• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Басты мақсат – өңір халқының тұрмысын жақсарту

36 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова өңірдегі әлеуметтік нысандарды аралап, сала мамандарымен кездесті. Кездесу барысында денсаулық сақтау мен білім саласын жаңғырту, спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аударылды.

Вице-премьер Риддер қаласының тұрғындары үшін көптен күткен жоба көпсалалы аурухана кешенінің құры­лыс барысымен танысты. Құрылысты қаржыландыру толығымен қамтамасыз етілді, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң шеңберінде қайтарылған қаражаттан 28,2 млрд теңге бөлінді. Бұл шешім жергілікті тұрғындарды ерекше қуантты.

Мердігер ұйымдардың өкілдері қазіргі уақытта сәтті шешілген қаржы­лық қиындықтарға қарамастан, нысан­дағы құрылыс жұмыстары үзіліссіз жалғасқанын айтты.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөледі. Аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға қаржы қарастырылды. Енді жергілікті әкімдік жұмыстың сапалы жүргізілуін қадағалауы керек. Нысан медициналық қызмет сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Онда білікті мамандарды жұмылдыру қажет», деп атап өтті Т.Дүйсенова.

Медициналық қауымдастық өкілдерімен өткен кеңесте өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелері талқыланды. Кездесуде қазіргі көрсеткіштер мен қол жет­кізілген нәтижелерге талдау жүр­гізілді. Вице-премьер ауруды ерте диаг­ностикалаудың жоғары сапасын қам­тамасыз етудің маңызына тоқталды. Міндетті медици­налық сақтандыру жүйесіне енгізілген азаматтар үшін медициналық қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

Сапар аясында Премьер-министрдің орынбасары тағы бір маңызды нысан – еліміздегі қысқы спорт түрлері бо­йынша олимпиадалық резервтің жалғыз республикалық мамандандырылған мектеп-интернатына барды. Бұл  – 250 оқушыға арналған бірегей оқу орны. Мұнда спортшыларды даярлаумен 179 білікті маман айналысады. Мектеп-интернаттың жұмысымен танысқан Т.Дүйсенова спорт ұйымдарының өңір­лік басшыларымен кеңес өткізді. Кез­десу барысында спорт саласын дамытудағы алдағы өзгерістер талқыланды.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қазір Парламент қабырғасында қарастырылып жатқан салалық заңдағы негізгі тармақтар туралы баяндады. Оның ішінде басым спорт түрлерін дамыту, саланы басқару әдісі, цифрландыру және балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріндегі қаржыландыру секілді бірқатар мәселе­ қамтылған.

–Вице-министр реформалар спорт­тық жетістіктерді арттыру, қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету және жат­тық­тырушылар құрамының жалақы­сын ұлғайту үшін ресурстарды шоғыр­лан­дыруға бағытталғанын атап өтті.

Сонымен қатар Т.Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу­шылар ұсынған өнімдер көрме­сіне барды. Онда азық-түлік, жеңіл өнер­кәсіп өнімдері, қолөнер бұйымдары қойыл­ды. 2,5%-дық үстемемен қарыз алған азаматтар бағдарламаның өте тиімді екенін айтуда. Көрме «Алтай» көтер­ме-тарату орталығының аумағында ұйым­дас­тырылды. Нысан құрылысының бірінші кезеңі аяқталып, көлемі 18 мың тон­наға дейін көкөніс сақтай алатын қой­ма жұмыс істеуде. Жақын арада мұн­да сау­да және жәрмеңке алаңы іске қосылады.

Вице-премьер орталықтың жұмысын оң бағалады, ал облыс әкімдігі жергілікті өндірушілерді кешенді қолдаудың маңызын атап өтті.

Шығыс Қазақстан тұрғындары үшін өндірілетін өнімді өткізудің жаңа мүмкіндігі пайда болды: өңірдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі «Казцинк» жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден азық-түлік сатып алу көлемін ұлғайтады. Осы мақсатта облыс әкімдігі мен кәсіпорын арасында меморандумға қол қойылды. «Казцинк» бұл мақсатқа еліміздегі барлық филиалдары үшін 800 млн теңге бөледі.

Аймақта «Ауыл аманаты» аясында өзге де кәсіп түрлері қолға алынған. Мәселен, Глубокое ауданындағы Наталья Свахина экотуризм бағытын таңдаған. Шағын несие арқасында орманды аумақта демалыс үйін тұрғызыпты. Мұнда демалушылар таза ауамен тыныстап қана қоймай, экофермадан шыққан табиғи таза өнімдерді тұтына алады. Жоба аясында 3 адам жұмыспен қамтылып, тұрақты табыс тауып отыр.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова облыс әкімі Ермек Көшербаевтың және аудандар мен ауылдық округтердің әкімдерінің қатысуымен кеңес өткізді. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы халықтың табысын арттыру мәселелеріне басты назар аударылды. Сонымен қатар кездесуде осы бағыттағы басқа өңірлердің табысты тәжірибелері талқыланды. Вице-премьер облыс әкімдігіне Мемлекет басшысы қойған міндеттердің сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ сапар аясында Т.Дүйсенова өңірдегі білім беру нысандарының жұмысымен танысып, Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. Аймақ басшысы Ермек Көшербаевпен бірге сала өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді.