• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Күрес Кеше

Балуандар бабында екен

42 рет
көрсетілді

Арменияның астанасы – Ереванда күрес түрлерінен әскерилер арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарыста еліміздің балуандары өте жақсы нәтиже көрсетіп, жеті жүлдеге қол жеткізді.

Алғашқы алтынды ер­кін күрес шебері Мейіржан Әшіров қоржынға салды. 70 кг салмақ дәре­жесінде белдескен ол Ресей, Моң­ғолия, Иран, Үндістанның өкіл­дерінен басым түсті. Бір айта кетерлігі, финалда Мейіржан 0:2 ұтылып жатқанына қарамастан, соңғы сәтте жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті. Сөйтіп, М.Әшіров өзінің сегіз жыл бұрынғы көрсеткішін қайталап, спорттық мансабында екінші рет дәл осындай атаққа ие болды.

97 кг салмақта айқасқан Ка­мил Куруглиевке де алтын тұ­ғырға көтерілу оңайға соқ­па­ды. Бастапқы бәскелердің бар­лығында қарсыластарын сыпыра ұтқан отандасымыз финалда Парсы елінің пехлеваны Ша­риати Ниа Даниалмен әбден ті­ресті. Ұзақ уақыт бойы ирандық 3:1 есебімен алда келе жатты. Оң­тайлы сәтте өзінің оң жамбасына келетін әдісті сәтті орындаған Камил 6:3 есебімен таразы басын еңсеріп әкетті. Сонда да Шариати жеңістен күдерін үзбей, соңына дейін айқасты. Ақыры есеп теңесті – 6:6. Бәсеке дәл осылай аяқталды. Осы орайда, алған ұпайдың сапасы ескеріліп, жеңіс Куруглиевтің еншісіне жазылды.

Грек-рим күресі шеберлері арасынан Әлімхан Сыздықов ерледі. 130 кг салмақта күш сынас­қан қазақтың нар тұлғалы азаматы жарысты басынан аяғына дейін бір деммен өткізді. Бұрын оның жиі шаршап қалатынын байқайтын едік. Бұл жолы мүл­дем басқа Әлімханды көрдік. Ше­шуші тұста ирандық Мехди Калантариді 5:1 есебімен қапы қал­­дырған Бисолт Дециевтің шә­кірті әлем чемпионы атанды.

Сондай-ақ Айдос Сұлтанғали (60 кг, грек-рим күресі), Рүстем Мыр­зағалиев (86 кг, еркін күрес), Светлана Акинчева (50 кг, әйелдер күресі), Марина Седнева (55 кг, әйелдер күресі) қола медальды иеленді. Нәтижесінде, 76 ұпай жиған еліміздің құрамасы жалпы командалық есепте бесінші орынды иеленді. Алдымызда – Ресей (175 ұпай), Иран (161), Армения (157), Түркия (141).

Күрес федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасовтың айтуынша, бұған дейінгі әскери­лердің әлем чемпионатында жер­лестеріміз дәл мұндай зор та­бысқа қол жеткізген емес. Бәсі жо­ғары сайыста 3 алтын, 4 қола медаль иеленуіміз отандық балуан­дарымыздың дұрыс бағытта еке­нін аңғартады.