• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Білім 27 Қараша, 2024

Сабақ уақытын қысқарту керек пе?

81 рет
көрсетілді

Қыс мезгілінде күн ерте батады. Уақыт белдеуі өзгергендіктен, қазір тіпті сағат төрттің шамасында қас қараятын болған. Бұл, әсіресе мектеп оқушыларына қиындық тудырып отыр. «Баламыз тас қараңғыда үйге аман-есен жете ме» деп алаңдайтын ата-ана көп.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде уақыт белдеуінің өзгеруіне байланысты екінші ауысымдағы сабақтың ұзақтығы 40 минутқа қысқартылатыны жөнінде хабарлама тараған. Ата-аналардың көбі бұл шешімді құптаған. Алайда Астана қаласының Білім басқармасы ақ­паратты ресми түрде растамай, сабақ ұзақтығын қысқарту мәселесінің күн тәртібінде тұрмағанын мәлімдеді. «Ас­тана қаласының білім басқармасы қысқы уақытта сабақ ұзақтығын қысқарту туралы бұйрық шығармады. Сол себепті сабақ уақытын қысқарту мәселесі қарас­тырылып жатқан жоқ», деп жазылған ресми жауапта.

Айта кетейік, биыл 1 наурызда елімізде уақыт белдеуі өзгертіліп, ел аумағында бір ғана уақыт белдеуі енгізілді. Бұрынғы екі уақыт белдеуін жою туралы шешім қабылданғаннан кейін, көптеген тұрғын жаңа уақыт тәртібіне үйрену қиын екенін айтып шағымданып жатыр. Ата-аналар бұл өзгерістің күн тәртібіне әсер етіп жатқанын атап өтті.

Мәлімдемеден кейін сабақты 40 ми­нуттан оқытуға ниетті мектептер ше­шімдерін өзгертіп, 45 минут күйінде қалдырған. Бірақ ата-аналар екінші ауы­сымда оқитын оқушылардың сабақ уақытын қысқартуды немесе сабақ басталатын уақытты өзгертуді талап етіп отыр.

Әлия Оразымбетова есімді ата-ана бұл шешімге көңілі толмайтынын жеткізді. «Балалар жарты сағатқа болсын ерте келеді деп қуанғанымыз сол еді, ендігі бұл шешімді жоққа шығарып үлгеріпті. Сабақ 40 минуттан болғанын қалаймыз. 5 минутта тұрған ештеңе жоқ», деп пікір білдірді. Ал Арай Ергешова есімді ата-ана сабақ уақытын қысқарту мүмкін болмаса, екінші ауысымдағы сабақты ертерек бастауды ұсынып отыр. «Егер екінші ауысымдағы сабақтарды сағат 13:00-ге ауыстырса, балалар тым кешке қалмай, үйге ертерек келер еді. Күнде 5-6, кейде тіпті, 7 сабақ болады. 14:00-де басталған сабақ кешкі 19:00-20:00-де бір-ақ аяқталады. Мектептен үйге келгенше кешкі 21:00 болады. Жұмыста болғандықтан алып кете алмаймыз. Ал олар өздері үйге жеткенше уайымдаймыз. Шаршап келгендіктен үй тапсырмасын орындап үлгермейді. Мұндай күн тәртібі балаға кері әсерін тигізеді», дейді ол.

Алайда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев екі ауысымды мектептер сабақ уақытын қысқарта алмайды деп мәлімдеген.

«Екі ауысымда оқитын мектептерде сабақ уақытын қысқартуға болмайды. Қатты қажеттілік болса ғана сабақты қысқартуға болады. Бірақ қысқартылған сабақтың 5 минуты каникулда немесе жазғы уақытта өтелуі керек. Себебі қауіпсіздікпен қатар, білім сапасы да сақталуы шарт», дейді Ғ.Бейсембаев.

Ресми мәлімдемеге қарамастан елордадағы кейбір мектептерде сабақ 40 минуттан болып жатқан көрінеді. Бұған қатысты мектеп әкімшілігі нақты жауап бермеді. Алайда мұғалімдердің айтуын­ша, бұл ата-аналардың шағымынан кейін қабылданған шешім. Алматы қаласындағы №101 мектеп оқушысының анасы Виктория Пируатинскаяның айтуынша, мектепте екінші тоқсаннан бас­тап сабақ 40 минуттан өтіп жүр екен. Ал Астана қаласындағы №18 мектеп пен №87 мектеп оқу жылының басынан бері осы жүйеде. «Бізде сабақ уақытын екінші тоқсаннан бастап қысқартқан. Барлық қоңырау 5 минуттан. Тек бір қоңырау 10 минут. Бұл уақыттың ішінде балалар тамақтанып та үлгермейді. Өте ыңғайсыз. Менің ойымша сабақ уақытын қысқартуға болмайды. Одан да уақытқа қатысты мәселені пысықтаған жөн» дейді ол.

Үш ауысымды мектептерде жағдай тіпті қиын. Үшінші ауысым сағат 15:00 де басталып, әбден кеш аяқталады. Әрі екінші, үшінші ауысымда оқитын оқушылар төменгі сыныптар. Алайда Ғани Бейсембаев бұндай мектептерге сабақ уақытын қысқартуға рұқсат берілетінін атап өтті.

«Үш ауысымдық мектепте сабақ уақы­тын қысқартуға рұқсат. Мәсе­лен, Павлодардағы 7 мектепте 40 ми­нут­тық сабақ өткізуге рұқсат беріледі. Бірақ артынан қысқартылған уақыттың өтелуі шарт. Естеріңізде болса, пандемия кезінде солай істедік. Бір жыл 40 минуттан оқыдық. Сол кезде 5 минут «ұрланды». 5 минутта берілетін білім қайда кетті, оның бәрін қайтадан қалпына келтіру керек дегеннен кейін жаздық мектептерді ұйымдастырдық», дейді министр.

Дегенмен уақытты қысқартқанның өзінде мектептегі орын жетіспеушілігі мәселесі кесе көлденең шығады. Астана қаласындағы №72 мектеп оқушысының анасы Бексұлу Ералиеваның айтуынша, үш ауысымда оқу өте қиын. «Әр сыныпта 44 баладан отыр. Қоңырау уақытын­да балалардың тамақ ішу түгілі, мектеп ішінде жүруі өте қиын. Ал сабақты қысқартатын болса, толып отырған балаға уақыт қайдан жетеді», дейді ол. Елордадағы №71 мек­тепте де жағдай дәл осындай. Бала саны өте көп. «Сыныпта 35-40 баладан отыр. Оқушылар кітап, дәптерін ашып болғанша, қоңырау соғады. Мұндайда білім сапасы туралы айту да артық», дейді №71 мектеп оқушысының әкесі Мақсат Сейіт.

Елімізде қазіргі таңда 140-тан астам үш ауысымды мектеп бар. Ал Астананың өзінде осындай 8 мектеп жұмыс істейді. Оқушылар саны жыл сайын артып жатқандықтан, бұл мәселе өзекті күйінде қалып отыр. Бұл, әрине, бөлек әңгіме.

Қыс мезгілінде балалардың оқу уақыты мен күн тәртібі туралы мәселе ата-аналардың басты уайымына айналды. Сондықтан олар сабақ уақытын қысқарту немесе ауысым уақытын өзгерту туралы шешімді қабылдау да білім саласындағы жауапты органдар ата-аналардың пікі­рін ескеруі қажет. Сонымен қатар уақыт белдеуіне қатысты халықтың наразылығы мен ұсыныстары да тиісті деңгейде қарастырылуы керек деп отыр.