Әдетте, «Айбергенов күнделігі», «Мақатаев күнделігі», Пушкин мен Толстой күнделігі дегенге құлағымыз үйренген. Ал «Кітапханашы күнделігі» дегенді кім естіпті? Басында тосырқай қабылдағанымызбен, уақыт өте жаңа кітапты оқып өзге кеңістікке ендік. Ендік те шығыстық иранбаққа кіргендей тосылып қалдық.
Мұхиттай түпсіз, үсті алуан ағыс та ағыспен нығыздалған, мәлім де беймәлім адам жанын неге ұқсатуға болады? Бәлкім жапан түздегі жарым түнде бетінде ай сәулесі дірілдеген жеті қат жер астындағы құдық суына ұқсатарсыз. Бәлкім, елсіздегі қос таудың ортасына біткен атаусыз көлге теңерміз? «Кітапханашы күнделігі» бір өзі бүкіл адам үшін арпалысқан жалғыздың жан еңбегіндей. Ежелгі грек философтары «Өзіңді таны» десе, Әл-Фараби «Тіршілік мәні – кемелдікке ұмтылу» деген түйін түйді. Біз әлеміне қаныққан кітапханашы үздіксіз мәңгілік канонды жүзеге асырады. Ол өзіндегі алып күшті қозғау арқылы тұтас қоғамға үн қатушы. «Тұманды теңіз өрінде жалтылдаған жалғыз жалау» күн сайын қайшылықтар шеңберіне еніп, талайғы кәрі дүниенің теңбіл-теңбіл сырларына сүңгиді.
«Кітапханашы күнделігі» кітабынан сіз әдеби, психологиялық һәм философиялық, өзіңізге қажетті барлық жанрды таба аласыз. Барлық жанрда ойланып, санадағы сұрақтардың шешіміне кезігесіз. «Адамгершіліктің шыңы – біреуде де мен сияқты жүрек, көңіл бар деп ойлау. Қазір адам баласының ойлап таппағаны жоқ. Дегенмен жер бетінде адам барда онымен жүретін мейірім, қамқорлық, жақсылық деген бірге жасау керек екенін ұғынуға тиіспіз. ...Жанталаспай өмір сүрмек керек. Жан тыныштығына жететін ештеңе жоқ». Жалпы бүгінгі қоғамның басты дерті – жан тыныштығының шайқалуы емес пе? Әлеуметтік желіге қарасаңыз күн сайын өзін дәлелдеуге тырысқан адамдар, күн сайын өзін дәлелдемесе дүние құдығына түсердей жан алысқан өнерпаздар. Апыр-ай, өнер бүгінмен емес, мәңгілікпен өлшенген емес пе? «Бүгіншілдік» барлық заман ойшылдары атынан сыналған, ақыл кеселіне шалдықтырар дерт екені түсінікті емес пе? Тіпті өзін дәріптеу, өзін мақтаған пікірге көп көзінше қуаныш білдіру, өзін мақтаған жазбаны алақайлап басқалармен бөлісу қалыпты әрекетке айналуы – қоғамдық дерт екені даусыз. Кітапханашы байлаусыз кеткен дертті тап басып, кітаптың әр тұсында «жан тыныштығы» атты жаңа тұжырымдамасын ұсынады. «Уақытылы, жанталаспай, баланс ұстап өмір сүру қағидаларын игермей, өмірдің мәнін де түсіне алмаймыз». «Адамның санасы өскен сайын біреуге ұнауға тырыспайды, айналасының оған қол шапалақтауын қажетсінбейді. Өзіңе ұнау – адамзатқа, жерге, планетаға шын ниетіңмен, саналы түрде қызмет ету. Өзіңе ұнау – арыңа ұнау». Осы бір жазбадан кітапханашыны өз мамандығының шыңына жетелеген ізгілікке ғашықтық, мамандығына деген биік махаббат, абзал сенім, кітап пен оқырманға болған ілтипат екенін бағамдайсыз. Бағамдайсыз да, осынау ұлы мақсат жолындағы жан иесіне рухани жақындай түсесіз. Жақын болған сайын сіз де жан тыныштығына қауыша бастайсыз.
Әлқисса, «Бал мен бала» әңгімесі еске түседі. Бірде Шығыс ғұламасы Әбу Ханифаға әкесі баласын әкеліп, бал жеуін қойдыруды өтінеді. Ғұлама қырық күннен соң келуін сұрайды. Қырық күннен кейін ғұлама балаға «Бал жеме» дейді. Бала сол сәттен бастап бал жеуді доғарады. Осы оқиғадан соң ұстаздан «неге екі ауыз сөзге бола баланы қырық күн күттірдіңіз?» деп сұрайды. Ғұлама «Сіздер балаңызды алып келгендеріңізде, мен бал жейтін едім. Егер жасаған нәрсемді жасама деп кеңес еткенімде, кеңесім нәтижесіз қалар еді» деп жауап береді. Бұл ғибратты оқиғадан түсінгеніміздей, кез келген мамандық иесі өзінде барды талап еткенде ғана қарқынды жұмыс іске аспақ. «Кітапханашы күнделігінде» байқаған кітапханашы ізденісі күн сайынғы толассыз еңбек, жан әлеміндегі ашылулар мен ілгері аққан толқындар, мылтықсыз күреске толы. Екі жылға жуық уақытты ғана қамтыған күнделіктен кітапханашы оқыған жетпіске жуық автордың есімі айтылып, сол кітаптардан қорытқан, ізденіс шиырынан түзілген ой-толғамдар орамы баян етіледі. Демек, өзі ізденімпаз кітапханашы ғана өзгеге кітап оқыта алады, жүрегінің тереңінен шыққан сөзі арқылы оқырманды парасат есігіне магниттей тарта біледі. Оған біз сөз етіп отырған тұлға ғұмыры бірден-бір дәлел.
Кітапханашы өзі күнделігінде келтіргендей «елеусіз ұлы бола біледі», «жарқырай көріну» үшін «асыра сілтеуге ұрынбайды». Бар нәрсе өзі-ақ көрінеді. Біз осынау кітапханашы әлемін аштық та, ондағы тыныштық пен махаббатқа куә болдық. Адамдық үшін алып арпалысқа түскен, кітапханашы деген асқар мамандықтың туын көтерген, таразысы мен қазысы өз бойына орныққан шын тұлғаға кезіктік. Бір кітапханашының жан дүниесі арқылы барлық кітапханашыға көңіл тереземіз ашылды. Егер біз сезінген ғажайып күйді жан ұшыңызбен түсінгіңіз келсе, сіз де осы бір сиқырлы кітап қақпасын ашыңыз, қадірлі оқырман!