Биыл көктемде болған, су тасқыны Есіл ауданының көптеген ауылын басып қалды. Бұл тіршіліктің қалыпты ырғағын бұзып, өндірістік күштерді жөндеу мен жаңа үйлер салуға жұмсауға тура келді. Соның өзінде барлық келеңсіздік уақтылы игерілді.
Соңғы үш жылда Есіл ауданына республикалық, облыстық бюджеттерден 5 млрд 800 млн теңге, биыл 3 млрд 587 млн теңге бөлінді. Осындай қаржылық қолдаудың арқасында ауданда биылғы жылдың он айында дамудың оң серпіні байқалады. Өнімнің барлық түрлерін өндіру ұлғайтылды, инфрақұрылымды дамыту артты, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасы жақсара түсті. Халықтың өмір сүру сапасының басты көрсеткіштерінің бірі жалақының өсуі десек, биылғы он айда орташа айлық жалақы 251 768 теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 13 295 теңгеге артық, ал аудандағы негізгі өндіріс саласы ауыл шаруашылығында ол 264 140 теңгені құрады.
Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияровтың айтуына қарағанда, биыл аудан диқандары 300 мың гектарға жуық егістік алқабынан 446,2 мың тонна дәнді дақыл, 67,5 мың тонна майлы дақыл алған. Дәнді дақылдың гектар өнімділігі 21,2 центнерден болса, майлы дақыл гектарына 12 центнерден айналған.
«Диқандар егіс алқабын әртараптандыру жұмысын да ескеріп отырады. Биыл майлы дақылдар егу 9,1 мың гектарға ұлғайтылып, барлығы 58 мың гектар алқапқа егілді. Сонымен қатар биыл 220 мың гектар егістік алқабына 18,3 мың тонна минералды тыңайтқыштар себілді. Бұл былтырғыдан 5 мың тоннаға артық. Диқандар сапалы сұрыптарды арттыруды 10%-ға жеткізді. Техникалық парк 4,9 млрд теңгеге жаңартылып, 250 бірлік жаңа техника сатып алынды. Осының бәріне Үкіметтің ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламаларының арқасында қол жеткізілді. Нәтижесінде бұрын-соңды болмаған көлемде астық жиналды», дейді М.Мұхамедияров.
Ауданда бүгінге дейін әрқайсында 400 сиырдан сауылатын – 3, әрқайсында 100 сиырдан сауылатын 2 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Биылғы жылдың 10 айында сүт өндірушілер 7147,8 тонна сүт өндіріп, көрсеткішті өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға арттырды.
Биыл аудан аумағында екі инвестициялық жоба іске асырылды. Соның бірін Корнеевка ауылындағы «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС іске асырып, 11,7 млрд теңгеге голштин-фриз асыл тұқымының 1300 сиырына арналған тауарлы сүт фермасын салып шықты. Толық қуатына енгенде бұл ферма 60 адамға жұмыс орнын ашып, жылына 7500 тонна сүт өндіретін болады. Келесі инвестициялық жобаны «Азия-Тораңғұл» ЖШС іске асырып, 4 млрд теңгеге 800 тұяқ симментал сиырын сауатын тауарлы-сүт фермасын салды. Жалпы биылғы он айда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 19,4 млрд теңге болды. Бұл былтырғыдан 5 млрд 745 млн теңгеге артық.
Өнеркәсіп саласының өсімі былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда төмендеген. Мұның басты себебі аудан аумағынан қиыршықтас өндіру былтырғымен салыстырғанда азайып қалған. Өңдеу өнеркәсібінің өнімдері де төмендеген. Биыл аудан аумағында «Қызылжар жолдары» ЖШС 800 млн теңгеге жылына 165 мың тонна асфальт шығара алатын асфальт-бетон зауытын салып шықты. Онда 12 жаңа жұмыс орыны ашылды. Мұндағы орташа еңбекақы 300 мың теңгеден артық болмақ.
Аудан өнеркәсібінің болашақ жетістіктері қатарында 2025-2028 жылдары салынып, пайдалануға берілетін 27 жел генераторларын айтуға болады. Бұл жобаны «Green Era company» ЖШС қолға алып отыр. Жоба құны 3 млрд теңге, қуаттылығы 200 М/Ватт болады.
