• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Саясат 27 Қараша, 2024

Жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

24 рет
көрсетілді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бір топ депутатпен бірге жұмыс сапарымен Португалия Респуб­ликасына келді. Сапар аясында палата спикері Португалия Ассамб­леясының төрағасы Жозе Педро Агиар-Бранкумен кездесті. Онда тараптар парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылап, алдағы бірлескен жұмыстың маңызды міндеттерін белгіледі.

Португалия Парламенті төрағасымен кездесті

М.Әшімбаев Ассамблея төрағасы­мен кездесуде екі елдің көпжос­пар­лы ынтымақтастығының мәніне назар аударды. Сондай-ақ ол парламентара­лық байланыс екіжақты өзара іс-қимыл­ды одан әрі нығайтудың маңызды тетігі екенін айтты. Бүгінде бұл бағыттағы қарым-қатынасты арттыруға ең жоғары деңгейде ерекше көңіл бөлініп отыр.

Сенат спикері былтыр БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Португалия Президенті Марсело Ребело де Соузаның кездескенін тілге тиек етті. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, бұл кездесу екі елдің де саяси және эконо­ми­ка­лық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдіреді. Сонымен қатар ол Парламентаралық Одақ және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы сияқты халықаралық парламенттік ұйымдар аясында да жүйелі жұмыс жүргізуге дайын екенін жеткізді.

«Парламентаралық ынтымақтастық – Қазақстан мен Португалия арасындағы екіжақты қарым-қатынастың ажырамас бір бөлшегі. Сондықтан достық топтарына мүше депутаттардың өзара сапарларын ұйымдастыру және Сенат пен Ассамблеяның салалық комитеттері арасында байланыс орнату айрықша мәнге ие. Мұндай қадам парламентаралық ынтымақтастықтың дамуына айтарлықтай үлес қосады. Осы орайда біз Португалияның заң шы­ға­ру қызметіндегі әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуды құқықтық тұрғыдан қол­дау және парламенттік бақылауды қамта­масыз ету бағыттарындағы тәжі­ри­­бе­сіне қызығушылық танытамыз. Сон­дай-ақ португалиялық әріптес­тері­міз­бен Парламентаралық Одақ және ЕҚЫҰ Пар­ламенттік Ассамблеясы сияқты халық­аралық парламенттік ұйымдар аясында ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз. Бүгінгі кездесу Қазақстан Парламенті мен Португалия Ассамблеясы арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төрағасы Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен елімізде саяси және әлеу­мет­тік-экономикалық салаларда жүр­гізі­ліп жатқан кешенді өзгерістерге тоқталды. Нақты айтқанда, ел Конституциясына түзетулер енгізу жөніндегі референдум­ның қорытындылары, Парламент және мәслихаттар сайлауының нәтижелері туралы сөз болды.

«Былтыр Парламент және Қазақ­станның жергілікті өкілді орган­дарының сайлауы өтті. Нәтижесінде, негізгі мемлекеттік институттар, оның ішінде республикалық деңгейде өңірлердің мүдделерін қорғай­тын Парламент Сенаты кешенді түрде жаңғырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында жаңа экономикалық үлгінің негізгі қағидаттарын белгілеп берді. Сол арқылы өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, мұнай химиясы, көлік және логистика, туризм, ауыл шаруашылығы сияқты секторлар­ға басымдық бере отырып, ұлттық экономиканы одан әрі әртараптандыру­ға арналған нақты міндеттер жүктеді. Осы­ған байланысты алдағы уақытта аталған салаларға шетелдік инвестиция тартуға мүдделіміз. Сондықтан біз инвесторлардың жұмысы үшін тиісті заңнамалық ахуал қалыптастыруды көздеп отырмыз», деді М.Әшімбаев.

