Өңірде қант қызылшасы көп, ал оны қабылдайтын зауыттың мүмкіндігі төмен. Бұл жайт Жетісуға тағы бір қант өңдейтін өндіріс орны керек екенін айқындап тұр. Күздің басынан басталған күйбең тіршілік әлі жалғасып жатыр. Жол бойында кезегін күткен қызылша тиеген жүк көлігінің жүргізушілері күздің қара суығында берекесі кеткенін айтып отыр. Қант кәсіпорындарының бір ашылып, бір жабылуы шаруалардың уайымын үдетіп барады.
Жетісу өңірінде себілген 13,7 мың гектар қант қызылшасының бүгінде 11,5 мың гектары, немесе 83,7% қазылып, 545 мың тонна өнім алынған. Қалған 2,2 мың га алқаптарда жиын-терін жұмыстары жалғасады. Қызылшаны қазуға 80 комбайн жұмылдырылған. Ақсу және Көксу қант зауыттары күн сайын орта есеппен 250 автокөлікті қабылдап жатыр.
«Бір жарым айдан бері зауыт есігін күзетіп отырмыз. Күздің қара суығы қарып барады. Бұрынғыдай емес жылдам қабылдайды дегеннің өзінде, біз тәуліктеп тұрамыз. Жылыну үшін көлік оталып тұруы керек. Қазір дизель отыны өте қымбат. Зауыт алдында оны оталдырып қоя алмаймыз. Берілген жанармайды үнемдеп жеткізу қажет. Одан кейін күніне жүздеген көлікті қабылдайды дегені жалған ақпарат. Ондай жүк көлігін қабылдап жатқан жоқ. Қайта-қайта кагат алаңы толып қалды деп айтады. Оның бәрін неге есептемейді? Бұлар қантты өңдеп алайық дегеннің өзінде, қанша уақыт күтеміз. Ертең қар түссе, тіпті қатынау қиын болады. Алқап басы қазірдің өзінде лайланып жатыр. Жүк көлігі кірсе шыға алмайды», дейді тасымалдаушы Жанатбек Еркінбеков.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 18 қарашадағы мәліметіне қарағанда, қант зауыттарына 445 мың тонна өнім өткізілген. Соның 212 мың тоннасы Көксу қант зауытына, 233 мың тоннасы Ақсу зауытына, оның сыртында Ақсу қант зауытына 29 мың тонна Жамбыл облысынан жеткізілген. Қазылған қант қызылшаның 100 мың тоннасы шаруашылықтардың егістік алқаптарында буртта жинақталған, қазылатын 2,2 мың гектардан 95 мың тонна қызылша жиналады. Жалпы, облыста жиналатын қызылшаның көлемі 640 мың тоннаға жеткізіледі деп күтіліп отыр.
«Қант қызылшасына берілетін субсидия көлемі ұлғайтылған соң бұл дақылды өсірудің табыстылығы да өсіп, шаруалардың қызығушылығы артты. Осылайша, биылға жоспарланған 10,7 мың гектардың орнына 13,7 мың гектарға, яғни 3,0 мың гектарға артық себілді. Шаруалардың өсірген өнімін дер кезінде қазып алып, зауыттарға өткізуі аса маңызды. Сондықтан өнімді жинау мен қабылдау 15 қыркүйектен басталды. Қазір екі зауыт бекітілген кестеге сәйкес күнделікті жалпы 5 мың тонна қант қызылшасын қабылдап отыр», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Қызылша өткізуге кезекте тұрған көлік жүргізушілеріне қолайлы жағдай жасау үшін оларға ыстық тамақ ұйымдастырылып жатыр. Бұл іске зауыттар орналасқан Көксу, Ақсу аудандарымен қатар қызылша өсіруші барлық аудан-қаланың жергілікті атқарушы органы да атсалысады. Егін шаруашылығына, оның ішінде қант қызылшасының өндірісіне мемлекет тарапынан жан жақты қолдау көрсетіледі. Атап айтсақ, биыл облыста егін шаруашылығы бағытына жалпы 14 млрд теңге бөлінді. Соның 9,7 млрд теңгесі басым дақылдарды субсидиялауға, 2,6 млрд теңгесі минералды тыңайтқыштарды, 1,2 млрд теңгеге жуығы тұқымдарды, 483 млн теңгеге жуығы пестицидтерді субсидиялауға қарастырылды. Сол сияқты көктемгі дала және өнімді жинау жұмыстарына 11 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.
Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен қант қызылшасы бағытында 5 ауданда жаңа 8 сервистік-дайындау орталығын құруға 2,5 млрд теңге бөлініп, 62 бірлік себу мен өнімді жинау техникасы шаруашылықтарға лизингке берілді, соның 28-і сепкіш, 15-і – жапырақ жинағыш машина, 19-ы – комбайн.
«Қызылша егудің өз тауқыметі бар. Соған сай еңбек етсеңіз табысыңызда еселенеді. Әрине, қазір тамшылатып суару, жаңбырлатып сурау тәсілін алып келу маңызды. Сосын шетелдік технологияға сенім артқанда жөн. Тұқымның сапасына да мән беру керек. Мәселен, біз гектарынан 400-500 центнерден алып жүрсек, одан 3 есе көп өніп алуға болатынын дәлелдеген шаруалар да бар. Қазір егін егетін алқаптар көбейіп жатыр дегенімізбен, оған баратын су арнасы жоқ. Ол арнаны салу оңай шаруа емес. Біздің шаруалар сапалы тұқым мен су тапшылығын көріп отыр. Одан кейін уақытында қаржысы қалтасына түспейді. Үзіліп созылып түседі. Осы мәселе де қиын. Маусым кезінде жұмыс күшін сақтап қалуға қаржы керек. Олар айлап, апталап айлық күте алмайды. Меніңше, өңірге тағы бір зауыт қажет», дейді шаруа иесі Ақтай Ақымбеков.
Екі зауыттың алаңына қант қызылшасы толық сыймайды. Мәселе – осында. Сол себепті зауыт басшылары күн созып отыр. Яки алғашқы өнімдерді өңдеп, алаңды босатуды ойлайды. Ал оған шаруалар көне ме? Егінін қазып алған қызылшашылар шыр-пыр болады. Оның үстіне «Камаз»-ды жалдап жұмыс істетіп отырған шағын шаруалар бар. Оларға әр күні маңызды, қант қызылшасының салмағын жоғалтқан сайын түсер пайдасынан ұтыла береді. Әлі өнімін қазып алмаған шаруалар да бар. Осы күні қыс түспей қазылша алқабының қалған бөлігін жинау жұмыстары қауырт жүріп жатыр. Биыл жалпы бір гектардың өнімділігі 472 центнерді құрап отыр. Бұл – үздік көрсеткіштердің бірі.
Бүгінде қант зауыттары шаруашылықтарға қабылдаған қызылшаға 3,3 млрд теңге төледі. Оның ішінде Көксу қант зауыты – 1,4 млрд теңге, Ақсу қант зауыты – 1,9 млрд теңге. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан шаруашылықтардан түскен 160 өтінім бойынша 3,1 млрд теңге субсидия берілді. Зауыттардың шаруалармен есеп айырысуы мен өткізілген өнімді субсидиялау шаралары шаруашылықтардың өтінімдерінің түсуіне қарай жалғасады.
Зауыт алдымен жүк көлігімен бірге үстіндегі өнімді өлшеп алып, артынан жүк көлігін бөлек өлшеп, оны жалпы салмақтан кемітеді. Сонда өнімнің көрсеткіші шығады. Кейде арасында тас болады немесе тәтті түбірті тазарту жұмысы дұрыс жасалмағаны ескеріліп, салмағын кемітуге зауыт құқылы. Себебі арасында топырақ та болады. Кейбір шаруалар арнайы техниканың күшімен тиегендіктен астындағы топырағымен бірге көлікке салады. Оның бәрі зауыт алаңында қалады. Сондықтан зауыт иелері шаруаларға ескерту жасап, салмағын кемітеді.
Жетісу облысы