• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих Бүгін, 08:30

Элизабет Бэкон көрген Қазақстан

90 рет
көрсетілді

Батыс ғалымдарының халқымыз туралы ғылыми еңбектер жазып, оны Америка сынды ­алпауыт елдің баспаларынан шығаруының маңызы зор екенін бұған дейін де айтқанбыз. Біздің бай тарихымыз, табиғи ресурс­тарымыз және отанымыздың геосаяси маңызы әлемдік зерттеушілердің қызығушылығын тудырып келе жатқанына шамамен екі ғасырдан асты.

АҚШ ғалымы Элизабет Бэконның «Ресей отарындағы Орталық Азия» атты зерттеу еңбегіндегі елімізге қатысты деректерді парақтап көрдік. Автор аталған кітабының алғысөзінде бұл жазбаның маңызы мен оның Орталық Азияны танудағы рөлін анық баян етеді. «1933–1934 оқу жылында Йель университеті мен КСРО Ғылым академиясының бірлескен жобасымен Қазақстанға бару мүмкіндігіне ие болдым. Бірнеше апта Алматыда болып, Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалының вице-президенті С.Ж.Асфен­дия­ровтың ұйымдастыруымен көптеген қазақпен, кейбір аға буын тұлғалармен, педагогикалық факультетте білім алып жүрген ауылдан қалаға жаңадан келген жастармен сұхбаттасуға мүмкіндік туды», деп жазады ол сапар барысын түсіндіріп.

Әрі қарайғы беттерде автор­дың Алматы­дан көп нәрсені байқағаны, жалпы алғанда қа­ла­ның сыртқы келбеті, жаңа салынған пошта бөлімшесінің жанында байлаулы тұрған түйелер, заманауи сәулеттік стильдегі кейбір ғимараттар, шаһар ше­тіндегі киіз үйлер, мешіт азан­шысының тұнық дауысы сөз болады. Ғалым ебін тауып қазақ студенттерімен шүйіркелескенде, олардың білім саласындағы жаңа мүмкіндіктер туралы айтқандағы бал-бұл жанған жүздеріне таң-тамаша болады.

«Мамыр айында Орынбордың (қазіргі Чкалов) арғы жағындағы дала жап-жасыл, қызғалдақ жайнап тұр. Арал теңізінің солтүстік шетіндегі дала сарғайып кеткен, оның үстіне шөп тым шалаң көрінді. Ал бұл өңірде әлі күнге дейін ұжымдастырудан бас тартқан қазақтар пойыздағы жолаушыларға қолмен иірілген жүн жіптерді ұсынады. Жалғыз аялдамада діңге сүйеніп, алай-түлей дауыс шығарып тұрған пойызға еш назар салмай, бір қазақ қобыз ойнап отыр. Түркісіб темір жолынан аулақта қараусыз қалған бекіністердей бірнеше хан немесе әулие-пірлердің бейіт­тері көзге бірден шалынады. Бізбен пойызда бірге отырған қазақ үкіметінің әлдебір мүшесі Семейдегі ең маңызды жер – кеңес өкіметі өсіру үшін әкелген герефорд бұқасы базасын көруіме кеңес берді». Сапарын осылай бастаған зерттеуші еліміздің су ресурстары, жер бедері, Орталық Азиядағы түркі халықтарының тілдік байланысы, қазақ тарихы мен мәдениеті туралы сыр қозғайды. Осы арада автор «Ескі және жаңа қазақ көлігі» атты бір суретті кітабына кірістіреді. Бая­бан далада атқа мінген үш кісі мен жаңа заманның көлігі вело­сипедте отырған бір азаматтың жар­қын бейнесі көз алдымызда тұр. Бәрі­нің басында қазақы тымақ.

