Қазір еліміз жаңа саяси жағдайда өмір сүріп жатыр. Азаматтардың бойына уақыт талабына сай дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнықты. Әсіресе қоғамдық-саяси болмысымыз, қалпымыз бен мәдени кодымыз өзгере бастады. Соңғы бес жылда елімізде ауқымды реформалар жүргізілді. Саяси жүйе түбегейлі өзгерді. Жұртшылықтың сана-сезімінде соны бетбұрыс байқалады. Халқымыздың құқықтық мәдениеті өсті. Осының бәрі қоғам өмірінде жаңаша көрініс тауып отыр.
Елімізде «Цифрлы Қазақстан» және «Еуразиялық одақтың негізгі бағыттарын 2025 жылға дейін цифрландыру» мемлекеттік бағдарламалары қабылданған болатын. Әсіресе экономиканы цифрландыру еліміздің жаңа кезеңге қадам басуы десек болады. Цифрландыру экономиканың дамуында басты рөл атқарады. Бұл үдеріс инновациялар енгізу, өндіріс пен қызмет көрсету салаларын автоматтандыру, сондай-ақ ақпараттық технологияларды қолдану арқылы тиімділікті арттыруға бағытталған. Цифрландыру – елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды құралы.
Цифрландыру саласы 2017 жылы қабылданған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қарқынды жүзеге аса бастады. Бағдарламаның басты мақсаты – цифрлық инфрақұрылымды дамыту, инновациялық экожүйе құру, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру.
Шындығында, мемлекет болашағы цифрландыру арқылы көркейеді. Ел Үкіметі цифрлық трансформацияны жалғастыра отырып, жеке секторды, шағын және орта бизнесті белсенді түрде қолдауды жоспарлап отыр. Бұған қосымша, ІТ саласында мамандарды даярлауға басымдық берілді.
Цифрландыру тек технологияларды енгізу ғана емес, сонымен қатар қоғамның әрбір мүшесінің цифрлық мәдениетті меңгеруін қалайды. Отандастарымыздың цифрлық сауаты өскен сайын, ел экономикасының әлеуеті де арта түседі.
Сондай-ақ экономиканы цифрландыру елдің халықаралық аренада ұстанымын күшейтуге, экономикалық өсуді жеделдетуге және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге зор үлес қосады.
Елімізде осы салада ұзақ жылдан бері тер төгіп жүрген ғалымдар аз емес. Қазір олардың осы саланы көтеруге жұмсаған жанкешті еңбегі өз жемісін берді. Солардың бірі – белгілі профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Сахыбай Тінейбайұлы Тынымбаев.
Ғылымға бар саналы ғұмырын арнаған айтулы ғалымның өмірбаяны өте бай. Ол 1939 жылы киелі Түркістан қаласында дүниеге келген. 1957 жылы №19 (қазіргі Әл-Фараби атындағы) қазақ орта мектебін бітіріп, алғашқы еңбек жолын бауырлас Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласындағы ауылшаруашылық машина жасау зауытында қарапайым токарь болып бастаған. 1964 жылы бұрынғы Қазақ политехникалық институтында «Математикалық реттеу-есептеу приборлары және құрылғылар» мамандығын тәмамдап, аталған оқу орынның Есептеу техникасы кафедрасына тағылым жинаушы-зерттеуші ретінде қалдырылды. Одан кейін Н.Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық училищесіне (МВТУ) аспирантураға жолдама алды. Аспирантураға түскеннен кейін студенттерді оқыту кешенін әзірлеу бойынша ғылыми жұмысымен айналысты. Нәтижесінде, сол кездегі одақ көлемінде алғашқы болып, «Минск-2 ЭЕМ» негізінде оқыту кешенін құрды. Осы тақырып аясында «Есептеу техникасы» мамандығы бойынша техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады. Сөйтіп өзін қанаттандырған Қазақ политехникалық институтының «Есептеу техникасы» кафедрасының аға оқытушысы болып, қайта оралды.
1972 жылдан 1976 жылға дейін «Автоматтандырылған басқару жүйелері» және Есептеу техникасы бағыттары бойынша республикалық біліктілікті арттыру курстарын басқарды. 1976 жылы конкурс арқылы Есептеу техникасы кафедрасының меңгерушісі болып сайланды. Аталған кафедраны он жылдан аса басқарған уақыт ішінде ғалым көп өзгеріс жасады. Кафедраның техникалық-материалдық базасы толығымен жаңартылды. Оқу зертханалары заманауи интегралдық схемалармен және микропроцессорларға негізделген әртүрлі стендтермен жабдықталды.
