Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингтегі әңгіме ел ертеңі – балалардың рухани әлемін байыту бағытындағы жұмыстарға арналды.
Брифингте Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесі төрағасының орынбасары, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова:
«Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесі бірнеше ғылыми жобаларды іске асырып отыр. Сол жобалардың арасында қызықты әрі қоғамға керекті тақырып – балалар әдебиетіне арналған жоба. Қазір заман өзгерді, адам өзгерді, қоғам өзгерді дейміз. Сондықтан, әрине, балалардың қызығушылығы да өзгерді. Жеткіншектердің кітапқа деген қызығушылығын ояту, олардың қоғамдағы құндылықтарды кітап арқылы тануы да екіталай болып қалды. Елбасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне берген сұхбатында: «Болашақта кітап оқитын азаматтар компьютер қараған азаматтарды басқарады», деген еді. Өте дәл айтылған сөз. Қолға алынған бастама, жалпы, балалар әдебиетін зерттеуге арналған. Өмір қалай жалғасады, аға ұрпақтан кейінгі буынға не мирас етіледі, ізгі ниеттердің қайсысы қабылданады, қайсысы кейінге ысырылады? Баланың рухани әлемі қалай қалыптасады? Әрине, осылардың қалыптасуында кітап әлемі үлкен рөл атқарады. Қазір балаларға деген сан алуан әдебиет бар. Бірақ, көбінесе олар электронды жүйеде және интернетте орналасқан. Сондықтан, қазіргі балалардың таңдау еркіндігі көп. Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі қағидаттарын біле отырып, жалпы жастарға, болашақ ұрпаққа халқымыздың құндылықтарын дарыта білуіміз керек. Міне, осының негізгі құралдары қайда жатыр? Кітапқа деген қызығушылық әрі қарай қоғамға деген сүйіспеншілікке ұласып, жеткіншектеріміздің рухани әлемін байытуға, адамгершілік, ізгілікке баулуға қызмет етіп жүр ме? Сонау қадым заманнан келе жатқан аңыздар мен ертегілер балаларымыздың сана-сезіміне еніп, сол арқылы дәстүріміз қалай жалғасып келеді деген көптеген сауалдар туындады. Осы сұрақтарға жауап іздеп, біздің ғалымдар тобы зерттеу жүргізген еді», деді.
Мұнан соң шешен Ассамблеяның қолдауымен жүргізілген жұмыстарда Ғылыми-сарапшылық кеңестің балалардың ертегілерді қабылдау мәселелері бойынша психолингвистика, этнолингвистика аспектілерінде зерттеулер жүргізіп, қазақстандық әдебиет нарығына талдау жасалғанын жеткізді. Сәдуақасованың айтуынша, осы жұмыстармен қатар, «Қазақстандағы балалар әдебиеті: талқылаулардан шешімдерге дейін» деген ғылыми монографияның да тұжырымдамасы құрастырылыпты.
Журналистермен әңгімеде шешен жас оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын ояту тек мемлекеттік органдардың, мүдделі органдардың міндеті еместігіне мән берді. Ол – қоғам болып, әке-шеше, ата-әже болып жасайтын іс. Сондықтан, мына жобаның басты қағидасы – «Бірге оқып, бірге сурет саламыз» деген мақсатта жүрді. Яғни, баланы ата-анасымен бірге кітап оқуға дағдыландыру қажеттігін барлығымыз ұғынуымыз маңызды, деп мұны күнделікті дағдыға айналдырсақ, әрқайсымыз өз баламызға, өз ұрпағымызға ой саламыз, деген ойымен бөлісті. Сондықтан, бұл – жобаға тек мамандар мен балалар ғана қатысады деген сөз емес. Басқа да әлеуметтік топтардың оған қатысуы қажет, деген Айгүл Сәдуақасова осы жобамен айналысқан ғалымдарға сөз берді.
Өз кезектерінде сөз алған ғалымдар – Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің профессоры Нұрсұлу Шаймерденова, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Ольга Анищенко б?????? ????????????үгінгі полиэтностық қоғамда балалар әдебиетінің жайы өзекті болып отырғанына тоқталды. Кітап оқудың арқасында балғындардың адамгершілік пен ізгіліктен сусындап қана қоймай, мына жаһанданған әлемдегі ақпарат тасқынының зиянынан өздерін қорғай алатын көзі ашық, көкірегі ояу азамат болып қалыптасуында үлкен қызмет атқаратынын баса айтты. Ғалымдар жоба барысында оған қамтылған балалардың оқығандарын өз сөздерімен айтып беру, семинар уақытында рөл-рөлге бөліп оқу, көрініс қою арқылы бейнелі ойлау және базалық сауаттылықты арттыруға жағдай жасайтын басқа да көптеген жұмыстар атқарылғанын ортаға салды.
Расында да, таусылмас қазына – кітап әлемінің бай қатпарларынан асыл кенді қазып алғандай бойына дарытып, ойын байытқан жанның оңайлықпен жолдан тайып, адаспасы анық. Сондықтан да брифингте айтылған балалар әдебиетін шығару үдерісін ұлғайта түсу өте маңызды деген ойға толық қосылдық.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».