ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен, өңір басшысының өкімімен Павлодар ауданының әкімі болып Дидар Ибраев тағайындалды. Бүгін өңір басшысы Асайын Байханов Павлодар ауданының активіне жаңа әкімді таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодар ауданын 2023 жылдың қаңтарынан бастап басқарған Николай Дычко өз еркімен қызметінен босатылған еді.
Дидар Елубекұлы 1992 жылы Железин ауданында дүниеге келген. 2014 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын 2009 жылы ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің аумақтық органында бастаған.
2022 жылдан бастап осы уақытқа дейін Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарған.
Асайын Байханов облыстың ең ірі аудандарының біріне тағайындалған жаңа басшының алдына бірінші кезектегі міндеттерді қойды.
«Аудан инвестиция тарту әлеуетіне ие. Алайда, өкінішке қарай, АӨК, әлеуметтік және туристік салаларға, аудан үшін стратегиялық өңдеуші өнеркәсіпке инвестиция тарту жұмыстары өте төмен деңгейде. Өңір басшысы инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, Павлодар ауданының әкімдігі ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша тиімділік рейтингінде аутсайдер болады. Биылғы жылы ауданның кейбір мемлекеттік қызметшілері тікелей функционалдық міндеттерін орындаудың орнына сотты жағалап кетті. Бұл мемлекеттік қызметшілердің халық алдындағы сенімі мен беделіне нұқсан келтіреді. Бүгінгі таңда ауданда 9 бос жұмыс орны бар. Бизнес-процестерді дұрыс құру, қолда бар бос жұмыс орындарына конкурстар жариялау қажет. Кадр саясаты нақты тұжырымдалып, барлық қызметкерлер үшін ашық болуы керек», деді облыс әкімі.
Сонымен қатар өңір басшысы Кемеңгер ауылындағы дене-шынықтыру сауықтыру кешені, шағын орталыққа арналған Заңғар мектебіне қосымша ғимараттың құрылысы секілді мәселе туындаған нысандармен айналысып, пайдалануға беру қажеттігін тілге тиек етті.