• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 08:38

Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш дәрігер: Гүлсім Асфендиярованың Ташкентте мемориалдық кешені ашылды

42 рет
көрсетілді

Мемориалдық кешен­нің ашылуына Денсаулық сақ­тау министрі Ақма­рал Әлназарова мұ­рын­дық болып, С.Асфен­дия­ров атын­дағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен Қазақ­стан Респуб­ли­ка­сы­ның Өзбек­стан­дағы елшілігі атсалысты.

Салтанатты жиында Қа­зақстанның Өзбекстан Ре­с­пуб­ликасындағы Тө­­тен­ше және өкілетті елшісі Бей­­біт Атамқұлов Орталық Азия­да бірінші болып жоғары меди­циналық білім алған қазақ қызы Гүлсім Асфендиярованың көршілес екі елдің денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан баға жетпес, ерен үлесі туралы баяндады.

«Гүлсім мен Санжар Асфен­­­­­­дияровтар сияқты айтулы адам­дардың есімін, мұрасын есте сақтау – парызымыз. Ескерткіш – денсаулық сақтауға қосқан үлесіне алғыс білдіру мақсатындағы жа­саған әрекетіміздің бір парасы ғана. Қа­жырлы қазақ әйелінің жетістігі Орталық Азияның көптеген қыз-келіншегіне үлгі, шамшырақ болды. Бүгін оның ұлағатты өмір жолы туралы мақтанышпен айтамыз», деп атап өтті.

Гүлсім Асфендиярова – 1880 жылы қарашада Шымкент қаласында дүниеге келіп, 1941 жылы қарашада өмірден озғанға дейін бүкіл Түркістан өңіріндегі әйелдер саулығы саласына ізашар болған айтулы адам. 1908 жылы Санкт-Петербургтегі әйелдер меди­циналық институтынан акушерлік және гинекология мамандығы бойынша білім алған Гүлсім Сейітжапарқызы Орталық Азияда тұңғыш рет кесарь тілігін жасаған дәрігер ретінде ғана емес, алғашқы жеке перзентхана ашып, акушерлерді даярлау курстарын ұйымдастырған тұлға ретінде де тарихта қалды.

Гүлсім – көрнекті қоғам қай­раткері, әскери дәрігер, профессор Санжар Асфендияров­тың туған апасы. Әкесі Сейітжапар Асфендиярұлы – Әбілқайыр хан­ның ұрпағы, шешесі Гүландам Қошқарбайқызы – Абылай ханның ұрпағы. Текті тұқымнан шыққан ата-ана отбасында бала тәрбиесіне аса көңіл бөлді. Берекелі шаңырақта дүниеге келген сегіз балаға да жынысына, сол кезеңдегі дәстүрлі қоғамның қарсылығына қарамастан, толыққанды білім беруге тырысты. Төрт қызын да Түр­кістандағы қыздарға арналған ең үздік оқу орны Ташкент қыздар гимназиясына оқуға береді.

Гүлсім оқуды үздік баға­мен тәмамдаған соң, алдына болашақта дәрігер боламын деген мақсат қояды. Себебі сол уақытта Түркістан өлкесінде бірнеше індет пен жұқпалы ауру кең тараған еді. Жалпы, мұсылман халқының медициналық көмекке мұқ­таж болғанын көрген Гүлсім Ташкентте арнайы латын тілінде дайындалып, емтихан тапсырып, куә­лік алып, Санкт-Петербургтегі Қыз­дар медициналық институтына, дәлірек айтсақ, қазіргі ака­демик И.Павлов атындағы Санкт-Петербург Мемлекеттік ме­ди­циналық университетіне оқу­ға түседі. Сол тұста институт Еу­ро­­падағы медицина саласында білім беретін қыздарға арналған жалғыз университет болатын. Бұл институтқа Гүлсім жалғыз түскен жоқ. Мұнда Түркістан өлкесінің бірнеше тумасы, соның ішінде еврей, неміс, басқа ұлт өкілдері де оқыды. Бірақ 1900 жылы түрік мұсылман халықтарының арасынан шыққан екі қыз ғана оқуға қабылданған. Оның бірі полковник Асфендияровтың қызы  Гүлсім Асфендиярова болса, екін­шісі подполковник Садық Әбдірахмановтың қызы Зейнеп Әбдірахманова. Зейнептің ұлты – татар.

Г.Асфендиярова 1908 жылы оқу орнын өте жақсы көрсет­кішпен аяқтап, дәрігер-терапевт мамандығын алып шығады. Университеттегі емтихандарын тапсырған соң, Николай патшаның атына хат жазады. Хатта өзі Түркістанның тумасы болғандықтан, өңірдің тұрмыс-салтын, жергілікті халықтың ті­лін жақсы білген­діктен, сон­дай-ақ халыққа қызмет еткісі келгендіктен, оны өзге аймаққа емес, Түр­кістан өлкесіне дәрігерлік қыз­метке жіберу туралы өтініш білдіреді. Нәтижесінде, өтініші қабылданып, ол Түркістандағы Темірлан ауылдық-дәрігерлік учас­кесіне, қазіргі Түлкібас ауданына дәрігерлік қызметке жолданады. Г.Асфендиярова – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш дәрігер ғана емес, Ресейдегі жоғары оқу орнын аяқтаған алғашқы қазақ қызы.

1910 жылы Г.Асфендиярова На­манган уезінің ауылдық д­ә­рі­­­герлік учаскесіне жұмысқа ­ауы­са­­ды. 1914 жылы Ташкентке келіп, мұнда әке­сінің көмегімен 30 орындық жеке перзентхана ашты. Саяси өмірге де белсене қатысады. Ағасы, болашақ денсаулық сақтау министрі Сан­жар Асфендияровтың жұ­мысына көмектеседі. 1920 жылы Денсаулық сақтау ха­лық ко­миссары Т.Рысқұлов бас­қарған мұ­сылман бюросының тап­сыр­­ма – қолдауымен «Әйел­дердің акушерлік курсын» ұйым­­дас­тырды. Сол кезеңде бір­­неше рет қалалық кеңестің мүше­сі болып сайланады. Баспа­сөзге әлеуметтік са­ланы өркен­дету, ана мен баланы қор­ғау мәсе­лелері жөнінде жазып тұ­рады.

Жоғары білім алған алғаш­қы қазақ қызының өмірбаянын зерделеген тарихшы Алмас Жүнісбай бар саналы ғұмырын денсаулық саласына арнаған, тұрмыс құрмаған Гүлсім Асфендиярованың 1920–1937 жылдар аралығындағы тағ­дыры зерттелмегенін, өмірінің бей­мәлім тұстары бар екенін айтады.

Өкінішке қарай, жылдар бойы даңқты жерлесіміздің қайда жерленгені белгісіз болып келген еді. 2021 жылы «Таш­­­кенттегі қазақтарды еске алу» тобының еріктілері қабі­рін Өзбекстан астанасының Боткин зиратынан тапты. Мемориалдық кешеннің ашылу салтанатынан соң, Гүлсім Сейітжапарқызы бейітінің басында дұға бағышталып, ас берілді.