• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 08:37

Өнер қайраткерін ардақтасақ

12 рет
көрсетілді

Қазақ хандығының қазығы қағылып, туы көтерілген киелі Шу өңірі – әлімсақтан сөз зергері Бөлтірік шешен, Сауытбек, Қуандық, қыл қобызды Бармақ, Жақсыбай, Қылышбай, Жидебай, т.б. ақындарымыздың кіндік қаны тамған отаны.

Әрине, Шу өңірінің өнегелі өнері жөнінде сөз қозғалса, ең алдымен, Сауытбек ақын ойға оралады. Екінші дүниежүзілік соғыстың ызғарлы күндері – 1942 жылы ақпанның 13 жұл­дызында осы қасиетті мекенде дүниеге келіп, әкеден ерте айырылып жетімдіктің ащы дәмін татқанына қарамастан өнерге жас­тайынан қа­нат қаққан Аяз Бетбаевты Сауытбектің ізбаса­ры десек, ешкім дау тудыра қоймас. Кешегі кеңестік кезеңде ұлттық өнердің ұлы тұлға­ларын насихаттай алмай жатқанымызда, Аяз ақын Сауытбек шығармаларын орындау ар­қылы махаббаттың жаршысындай «Ақ­бөпе» әнін асқақтай әуелетті. Жастайынан Жамбыл, Кенен, Жидебай ақындардың әнде­рін ұнатқандықтан, Аякең жалықпай жаттап өскен. Ау­лы­на арнайы ат басын бұра келген Ке­некеңнің алдынан кетпей, таң атқанша оның өлең­дерін тың­дайтынын айтатын. Сондықтан бү­кіл республика жұртшылығы көлемінде ата­лып өтілген Кенен Әзірбаевтың 90 жылдық тойында:

«Жамбыл мен Сарыбастан алған бата,

Ассалаумағалайкүм Кенен ата!

Арыны басылмаған албырт едім,

Сөзімде кешіріңіз болса қата.

Мен едім Бетбайұлы Аяз атым,

Өлеңге жастайымнан болдым жақын.

Шамамның келгенінше жеткізейін,

Жүректің сізге деген махаббатын.

Үстінде тойыңыздың кезім келді,

Қасиетті алдыңыздан бата алатын»,

деп төгілте-термелетіп жыр арна­ғаны дүйім жұртқа белгілі. Осы тойда Кенен атамыз жыр дүлдүлі атана бастаған Аяз ұлына ақ батасын береді. 70-жылдардан бері қаймықпай, жүрексінбей жастарымызды ұлтжанды, иман­дылық бағытпен рухани жаңару жолына түсуге үндеген «Аруақты бабаларды ардақтаған жыр» толғауы елдің есінде шығар.

Киелі Шу өңірінде атағы жер жарған бабаларымыздың  бірқатарымен  үзең­гілес болған Жақсыбай Жантөбетов секілді ақын өмір сүрген. Аяз Жақсыбай атасын жас кезінде көрген екен. Бірде ол кісі Аязға былай деп бата беріпті:  

«Әнің мәнді екен,

Сөзің дәмді екен.

Сәлем берсең, бағың жансын.

Өнерің жалындасын.

Өнердің жолы қиын жол:

Кейде қабынарсың,

Бірақ талмай ізденсең,

Халқыңа таныларсың,

Әумин!» – деген атамыздың ақ батасы шығар, Аякең өнер жолында жалықпай-талмай талай асуларды бағындырып, хал­қын­ жауһар жырларымен сусын­дата білді. Аяз Бетбаевтың орын­дауын­дағы он ғасырдан астам бұрын өмір сүрген Шығыстың жеті жұл­дызының бірі Омар Һаям­ның рубайлары және «Жас туралы», «Қадірлейік достарды», т.б. жыр-термелерімен қатар «Ақ қайың», «Сағыныш», «Махаббат жұлдызы», «Жұлынған гүл», т.б. лири­калық әндері Әулиеата аспаны мен Шу өңірінен тыс­қары жерлерде де әуелете шырқалып келе­ді. Мәскеудегі  «Мұрагер» қазақ мәдени ұйы­мының президенті Жә­ні­бек Елікбаевтай дарқан аза­маттың демеушілігімен жарық көр­­ген «Жетісу әуендері» ән-күй жи­нағы Ресей, Қытай,  Моңғолия­дағы қандастарымызға кеңі­нен та­ралды. А.Бетбаев Мәскеуде өткен ІІ Дү­ниежүзілік халық шығармашылығы фес­ти­валі­нің лау­реты атанды. Соны­мен­ бір­ге Ая­кең Төле би, Абай, Бауыр­­жан­дай дана да батыр ба­бала­рымыздың рухтарына ба­ғыш­тал­ған­ өнер кеште­ріне қатысты. Хал­­қымыздың қаһарман ұлына айналған Қай­рат Рысқұлбековтің аруағына бағыш­тап қайырымдылық кон­цертін ұйым­дастырып, одан түскен қар­жыға Мойынқұм ауданының Бірлік ­аулын­­дағы жас боздақ ескерткішінің ай­нала­сын жөн­дет­тірді. Ал 1996  жылы 13 нау­рызда Қайраттың 30  жас­қа толу құрметіне Алматыдағы Сәу­лет-құрылыс академиясына сүйік­­ті шәкірті Ба­зарбай Асқар­тегі­мен ар­найы барып, жастарға тәлім-тәрбиелік маңызы зор кеш берді.

«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деп ата­ла­ры­мыз бекер айтпаған, оның ұзақ жыл­ғы шәкірті Базар­бай Мамытұлынан бас­қа да Әзім­бек (марқұм) Жанқұлиев, Алтын­күл Қа­сымбекова, Бейбіт Шоша­баев, Мұ­ха­­­­метжан Таза­беков, Мейрамбек Бес­­баев, Ер­тай Тазабеков сынды өнер май­­тал­­­­­ман­дарының Аякеңді ұстаз тұт­қаны бел­гілі.

Алаш жұртына танымал ақын, жыршы-тер­меші Аяз Бетбаев 1970 жылдан бастап  табан аудармастан аудан­дық Мәдениет үйінде 40 жылға жуық автоклуб меңгерушісі қызметін атқа­рып, шалғайдағы малшылардың риза­шылығына бөленіп отырды. Шу ауданының құрметті азаматы Аяз Беке­тай­ұлының өнер саласындағы ұзақ жылғы еңбегі бағаланып,  «Құрмет» орде­німен марапатталып, «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағын иеленді. 2018 жыл­дың 8 сәуірінде халықтың Аязы атанған ағамыз 76 жастан асқан шағында ауыр науқастан мәң­гілік мекеніне аттанып, Тараздағы киелі Тек­­тұрмаста жамбасы жерге тиді. Есімін ел жадында қалдыру үшін, әсіресе жас­тарымызды тәлім-тәрбиеге, өнерге бау­­лу мақ­сатында Төле би ауылы орта­лығындағы Мәде­ниет үйіне Аяз Бетбаев­тың есімі берілсе дейміз.­ Біздің бұл ұсы­ны­сымызды төлебиліктер ғана емес, исі қазақ жұрты қолдайды деген сенімдеміз.

 

Мәкен ЖҰМАДІЛҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі