• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм Бүгін, 08:30

Қысқы маусымның да қызығы көп

48 рет
көрсетілді

Елімізде қыстың қыраулы, қытымыр күндерінде де демалысты мазмұнды, көңілді өткізуге мүмкіндік мол. Қанша дегенмен Арқада жаздан гөрі қысқы туризм уақыты ұзағырақ. Қазір елде экотуризм мәдениеті біршама артып, табиғат аясында тынығатындар қатары көбейіп келеді. Мұндайда Астана тұрғындары мен қонақтарының Алатау мен Алтайға шығандамай-ақ осы төңіректе шаңғы теуіп, шанамен сырғанап, сергіп, серпіліп қайтуына болады.

Ақмола өңірінің кли­маттық жағдайы қыс­қы туризмді дамы­туға қолайлы аймаққа жата­ды. Бурабай, Зеренді курорттық ай­мақтарындағы туристік нысандар қыс айларында экотуризм, спорт, сауықтыру бағытында келушілерге қызмет көрсетеді. Өңірде жұмыс істеп тұрған, жатын жайы дамыған, қысқы туризм қызметтерінің сан түрін көрсететін «Оқжетпес», «Алмаз», «Щучинский», «Террассалар паркі», «Самал», «Дискавери Бурабай», «Гранд Прикс», «Зе­рен», С. Сейфуллин атын­да­ғы шипа­жайлар ем алуға да, де­ма­лу­ға да қолайлы.

«Қыс мезгілінде турист тарту мақсатында шипажайларда жыл сайын көрсетілетін қызметтер­дің ауқымы кеңейіп, сапасы артып келеді. Оның ішінде мұз айдындары құйылып, шаңғы маршруттары салынды, сондай-ақ шаңғы, коньки, сноуборд, қарда жүретін көліктерді жалға беру орындары ашылып жатыр», дейді Щучье-Бурабай курортының қызметкерлері.

Ал әуесқой, кәсіпқой шаң­ғы­шыларға «Елікті парк», «Нұр­тау», «Ақ желкен» тау шаңғы курорты таптырмас орын екен. Экстремалды әуесқойларға «Rixos Borovoe» қонақүйінің аума­­ғында «Экстрим парк» жұ­мыс істейді.

Қазір ішкі туристерді қызық­тыратын орын – «Burabay Land» ойын-сауық паркі. Ол қыс­қы ойын-сауықтың бүкіл түрін ұсы­­нып отыр. Айталық, хаски шана, атпен серуендеу, шанамен сырғанау, коньки тебу, квадрацикл, қарда жүретін көліктер­ді пайдалануға болады. Ойын-сауық саябағында ересектер мен балаларға арналған аттракциондар, шаман ауылы, фотосуретке түсу аймағы бар. Сондай-ақ кішкентай қонақтарға арналған «Аяз ата резиденциясы» жұмыс істейді. Отбасылық ойын-сауық саябағында жұртшылық ертегі әлеміне енгендей күй кешеді. Көптеген турист бұл саябаққа жыл сайын келіп тұруды дәс­түрге айналдырған.

Ондағы мамандардың айтуынша, жыл сайын балалар ойын-сауық кешені базасында 50 мыңға дейін туриске қызмет көрсетіледі. Бұған қоса Щучинск қаласындағы Олимпиадалық ­даярлау орталығының аума­ғын­­да халықаралық деңгейдегі жа­рыстар жиі өткізіліп тұ­ра­ды. Қыста мұнда кәсіби шаң­ғы­шылар мен спортшыларға ар­налып 20-дан астам спорттық іс-шара ұйым­­дастырылады.

«Ақмола облысы еліміздегі туризмді дамыту драйверлері­нің бестігіне кірді. Өңірде ту­ризмді дамыту аумағы жыл сайын кеңейіп келеді. Бурабай, Зеренді курорттарының орны ерекше. Өңірлік туризмнің даму қарқынын көтеріп тұрған Астана тұрғындары мен қонақтары», дейді Ақмола облысы туризм басқармасының өкілі Ерназар Құттығожин.