Сұхбат кезінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс­ты кеңейту мәселелері де талқыланды. Бұл ретте «жасыл» экономика, инфра­құрылым, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, ғылыми-технологиялық қызмет сияқты салаларда бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ тараптар білім беру, туризм және цифрландыру бағыт­тарындағы серіктестікті одан әрі кеңейтуге қатысты пікір алмасты.

«Португалия «жасыл» энергетика бойынша Еуропа елдері арасында көшбасшы екені белгілі. Біз сіздердің жаңартылатын энергия көздеріне қатысты тәжірибелеріңізге ерекше қызығушылық танытып отырмыз. Қазақстан Метан жөніндегі жаһандық келісімге қосылды. Сондай-ақ 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздеп отыр. Португалия бұл межеге 2045 жылға қарай жетуді мақсат тұтып отырғанын білеміз. Біз үшін осы саладағы заңнамалық тәжірибелеріңіз­дің маңызы зор. Алдағы уақытта екі ел де басымдық беріп отырған аталған бағытта нәтижелі ынтымақтастық орнатамыз деп үміттенеміз», деді Сенат төрағасы.

Өз кезегінде Жозе Педро Агиар-Бранку Португалия Парламенті көпжақты қатынастарды дамытуға мүдделі екенін айтты және Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси өзгерістердің тиімділігіне назар аударды.

 

БҰҰ Өркениеттер альянсының Жаһандық форумы

Парламент Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерл­ері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Португалия Республика­сына сапары аясында БҰҰ Өркениеттер альянсының Х Жаһандық форумы­на қатысты. Іс-шара барысында адамзат­ты алаңдатқан өзекті проблемалар және оларды еңсеру жолдарын жетіл­діру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ палата спикері форум алаңында БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришпен және БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен екіжақты кездесулер өткізді.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Жаһандық форумға қатысушыларға ілтипат білдіріп, бүкіл адамзаттың игілігі үшін халықтар, мәдениеттер және діндер арасындағы диалогті ілгерілету жолында Альянстың миссиясы айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лері Съезі Хатшылығының басшысы Қазақстан мен БҰҰ Өркениеттер альян­сының көпжылдық серіктестігін де жоғары бағалады. Сондай-ақ ол ұйымның білім беру, жастарды дамыту, көші-қон, әйелдердің рөлі және БАҚ мәселелеріне қатысты халықаралық түйткілдерді шешуге арналған игілікті істеріне назар аударды. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті арттыру үшін халықтарды ортақ мақсатқа жұмылдыру жолындағы жетістіктер де сөз болды.

«Біріккен Ұлттар Ұйымының Өрке­ниет­тер альянсы елдер мен халықтар арасын­дағы өзара түсіністікті нығайтуға, сондай-ақ жауласуды, алалауды және ксенофобия­ны еңсеруге ықпал етеді. Біз альянспен ара­дағы көпжылдық серіктестігімізді жоға­ры бағалаймыз. Қазақстан альянстың Достар тобының мүшесі ретінде оның іс-шараларына белсенді қатысады және осы ұйымның бастамаларын әзірлеп, іске асыруға өз үлесін қосады. Біз алдағы уақыта да БҰҰ-ның өркениетаралық диалогті көз­дей­тін мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға үлес қосуға дайынбыз. Альянс­тың мәдениеттерді жақындастыру, экстремизм мен терроризмге қарсы тұру, діни, нәсілдік және этникалық қақтығыстардың алдын алу бағытындағы ұстанымын қолдаймыз. Батыс пен Шығыстың тоғысқан жерінде орналас­қан Қазақстан ежелден халықтарды, мәдениеттер мен діндерді байланыстыратын географиялық және өркениеттер көпірі рөлін атқарып келеді», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат спикері адам­заттың дамуы жолында бейбітшілік пен толеранттылық идеяларын ілгерілету үшін Қазақстанның халықаралық аренада белсенді қолданып келе жатқан тәсілдеріне тоқталды. Сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі мәдениетаралық және дінаралық диалог пен ынтымақтастықты дамытуға арналған жаһандық іске еліміздің қосқан үлесі екені айтылды. Бұл бастама БҰҰ Өркениеттер альянсының мақсаттарымен үндес және олардың миссиясы мен басымдықтары да ортақ екенін атап өткен жөн.