Әсіресе халқымыздың жыл­қы мәде­ние­ті, барымта-сырым­та дәстүрі ғалымды қат­ты қы­зық­тырған. «Қазақ баласы әдетте тым ерте жастан атқа мінуді үйренеді. Әр балаға ат әзірленіп, әбзелдер беріледі. Бұл жағдай оның емін-еркін жүріп, еркіндікті сезінуіне жол ашады. Қазақтың өрісі малға толы, оның ішінде жылқы саны мол. Кейбір байларда 3 мыңнан астам жылқы бар» дей келе, автор сайын дала төсіндегі көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігінде әр түліктің өз орны мен рөлі барын, әр мезгілде қоныстанатын мекеннің де алдын ала таңдалатынын баян етеді. Сонымен қатар жұттың қазақ мал шаруашылығына қаншама зиян салғанын, ХІХ ғасырдың ішінде Қазақстанда 20-дан астам жұт болғанын айтады.

Оқшау өмір сүрсе де, өрке­ниеттен кенже емес екенімізді айт­қысы келді ме, ғалым ұлтымыздың ас-су, киім-кешек мәдениетіне айрықша тоқталады. Мысалы, ол шапан­ның қалай тігілетінін, оның қадірі мен бағасы, кімдер киетіні жөнінде арнайы түсінік беруден жалықпайды. «ХVIII ғасырдың аяғында киім-кешек қарақұйрықтың, құлынның, құндыздың, түлкінің терісінен тігілді. Сол кезде қазақтар айырбас немесе керуендерді тонау арқылы импорттық тоқыма бұйымдарды да пай­д­а­ланды. Кейінгі ғасырда, әсіресе әйелдер киімі импорттық маталардан арнайы тігілетін бол­ды», дейді. Бұл деректен халқымыздың сонау ерте­де сыртқы келбетке баса мән беретінін түсі­н­еміз.

Батыс ғалымдары жаз­ған көп­­теген еңбек­те халқы­мыз­дың бере­ке-бірлігі айрық­ша­ сөз болады. Олар­ды біздің енші бөлу дәс­­­­түрі­міз тәнті ететінін де осындай­да айта кет­­­кен жөн. Жаңа отау құрған жас отбасын ауыл-аймақ болып аяқтандырып, демеп жі­б­­е­­ру дәстүрі – Батыс адамдары үшін таңсық салт болып көрінетіні шындық. Әдеттегідей Эли­­забет Бэкон қазақтың үш жүзінің тарихы, орна­ласу жағ­дайын айта келіп, жетімін жылат­па­ған, жесірін жатқа бермеген қа­зақ ру­ба­­сы­­­­ла­рының ауылын ұйыс­тырып, береке­сін бекем­деген дип­ло­­ма­тиялық көзқарасына үңіледі.

«ХІХ ғасырда қазақ шаруашы­лығында аңшылық аз рөл атқарды, бірақ түлкілер, бөкендер және басқа жануарлар терісі үшін аулалып, киім-кешек және көрші халықтармен айырбас ретінде пайдаланылды. Қазақтардың көп­шілігі балықты тағам деп санамайды, тіпті оны менсінбейді. Киіз үй көшпелі өмірге де, ыңғай­сыз континенттік климатқа да тамаша бейімделген». Тас үйде отырған адамдар үшін киіз үйдің қолайлылығы, оның құрылысы, тарихы таңырқайтын дүние болып көрінуі әбден мүмкін. Осыдан кейінгі сөзінде автор ұлтымыздың көшпелі халық болғандықтан, би-болыстарымен келіспесе, олардан қысым көрсе, жаңа қонысқа көшіп кететінін тілге тиек етеді. «Қазақтың әдет-ғұрып құқығын алғаш рет жүйеге келтірген хан Тәуке (1680–1718) туралы деректер тым аз. Олар кезінде жауға қарсы шапқан қолбасы қызметін атқарды» дейді сөз арасында Тәуке ханның беделін биіктетіп.