Сонымен қатар машина паркі SM-3 және EС-1025 компьютерлерінің негізінде толықтай жаңарды. Н.Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық училищесі, Киев политехникалық институты, ЛЭТИ, ЛИТМО (қазіргі Санкт-Петербор қ.), МЭИ (Мәскеу) және тағы басқа жетекші жоғары оқу орындарымен шығармашылық және іскерлік байланыс орнатты. Бір сәт тыным тауып көрмеген Сахыбай Тынымбаев Мәскеу қаласындағы Электронды есептеу техникасының ғылыми зерттеу орталығымен (НИИЦЭВТ) байланысып, «ЕС машиналарының жоғарғы моделдерін қашықтан диагностикалау жүйесін зерттеу және оны құру», «Жоғарғы моделді ЕС машиналар құрылғыларының канструктиптік элементтерін орналастыратын бағдарламаларды құру» тақырыптарында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Осы жылдар ішінде кафедраның талантты түлектерінен компьютерлік технологияны дамытудың барлық бағыты бойынша аспирантура арқылы көптеген жоғары білікті ғылыми-педагогикалық маман даярланды. Солардың ішінде ғылым докторлары, профессорлар: Ж.С.Сарыпбеков, Ұ.Е.Сыдықов, Т.З.Қазиев, Т.Т.Палташев, А.Садықов, А.Т.Ибраев, Ж.З.Джурунтаев және Гамбург университетінің докторы Б.Қарабеков, ғылым кандидаттары, профессор, доценттер – Е.Ж.Айтхожаева, М.Абдулллаев, А.С.Байкенов, А.С.Ермаков, Б.Ш.Жолымбетов, Т.Қ.Омаров, А.Ш.Тұрым, С.Р.Рахымбергенов, А.Қ.Балахметов, О.Рахматуллин, Е.Кошкин, А.Т.Құрманов, Р.И.Пахрутдинов, тағы басқа ғалымдардың есімін ерекше атауға болады.
Белгілі профессор жарты ғасырға жуық қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде абыройлы қызмет атқарды. Есептеу техникасы кафедрасының аға оқытушысынан профессорға дейінгі кезеңнен өтті. Қазір де альма-матердің ақсақалдар алқасының құрметті мүшесі.
2017 жылы ғалым Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті (АЭжБУ) басшылығының шақыруымен Радиотехника және ақпараттық қауіпсіздік кафедрасына зерттеуші-профессор қызметіне келді. Сол жылдары жаңадан сайланған кафедра меңгерушісі, шәкірттері Р. Бердібаев және кафедра доценті Т.Омармен бірге университетте ақпараттық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік бағытында ғылыми зерттеу жұмысын дамытып, мемлекеттік тапсырыс бойынша зерттеу жүргізуге жаңа серпін әкелді.
Ғалым Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясында «Жалпы мақсаттағы ақпараттық коммуникациялық жүйелер мен желілерде ақпаратты беру және сақтау кезінде криптографиялық қорғау үшін бағдарламалық және бағдарламалық-аппараттық құралдарды әзірлеу» атты ашық кілтті криптожүйелерді аппараттық іске асыруды әзірлеу бойынша жобаға жетекшілік етті. Бұл жоба шеңберінде ашық кілтті криптожүйелердегі (RSA, Эль-Гамаль, Рабин, Окамато-Саранси және т.б.) шифрлау және шифрын ашу үдерісін жеделдету үшін жылдам әрекет ететін құрылғыларды құруға мүмкіндік беретін модуль бойынша сандарды келтірудің жаңа алгоритмдерін әзірледі.
Егер қазіргі компьютерлерде бөлу операциясын орындау кезінде әр қадамда бөліндінің тек екі разрядтары қалыптасса, ал профессор С.Тынымбаевтың алгоритмі бойынша бөліндінің үш немесе төрт разрядтарын қалыптастыруға болады. Сондай-ақ Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері кафедрасы бойынша «Ақпараттық қауіпсіздік мәселелері» ғылыми-техникалық орталығын және «Сымсыз желілердің қауіпсіздігі және криптожүйелерді құру» оқу-ғылыми зертханасын ұйымдастыруға белсене атсалысты.
Жоба нәтижесінде көптеген өнертабыс патенттері алынды, халықаралық конференцияларда баяндамалар жасалды, «Web of Science Core Collection», «Scopus» т.б. деректер базасына енгізілген рецензияланатын халықаралық журналдарда ғылыми мақалалары жарияланды.
2023 жылы оны Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (ХАТУ) «Компьютерлік ғылымдар және информатика» мамандығы бойынша зерттеуші профессор лауазымына шақырды. Бұл оқу орнында профессор ғылыми зерттеулерді үш бағыт бойынша жалғастырды. Бірінші – ұялы байланыс желілерінің қауіпсіздік тетіктерін әзірлеу (5G), екінші – микроконтроллер арқылы және бағдарламаланатын матрицалық құрылғылар арқылы әртүрлі криптожүйелерді құру, үшінші – заманауи элементтік базаларда әртүрлі мақсаттағы компьютерлердің операциялық блоктарын әзірлеу.
Бүгінге дейін парасатты профессор 250-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік жарияланымның, оның ішінде 2 ғылыми монографияның, 10 оқулық пен оқу құралының авторы болып отыр. Екі еңбегі – қазақ тілінде жазылған алғашқы оқулықтардың бірі. Зияткерлік меншік туралы 80 өнертабыс патенті мен авторлық куәліктің авторы. 12 өнертабыс патенті «Derwent Innovations Index» (Wed of Science, Clarivate Analytics) дерекқорына енгізілген. Сондай-ақ ғылыми мақалалар мен ақпараттық мәселелер жөніндегі еңбектері халықаралық рецензияланатын журналда, ҰҒА журналында және Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің және тағы басқа жоғары оқу орындары басылымдарында жарияланған.
Ғалым сексеннің сеңгірінен асса да әлі тың. Зердесі мықты. Қазірге дейін магистранттар мен докторанттардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік етіп, ғылыми кеңес береді. 2023 жылы Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің дамуына қосқан ерекше еңбегі мен үлесі үшін «Professor Emeritus» (еңбек сіңірген профессор) құрметті атағы, Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Компьютерлік ғылымдар және информатика» мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді.
Рәт БЕРДІБАЕВ,
Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, АЭжБУ профессоры, шәкірті