Аудан аумағында кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндер саны да жыл сайын артып келеді. Биыл олар 7 млрд теңгенің өнімін шығарады деп күтіліп отыр. Соның бірі «Береке» ЖК Гүлстан Жарасбаева биыл облыстық «Бір ауыл – бір өнім» байқауында шаруашылық сабынын шығару бойынша бірінші орын алды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына ұсынылғандардың арасында 1 млрд теңгенің 11 жобасы қолдау тапқан.
Жолдарды жөндеу жұмыстары да қарқынды дамып келеді. Биыл барлығы 60 шақырым жол жөнделді. Бұдан бөлек, алты ауылдың 30 шақырымға жететін кентішілік жолдары 1,3 млрд теңгеге жөнделді. Мемлекеттік бюджет есебінен биыл халықтың әлсіз топтарына арналып 300 млн теңгеге 17 тұрғын үй салынған. Бұлардан бөлек, шаруашылық ұжымдары өз жұмыскерлеріне арнап 10 үй салған. Аудан орталығында «Еңбек» бағдарламасына сәйкес қоныс аударғандарға арнап 53 млн теңгеге 29 үй салынған. Биыл аудан аумағына жалпы саны 124 адамы бар 31 отбасы қоныс аударушы, 16 адамы бар қандастар көшіп келген.
Ауданда жалпы білім беретін 27 мектеп бар, оның 23-і шағын жинақталғандар. Оқушылардың жалпы контингенті 3 мыңға жуық, былтырғымен салыстырғанда 80-ге артық. Мектепке дейінгі дайындық сыныптарында 203 балдырған тәрбиеленеді. Сөйтіп 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100%-ды құрайды. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 1 жастан 6 жасқа дейін – 82,3%.
2024 жылы білім саласына 7 миллиард 170 миллион 824 мың теңге бөлінді. Аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыру, білім беру нысандарын жөндеуге 2024 жылы 394,4 млн теңге бөлінді. Барлық білім беру мекемелері кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілген. Осы мақсатқа ағымдағы жылы 50 миллион теңге бөлінді.
Жалпы сомасы 256 млн теңгеге Амангелді, Ясновка орта мектептері мен Қарағай негізгі мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді. 3 пәндік кабинет сатып алынды: Заградовка орта мектебіне химия кабинеті, сондай-ақ жалпы сомасы 23,5 млн теңгеге №1 Явленка орта мектебіне биология, физика кабинеттері.
«Прометей-Агро» ЖШС-нің (Юрий Шоль) қаражаты есебінен Заградовка орта мектебінің аумағында шамамен 5 млн теңгеге өрнектас төселді.
Ауданның емдеу-профилактикалық ұйымдарының желісі 50 төсектік стационардан, ауысымына 250 келушіге арналған емханадан, 5 дәрігерлік амбулаториядан, 3 фельдшерлік-акушерлік пункттен, 29 медициналық бекеттен тұрады. Бүгінгі таңда аудандық ауруханада 26 дәрігер, 151 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. 2024 жылдың тамыз айында Николаевка ауылының дәрігерлік амбулаториясына жалпы практика дәрігері жұмысқа орналастырылды. Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында аудандық ауруханаға жалпы сомасы 210 млн теңгеге жуық медициналық жабдық сатып алынды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 98 млн теңгеге артық. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2024 жылы Николаевка ауылының дәрігерлік амбулаториясына жалпы сомасы 56 654,2 мың теңге қаржыға күрделі жөндеу жүргізілді.
Ауданда қызметі мәдени мұраны сақтауға, дамытуға бағытталған барлық меншік нысанындағы 46 мәдениет орыны жұмыс істейді. Биыл 170 млн теңгеден астам сомаға аудандық мәдениет үйіне күрделі жөндеулер жүргізілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Николаевка ауылында мәдени-демалыс орталығының ғимараты пайдалануға берілді.
«Ауылдың үздік мәдениет мекемесі» атағына арналған облыстық байқауда біздің аудан 2 жыл қатарынан Гран-при иегері атанды. «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығына арналған буктрейлер байқауында Есіл ауданының балалар кітапханасы Гран-приге ие болды», дейді аудан әкімінің орынбасары Айнагүл Бектасова.
2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ясновка ауылдық мәдениет үйінің төбесіне 30 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда екен. Жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, ведомстводан тыс сараптама жүргізілген.
Ауданда спортқа да үлкен мән беріледі. Биыл аудан орталығында «Ақ бидай-2024» ауыл спортының облыстық мерекесі өткізіліп, Есіл ауданының командасы бас жүлдеге ие болды. Қысқаша айтқанда, Есіл бойындағы ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Есіл ауданы