• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2015

Тұрысжанов тұғыры

380 рет
көрсетілді

Еңбегі – дәулеті, беделі – сәулеті. Бекболат ақсақал туралы қысқаша осылай айтуға болады. Ұзын-сонар соқпақты соңына қалдырып, сексеннің сеңгіріне шыққан Бекболат Тұрысжановтың өмірі – өнегелі, ғұмыры – ғибратты. Бекболаттың әкесі Тұрысжан – сталиндік қуғын-сүргін құрбаны. Ол 1922 жылы Жамбыл ауданы Қастек ауылының комсомол хатшысы, Қордай, Жамбыл, Шу аудандарында аудандық атқару комитетінің төрағасы болды. Сарқан ауданында қызметте жүр­генінде Мәскеудегі жоғары партия мектебіне шақырылды. Алайда, әке-шешесі қарсы болғандықтан Алматыдағы партия мектебіне оқуға келеді. 1937 жыл. Сабақ басталғалы үш күн өткенде НКВД адамдары Тұрысжанды аудиториядан алып кетті. 1938 жылы наурызда Алматының іргесіндегі Жаңалық ауылында бір топ мемлекет қайраткерлерімен бірге Тұрысжан да атылды. Бұл кезде бала Бекболат үш-ақ жаста еді. – Қарындасым екеуміз шешем­нің қолөнерінің арқасында аман қалдық. Шешем 1903 жылы туған. Бар-жоғы 34 жасында жесір қалды. Түн баласына дейін темекіде жұмыс істеді. Ұйықтап отырып та темекі жапырағын тіге беретін, – деді ақсақал сұрапыл жылдарды еске алып. Бекболат 1958 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойын­ша тәмамдады. Жас маман еңбек жолын №23 Қастек училищесінде ұстаздық қызметтен бастады. Содан соң Жамбыл ауданындағы «Жаңа өмір» колхозында инженер-механик болды. Ауылда көркемөнерпаздар ұйымына жетекшілік етті. 1959 жылы пар­тия қатарына өтіп, Алматы облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Амангелді атындағы колхозда бас инженер, Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас инженері, обкомда нұсқаушы, одан кейін ауыл шаруашылығы бөлімінің орынбасары болып қызмет атқарды. 1969 жылы Талғар аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына ұсынылды. Барлық жерде жемісті еңбек еткен Бекболат Тұрысжанов 1972 жылы Алматы облысында жаңадан құрылған Күрті ауданы партия комитетінің бірінші хат-шысы қызметіне шақырылды. Бұл – оның ғұмырындағы ең жарқын кезеңдер еді. – Бір күні Алматы обкомының бірінші хатшысы Асанбай Асқаров қоңырау шалды. Өзіне шақырып алған ол: «Біз жаңадан Күрті ауда­нын ашып жатырмыз. Осы ауданға сенің кандидатураңды лайық көріп отырмыз. Басқаларға қарағанда жассың, жүгіріп жүріп жұмыс істеуге шамаң жетеді», деді. Мен келісімімді бердім. 1972 жылы 14 наурызда Дінмұхамед Қонаев жаңадан құрылған алты ауданның бірінші хатшыларын қабылдады. «Ал, Бекболат батыр, қалай жағдайың? Сені Күрті ауда­нына жіберейік деп отырмыз. Қарсылығың жоқ па? Асанбай Асқарұлы маған ауданның жобасын жасап қойғанын айтты. Бұл – жаңа аудан, құмды өлке. Қорықпа, жассың ғой, істеп кетесің, жолың болсын! – деді. Димекеңнің сөзі дем беріп, іске кірісіп кеттік. Ауданда қиындықтар көп болды. Жол жоқ. Су ащы. Келген адамдар бір апта ауырады. Таза суды цистернамен тасимыз. Түнде жүруге тура келеді. Үнемі құмды дауыл соғады. Күндіз тоқтап қалсаң, құм арасында шөлден қаталайсыз. Құйған сияқты алыс совхоздарға 300 шақырым жол жүруге тура келеді. Әйтсе де, бар күш-жігерімізбен еңбек еттік. Негізгі міндетіміз бойынша шөп әзірлеп, мал өсірдік. Бізге ірі қараның салмағын көбейту тапсырылды. Көрші орналасқан Балқаш ауданының ірі қарасы 220-230 кило тартатын. Біз бордақылау алаңдарын құру арқылы ірі қара салмағын 230 килодан 280-ге, келер жылы 350-400 килоға жеткіздік», – деп Бекболат ақсақал өткенді еске түсірді. Бірде обкомда Димаш Ах­мет­­ұлының қатысуымен актив болды. Пленумда сөз алған Б.