Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең белді ұйым – UFC алдағы күндері тағы бір қазақтың қайсар ұлымен толығуы мүмкін. Ол үшін Бағлан Жеңісұлына (18-5) 23 қарашада Макаода ұйымдастырылатын Road to UFC турнирінде Су Ён Югені (13-3) сан соқтыруы қажет. Қытайда туып-өскен қандасымыз аталған жарыстың бастапқы бәсекелерінде қытайлық Ли Юньфенді (11-5) екінші раундта есінен тандырса, жапониялық Токитако Наканисиді (12-4) ұпай санымен жеңді.
Бүгін Канаданың Ванкувер қаласында семсерлесуден Әлем кубогінің кезекті кезеңі басталды. Турнирге еліміздің ерлер құрамасы да қатысады. Олар – Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай, Кирилл Павлов. Халықаралық семсерлесу федерациясының мәліметінше, Үйеңкі жапырақтары елінде барлығы 25 команда бақ сынайды.
Футболдан 2026 жылы өтетін әлем чемпионатының іріктеу турниріне қатысатын командалар бес себетке бөлінді. Қазақстан құрамасы Болгария, Люксембург, Армения, Косово, Әзербайжан, Эстония, Кипр, Литва, Фарер аралдары, Латвия құрамаларымен бірге төртінші себетке түсті. Өзге себеттегі командалар мыналар: бірінші – Франция, Испания, Англия, Португалия, Бельгия, Нидерланд, Италия, Германия, Хорватия, Швейцария, Дания, Аустрия. Екінші – Сербия, Украина, Түркия, Швеция, Уэльс, Польша, Мажарстан, Грекия, Норвегия, Румыния, Словакия, Чехия. Үшінші – Шотландия, Словения, Ирландия, Финляндия, Грузия, Албания, Солтүстік Македония, Исландия, Солтүстік Ирландия, Босния мен Герцеговина, Черногория, Израиль. Бесінші – Молдова, Мальта, Андорра, Гибралтар, Лихтенштейн, Сан-Марино. Жеребе тартылатын күн 13 желтоқсанға белгіленіп отыр.
Нысана көздеуден ел құрамасының спортшысы Никита Чирюкин Азияның жаңартылған ASC рейтингінде бірінші орынды олжалады. Ол 25 метрден жылдам атылатын тапаншамен оқ атудан 1500 ұпай жинады. 50 метрден кіші калибрлі мылтықпен үш қалыптан оқ ату бойынша Константин Малиновский бесінші орында. Дәл осы дисциплинада Александра Ле жетінші орынды иеленсе, пневматикалық тапаншамен 10 метрден оқ атуда Валерий Рақымжанов бесінші сатыға жайғасты.
Халықаралық үстел теннисі федерациясы өз рейтингін жаңартты. Соңғы бірнеше WTT турнирлеріндегі табысынан кейін Жәния Бекмұхамбетова бірден бірнеше сатыға жоғарылап, қазіргі кезде 11 жасқа дейінгі ойыншылар арасында екінші орынға орнықты. Қазақ қызы тек жапониялық Мику Матсушимадан ғана қалып келеді. Ал үздік үштікті америкалық Изабела Джосефф түйіндейді.
Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыс» ойда жоқта үздіктер санатында жүрген Магнитогорскінің «Металлург» клубын ұтып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Астанада өткен ойын басталған бетте Максим Мухаметов есеп ашса, қонақтар лезде таразы басын теңестірді. Десек те 29 минутта Кирилл Панюков соққан гол айдын иелеріне жеңіс сыйлады. Есеп – 2:1.