«Астанада өткен Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшылары­ның VII съезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемге бей­біт­ші­лік жолын­дағы жаңа жаһандық қоз­ғалыс қажет екенін айтты. Шын мәнін­де, халықаралық қауіпсіздіктің қазіргі жүйесі бүгінгі қалыптасқан ахуалға жеткі­лікті деңгейде сай келмейді. Мұн­дай жағдайда бейбітшілікті, келісім мен өзара сенімді нығайтуға арналған діни, саяси және қоғамдық көшбасшылар­дың бірлескен күш-жігері ерекше өзек­ті екені анық. Осы орайда Өркениет­тер альянсының Жаһандық форумы атал­ған бағытты тағы бір пысықтап, идеялар алмасуға, бейбітшілік, диалог және келісімді ілгерілету тәсілдерін талқылауға мүмкіндік береді. Бұл форум қазіргі таңда халықаралық қоғамдастықтың алдында тұрған іргелі проблемаларды шешу жолында да күш біріктіруге оң септігін тигізеді деп сенемін», деді М.Әшімбаев.

Форум барысында қатысушылар діннің әлемдегі сындарлы және маңызды рөлін ескере отырып, дін көшбасшы­лары жаһандық сын-қатерлерді талқылауға белсенді жұмылдырылуы керектігін айтты. Бұл ретте геосаяси шиеленістер, қарулы қақтығыстар, сауда соғыс­тары, климаттық проблемалардың ушы­ғуы, жалған ақпараттың кең таралуы және дәстүрлі адами құндылықтардың құнсыздануы сияқты сын-қатерлер сөз болды.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришпен екі­­жақ­ты кездесу өткізді. Онда тараптар Қазақстанның БҰҰ-мен жан-жақты ынты­мақ­­тастығының басым бағыт­тары­на назар аударды және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы проблемалар мен қазіргі таңдағы өзекті сын-қатерлерді талқылады.

«Қазақстан БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуде әлемдік қоғамдастықтың қалып келе жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу – біздің ұлттық басымдығымыз. Кейінгі онжылдықтағы айтарлықтай жетістіктерге қарамас­тан, жаһандық сын-қатерлер даму қарқынының баяулауына әкеліп соқты. Сондықтан алдағы онжылдықта маңыз­ды нәтижелерге қол жеткізу үшін бірле­сіп, шешуші қадам жасаудың мәні зор. Бүгінде Қазақстанда даму мақсаттары­на сай бастамалар белсенді түрде іске асырылып келеді. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау және экологиялық тұрақтылық салаларындағы игі істерді айрықша атап өткен жөн. Осы бағытта тәжірибе, білім және ресурстар алмасу арқылы біз барынша әділетті әрі дамыған әлем қалыптастыру жолында бірлесіп нәтижелі жұмыс істейміз деп сенеміз», деп Сенат төрағасы ОДМ-ның іске асырылуына мониторинг жүргізу және басқа да бағыттар бойынша Парламенттің қызметі жөнінде айтты.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев Антонио Гутерришке Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан 2025 жылғы 17-18 қыркүйек­те Астана­да өтетін «Діндер диа­логі: бола­шақ жолындағы синергия» атты Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің VIII съезіне шақыруды табыс етті.

Өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысы Мем­лекет басшысының орнықты даму бойын­ша жүргізіп келе жатқан саясатын жоғары бағалап, Қазақстанның жаһандық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуді көз­дейтін бастамаларын одан әрі қолдауға дайын екенін білдірді.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев БҰҰ Өрке­ниеттер альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен, Мұсыл­ман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мохаммед Абдельсаламмен және ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті. Онда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің күн тәртібі және өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.