Оның айтуынша, Астана қаласының маңында да қысқы туризм қызметтерін ұсынатын бірқатар демалыс аймақтары бар. Соның ішінде Аршалы ауданындағы «Бейбарыс» дема­­лыс базасына, Ақкөл ауда­нын­дағы «Arka tour» шаңғы ба­за­сына, «Shar Zhum» демалыс орталықтарына саяхаттай­тын­дардың саны жылдан-жылға артып келеді.

Қала маңындағы демалыс­ты одан әрі дамыту мақсатында Целиноград ауданында «Тау паркі» демалыс аймағының құры­лысы (сырғанақтар, мұз айдыны, шаңғы, қарда жүретін кө­ліктер, атпен жүру) қолға алы­ныпты. Астана секілді айналасында тауы жоқ жазық өңірге мұндай сырғанауға арналған орындар аз олжа емес.

«Сандықтау ауданындағы шаң­ғы-роллер базасында жыл сайын спорт ардагерлерінің дәс­түрлі шаңғы марафоны өткі­зіледі. Өңірде «Four Seasons» күн­тізбелік іс-шаралар жоспары­на сәйкес, тұрақты негізде қыс мезгілі мен маусымаралық ке­зеңде курорттық аймақтарда спорттық, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады», дейді Е.Құттығожин.

Былтыр облыс әкімі Бура­бай­ға бір жылда 1 млн шетелдік турист келгенін айтқан еді.

«Жыл сайын Щучинск-Бура­бай шипажай аймағына әлем­нің әр түкпірінен 1 млн ше­тел­дік турист келеді. Жалпы, Ақ­мола облысының туристік клас­терінде 600-ден астам кәсіпорын бар. Оларда 22 мыңнан астам тұр­ғын жұмыс істейді. 2023 жылы туристерді орналастыру бағы­тында 16,5 млрд теңгенің қызметі көрсетілді. Бұл 2022 жылғыдан 29% көп. 2024 жылдың жоспарында 25 млрд теңгенің 30 жобасы тұр. Оның сыртында курорттық аймақтың инфрақұрылымын жетілдіру жобалары да іске асады», деді өңір басшысы Марат Ахметжанов.

«Бурабай даму» ЖШС бас­пасөз қызметі желтоқсанның алғашқы онкүндігінде Бурабай курортында қысқы маусымның салтанатты жағдайда ашылатынын мәлім етті.

«Биыл курорттық аймақта­ғы «Қазақстан Лапландиясы» жаңартылып, есігін айқара ашып, қонақтарын кезекті мәрте қарсы алуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қыс мезгілінде Бурабай жұртшылықты саф таза ауасымен, коньки, шаң­ғы тебу, орманда серуендеу, мұз­­ды ойып балық аулау сынды мау­­сымдық қызықтарымен бау­рай­ды. Бурабайдың қыс мезгі­ліндегі сұлулығы туралы айту­дың өзі артық, ол кез келген фото­топтамаға лайық», дейді курорт қызметкерлері.

Көрікті аймақтың туризм ­әле­уетін дамытумен «Бура­­бай даму» ЖШС айна­лы­­са­ды. Президент­ Іс басқар­ма­сына қарасты компа­ния тоғыз жылдан бері Щу­чинск-Бурабай курорттық айма­ғындағы ту­ризмді дамыту қыз­метін көр­сетіп келеді. Абы­лай хан алаңы саябағындағы муль­тимедия­лық интерактивті кешен, визит-орталық, «Burabay Land» ойын-сауық саябағы, хайуанаттар бағы, марал фермасы сынды ны­сандардың жұмысын осы кәсіп­орын бақылайды екен.

Былтыр қысқы туризмге қамданыс барысында «Бура­бай» ұлттық паркінде 470 тон­на шөп, 135 мың бума жапы­рақ дайындалған. Биыл­ғы дайын­дық бұдан да жо­ғары, қысқы туризм­ге тас-тү­йін әзір екенін айтады ­парк қызметкерлері.