Халқымыз туралы дерек­тер­ді құнттап жинағаны сонша, америкалық ғалым бір сөзін­де қазақтар арасында құл­дық дәстүр болғанын, соғыс тұт­қын­дары, ашаршылық кезінде ата-анасы сатып кеткен балалардың болғанын айтады. Осыдан кейін ол біздің жеті атаға толмай қыз алыс­пау секілді дала­лық ерекшелікке ие тиымдарымызға тоқталады. Шамандық дәуір, бақсы-балгерлік сенім, діни мейрамдар туралы айта келе «қазақтардың дінге деген сенімі шамалы болды» деген көзқарасын қосады. «Білім беру саласында өзгерістер көбірек байқалды. Бөкей ордасындағы немесе кіші жүз қазақтары Жайық пен Каспий арасындағы аймақ­тан батысқа қарай қоныс аударғанда, билік ұстаған хандары өз халқының білім алуына ынталы болды. 1823 жылы хан бол­ған Жәңгір медреселер мен мек­тептер салып, жазда киіз үйде сабақ беретін мектеп кур­­сын ашу туралы жарлық шы­ғар­ды. 1841 жылы Қазан татар­ларының жетекшілігімен қазақ гим­на­зиясы ашылғанға дейін бұл мек­тептер­ден ерекше көзге түскен оқу­шылар орыс гим­на­з­иясына жіберілді». Сонымен, ол осылай қазақ даласында ағартушылық, білім-ғы­лымның сәулесі қашан, қалай жағылғанын оқыр­манына аңғар­тады. Осыдан кейін автор Ыбы­рай Алтынсариннің істе­ген ұлы істеріне тоқ­та­лып, оқы­­­ған қазақтардың орыс пен қа­­зақ ара­сын алтын көпір болып жалғағанын, соның мы­салы Шоқан Уәлиханов болғанын баян­дайды.

Элизабет Бэкон өз зерт­­те­уін­­де хакім Абайды да ұмыт­па­­­­ғанын аңдадық. Ол тура­лы жы­лы пікірін былай өрбі­те­­ді: «Се­мейдегі мұсылман мед­­ре­сесінен білім алған аса білімді Абай Құнанбайұлы да орысша үйренуге пейілді болды. Ол араб, парсы тілдерін меңгерген. Сол үшін де ақын Шығыс классиктерінің еңбектерін, «Мың бір түнді», «Шахнаманы», Лермонтов, Пушкин, Гете, Бай­ронның шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті». Ғалымның Абай туралы бұл көзқарасы ақынның есімін Батыс әлемі­не таныстыруға септігін тигізген шығар деген ой жылт ете қалары анық. Ендігі сөзін­­де ол Абайдың прозалық, поэ­­­­­­­зия­лық шығар­маларында грек үлгі­­­сінің және Дар­вин, Спенсер, Спиноза секілді Батыс ғалым­да­ры­­ның гуманистік ықпалы көрініс табады деген тұжырымдаманы алға тартады. Абайдың «Мың бір түн» мен «Шахнаманы» аударды дегені біздің бұл тақырыпты әрі қарай тереңдете зерттеуіміз тиіс екенін айқындайды.

Сонымен, алпыс жыл бұрын біз­дің дала­мызға келген амери­ка­лық ғалым Элизабет Бэкон бұл жақ­­­тан нені көріп, нені сезінсе, кіта­­бын­да соны жазыпты. Тіпті ол кең даламызда жайылған мал­дың да санын біліпті. Оның дере­гін­ше, 1916 жылы біздің елде 4 мил­­лион 340 мың жылқы болыпты. «Осы зерттеуді жүзеге асы­ру­ға кө­­мектесіп, грант бөл­гені үшін аме­­­рикалық Білімді қо­ғам­дар кеңе­сіне және Веннер-Грен Антро­поло­гиялық зерттеу­лер қо­рына алғыс айтамын» деп жа­зып­ты автор 1965 жылдың қа­ра­ша­­сында. Ара­ға алпыс жыл салып хал­­қы­мыз туралы танымдық кітап жаз­ға­ны үшін Элизабет ғалымға алғыс айтамыз.