Есіңізде ме, ертегідегі Ер Төстіктің бала күнгі ерлігі құс аулаудан басталатыны? Құстың аты – тарғақ. Жақында ертегіні қайыра парақтап отырып, бұрын аңдамай аттап өткен құс жайына қайта үңілдім. Көбіміз мұны ертегіде ғана кездесетін мифтік құс деп ұғыппыз. Оның себебі – тарғақтардың көзден бұл-бұл ұшуы екен...
«Қазақстан құстары» атты далалық анықтамалық кітапта: «Тарғақ – Сһеttusia gregaria – Sociable Lapwing – Кречетка. Степная пигалица. Vanellus gregarius. Түршесі болмайды. Ұялайтын сирек жыл құсы. Дене ұзындығы 27-30 см, қанат құлашы 65-770 см, салмағы 170-270 г», деп жазылыпты.
Тарғақтардың дауысы «кре-кре, креч, кэрго» деп естіледі екен. Осыған қарап шетелдік орнитолог ғалымдар gregaria немесе кречетка деп атаған тәрізді. Тарғақ – орташа пішінді дала балшықшысы. Қазақстан мен Ресейдің эндемик құсы. Таралу аумағының негізгі бөлігі біздің елге тиесілі. Мәселен, Қамыс-Самар, Индер көліне, Ембідегі Темір өзенінің сағасына, Арал теңізінің солтүстік жағалауына, Атасу өзенінің жоғары ағысына дейін таралған. Олар өсімдігі аз сортаң жерлерде, құрғақ сазды жусанды далаларда, бетегелі, ақселеулі шөлдерде мекендейді екен.
СУРЕТТЕ: 2024 жылғы мамыр-шілде айларында бақылау жүргізілген аумақтың карта-схемасы (АСБК)
Елімізде биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (АСБК) құрылғаннан кейін, 2004 жылы «Тарғақ» ғылыми-зерттеу және қорғау жобасы аясында тарғақтарды зерттеу қолға алыныпты. Қазір бұл құсты жан-жақты, тыңғылықты зерттеп жүрген бірден-бір ғалым-маман – Руслан Оразалиев.
«Тарғақ – қызғыш құстың бір туысы. Күзде жылы жаққа (Таяу Шығыс жаққа – Б.Қ.) ұшып кетеді де, наурызда оралады. Ұясын жерге, шұңқырға салады. Сәуірде жұмыртқалайды. Төрт шұбар жұмыртқаны аталығы мен аналығы кезектесіп басып, үш аптадан кейін балапан шығарады. Олар бір айдан кейін ұясын тастап кете береді. Балапандары ересектері сияқты жәндіктермен, шегіртке, қоңыз тәрізді ауыл шаруашылығы зиянкестерімен қоректенеді», дейді орнитолог.
Маманның айтуынша, бұдан 20-30 жыл бұрын оны кездестіру қалыпты жағдай болса, қазір қатары сиреген.
«2004 жылдан бастап бұл түр Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN Қызыл кітабы) қызыл тізіміне (CR) енгізілді. Бұл жойылу қаупі жоғары деген санат. Осыған орай біздің елде де Қызыл кітапқа енгізілді. 2002 жылы елімізде шамамен 520 жұп ұя салған, қазір жалпы саны 11 200 шамасында. Бірақ бұл нақты саны емес, әлі де зерттеу жүргізіп жатырмыз», дейді Р.Оразалиев.
Биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының мәліметінше, 2024 жылы 28 тамызда Өзбекстан елінен бірінші тарғақтар тобы (2 мыңға жуық) Талимаржан көліне келіп қоныпты. Талимаржан Өзбекстан мен Түрікменстан арасындағы трансшекаралық аумақ, онда жыл сайын мыңдаған тарғақ қоныс аудару жолында аялдайды екен. Кейінірек қыркүйек айының басында Талимаржанда тарғақ саны 6 мыңға жеткен.
