Жазушы Шәрбану Бейсенованың «Сүзгенің соңғы күндері» және «Бозоқ аруы» атты шығармалары түрік оқырмандарына жол тартты. Кітап таныстырылымын Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігі және Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы бірігіп ұйымдастырды.
Іс-шараға Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу, жазушы Шәрбану Бейсенова, шетелдік дипломаттар, жазушылар, қазақ және түрік ғалымдары мен әдебиетсүйер қауым қатысып, туындының түпкі ойы туралы пікірлерін ортаға салды.
Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу құттықтау сөзінде түркі әлемінің бірлігі мен ортақ іс-әрекеттерінің ілгері деңгейге жетуі ортақ басылымдар мен тіл бірлігін орнату арқылы ғана мүмкін болатынын жеткізді. Осы орайда елші қазан айында ортақ түркі алфавиті қабылдануы маңызды қадам екенін айтып, дәл осы тұста жазушылардың туыс халыққа ортақ шығармалары көбейгені құптарлық іс екенін алға тартты. «Автордың «Сүзгенің соңғы күндері» және «Бозоқ аруы» кітабындағы хикаяттар да қазақ мәдениеті мен тарихынан нәр алған әйел кейіпкерлерді оқырманға терең мағынада таныта білген. Бұл шығармалар қазақ қоғамының қайсарлық рәмізі – әйелдерге деген құрметін көрсетеді», деді ол.
Сүзге ханым оқырманын күрескерлігімен, кішіпейілділігімен, жарына және өз ұлтының құндылықтарына деген адалдығымен баурайды. Түрікшеге аударылған шығарма туралы жасаған баяндамасында Түркияның Қазақстандағы елшілігінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі Зүлфү Томан осылай дейді. Оның сөзінше, Грозаның басқыншылығына тойтарыс берген Сүзгенің күйеуі Көшім ханның өмірі соңына дейін арпалыспен өткен азапты күресі, Сүзгенің қоршауда қалған шағын қамалында көрсеткен қарсылығы оқырманның жан-дүниесінде үлкен дауыл тудырады.
Ал Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Роза Мұқанова «Сүзгенің соңғы күндері» хикаятындағы Сүзгенің қайраткерлігін айрықша атап өтті. «Сүзгенің ел басына күн туғандағы сәті, алапат жан-дүниесі, тұңғиыққа батып бара жатып жан ұшырған трагедиялық тағдыры. Соңғы деміне дейін хан бұйрығын, хан шешімін күтуі шығарманы ширықтыра, шиеленістіре түседі. Түркі халқына ортақ мәдениет, ортақ салт-дәстүр, бекзадалық, жарына адалдық, жауапкершілік қашанда салтанат құрған. Ол Сүзге ханымның бейнесін асқақтатып, күрескерлігін, батыл шешім қабылдайтын қайраткерлігін әйгілейді. Шығарма осы тұсымен іргелі, сүбелі әдемі көркем бейне жасаған», деп тобықтай түйінін жеткізді.
Еуразия ұлттық университетінің түрік тілі оқытушысы Хайрунниса Топчу Сүзге ханымды кейіпкер ретінде даралап, хикаядағы басқа әйел кейіпкерлерінен өзгеше қылатын қырына тоқталды. Ол түркі қыздарына тән батылдық, ізгілік, даналық және еркіндікке деген құлшынысты көргенін, Сүзгенің бойындағы осы бір даралық түркі қыздарының тарихи рәмізі екеніне тоқталды.
Таныстырылым кешіне келген қатысушылар арасында да сонау көк түріктер қағанаты тарихындағы әйелдердің саяси орны мен әскери әрекеттерді игеріп, билікке ықпал еткені туралы пікір ұзаққа жалғасты. Тіпті іс-шараның соңында автордан қолтаңба алған оқырмандар Сүзгенің даналығы мен қайраткерлік қасиетін тамсана тыңдады. Тарих қойнауында қалған күрескер әйелдің табандылығы бүгінгі ұрпақтың бойында жалғасын тапса, автордың айтары оқырман жүрегінен ойып орын алғаны.