің жүлде қоры 20 миллион теңгеден асады. Байқаудың бас жүлдесін жеңген фильм 4 миллион теңгені қанжығасына байлайды.

Фестиваль аясындағы көрсетілімдер 25-30 қараша аралығында Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында өтетінін еске сала кетейік. Мәдени іс-шараның кең аудиторияға қолжетімді болуы үшін барлық көрсетілімдер тегін өтеді.

Дәстүрлі фестивальдің негізін қалаушы және ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Кинофестивальді тікелей ұйымдастыру Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына жүктелген.