«Өзге елдегі серіктестермен ақпарат алмасу – құстардың көшіп-қонуын бақылауға көмек. Сол себепті тарғақтарды жерсеріктік таңбалау жұмысы жалғасып жатыр. Осы жазда төрт тарғақ таңбаланды, біреуінен маусымдық қозғалыс туралы мәлімет 2022 жылдан бері түсіп тұрады. Тарғаққа таратқыш (салмағы 6 грамм) тағылғаннан кейін, құсты жай ұшырып жібереді де, құрылғы құстың анық орнын хабарлап тұрады», дейді АСБК мамандары.
Соңғы бір-екі айда жазда құрылғы орнатылып, таңбаланған аналық құсты бақылауда екен. Ол ұя басып, үш балапанынан аяққа тұрғызған. Сөйтіп, 11 қыркүйек күні кешке оңтүстікке қарай бет алыпты. Қазір бұл құс Оңтүстік Қазақстандағы Шардара суқоймасының жағалауында (Түркістан облысы) жүр.
Биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының «Тарғақ» ғылыми-зерттеу және қорғау жобасына аясында қауымдастық мамандары биыл да Ақмола, Қарағанды өңіріндегі тарғақтардың ұясына бақылау жүргізіпті.
«Бәрі көктемгі апатты су тасқынынан басталып, температураның ауытқуы, жауын-шашынның мол түсуімен жалғасты. Мұндай құбылыстар жерде ұялайтын құстардың маусымдық қоныс аударуына ғана емес, жақсы ұя салуына да әсер етеді. Біз тарғақ, басқа да дала құстарының (шалғын қарақасы, үлкен шалшықшы, аққанат бозторғай, дала құладыны, саз жапалағы) ұя салатын жұп санының айтарлықтай азайғанын байқадық. Бұл жолы тарғақтың он ұясын бақылау бұйырды, алты ұядан балапандар түлеп ұшты, нөсерлі жауыннан үшеуін су алды, біреуін жыртқыш бұзып кетті», дейді мамандар.
Биылғы орнитологиялық бақылаудың нәтижесіне сай маусым-шілде аралығында тарғақтардың ұялаған жеті негізгі жерлері анықталған. Ол – Ақтөбе облысында Ембі өзенінің сағасы (KZ010), Қостанай облысында Қойбағар-Түнтүгір көлдер жүйесі (KZ033), Аманқарағай орманы (KZ034), Тоунсор көлі (KZ037), Жарсор-Уркаш соры (KZ038), Науырзым қорығы (KZ040), Павлодар облысында Ертіс орманы (KZ105).
Сонымен қатар биыл 1-10 маусымы аралығында Ақтөбе облысы аумағы бақыланып, еш тарғақ кездеспеген, ал 30 мамыр мен 23 маусым аралығында Қостанай облысында жүргізілген бақылаудың қорытындысына сәйкес, небәрі 25 тарғақ кездесіпті. 25 маусым мен 7 шілде арасында Павлодар, Абай облыстарын бақылау барысында Павлодарда жалғыз тарғақ жолыққан. Ал Абай облысында мүлде кездеспеген.
Тарғақтардың жанашыры Руслан Оразалиевтің құстарды бақылау барысында түсірген фотосуреті мен қызығы көп екен. Әзірге қызық деген екі мысалмен қайырайын. Тарғақтардың өжеттігі сонша, өзінен жүз есе үлкен өгізді де қорқытып, ұясына жолатпағанын көріп таңғалғанын жасырмады Руслан. Сондай-ақ ми қайнаған аптап ыстықта балапандарына көлеңке жасап, күннен қорғайды екен.
Қорыта айтқанда, қазір көптеген жан-жануар халқымыздың ертегі, жыр, дастандарында ғана қалып барады. «Көзден кеткен соң көңілден кетедінің» кебін киіп отыр. Мысалы, біз айтып отырған ертегідегі тарғақ құсы елімізде бар екені, бірақ қатары сиреп бара жатқан құстардың бір түрі екені көбімізді толғандырмайды. Еліміздегі эндемиктердің қорғалуы да, насихатталуы да кемшін түсетіні қынжылтады.