Тұрысжанов: «Биыл біз 2 миллион пұт астық береміз», деп уәде етті. Күрті ауданы басшысының сөзіне залдағылар ду етіп күледі. Қаскелең ауданының Зайко деген бірінші хатшысы: «Тұрысжанов құм өткізгелі жүр ме?» деп мыс­қылдапты. Десе де, аудандағы мал басының көбеюіне, аудан тарихында болмаған астық жиналуына тікелей мұрындық болды. Алғаш рет құмды шөлейт жерден 2 миллион пұт астық жиналды. 1979 жылы «Правда» газеті: «Қазақстан жерінде еңбекте жаңа жетістігіне қол жеткізілді. Отан қоймасына тұңғыш рет 1 миллиард 250 миллион пұт астық құйылды. Республиканың астық өндіретін 17 облысы жоспарларын асыра орындады, 48 ауданның әрқайсысы 10 миллион пұт және одан да артық астық тапсырды», деп жазды. Астық бойынша жоспарды асыра орындаған 48 ауданның бірі – Алматы облысының Жамбыл ауданы еді. Бұл уақытта ауданды басқарып отырған Б.Тұрысжанов болатын. Аудан еңбеккерлері мемлекет қамбасына 10 миллион пұт астық құяды. Осы кезде Димаш Ахметұлы жас та жігерлі басшының қолын алып, Еңбек Қызыл Ту орденін тапсырды. Белгілі қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев бір сөзінде Бекболаттың ұйымдастырушылық қабілеті, біліктілігі мен іскерлігі жоғары екенін, өзінің Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған жылдары ол басқарған Жамбыл ауданында қойдың басы 1 миллионға жеткенін риза­шылықпен айтқан еді. Ол Балғабек Қыдырбекұлы, Сейдахмет Бердіқұлов сынды қазақтың қабырғалы қалам­гер­лерінің қамқорлығын да көрді. Әсіресе, Сейдағамен бала кезінен бірге өсті. Айтуынша, Сейдахметті анасы «Шекен» деп еркелетіпті. – Сейдахмет көбінесе волейбол, футбол, ал біз қара бие деген ойын ойнайтынбыз. Ол бізге қосылмайды. Тоқаш кертіп қойып, кітабын оқып отыратын. Бірде нөсер жаңбыр жауып тұрды. Күн суық. Екеуміз сиырдың алдынан шыққанбыз. Тоңған соң бір үйдің шатырының астына келіп тұрдық. Бір кезде: «Мен бүгін қатты ренжіп тұрмын» деді. «Неге?» деп едім: «Шешем ұрысты. Осыдан бәлем, шетел аралап кетсем бе екен», деді. «Кетпе», деп жұбатқан болдым. Сол кезде Құдай аузына салды ма, шынында кейін шетелдерге көп шықты. Төртінші курста Петропавл қаласына өндірістік тәжірибеге бардым. Сол жерде болашақ жарым Рәзиямен таныстым. Сейдахмет аға осы қызға үйленуіме бірден-бір себепкер болды. Екінші қайтара барғанымда өзі билет алып беріп: «Барып келме, алып кел», деді. Міне, содан бері 58 жыл өтіпті», – дейді Бекболат ақсақал. Алпыс жылға жуық отасқан қос қария бүгінде оннан астам немере, екі шөбере сүйіп отыр. Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет Белгісі» ордендерімен мара­патталған, Алматы облысы мен Жамбыл ауданының құрметті азаматы атанған Бек­болат Тұрысжанов: «Адамды еңбек өсіреді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек туралы жиі айтуы бекер емес. Сексеннің сең­гіріне көтерілуіміз әуелі Алланың, сонан кейін еңбектің арқасы. Еңбек еткен адам жасарады. Көңілі тоқ болады. Сондықтан, бала-шағамызды адал еңбек етіп, маңдай терін төгуге тәрбиеледік. Бүгінде әрқайсысы үлкен үй болып отыр. Мемлекеттің көркеюі әр әулеттің көркеюінен бас­талады», – деді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.
Соңғы жаңалықтар